Журналистика саласында білім беруді бірлесіп шешуге арналған кездесуді БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі, БҰҰ Қазақстандағы Ақпарат бюросының басшысы Властимил Самек ашып, заманауи журналистиканың қай бағытта дамитыны өте маңызды мәселе екенін айтты.
– Бүгінде сапалы білім беру, тұрақты даму үшін журналистік білім беру жөніндегі жаһандық бастамаларды қолдай отырып, журналистика пәні оқытылатын барлық университеттің бұрмаланған ақпаратқа жол бермеуі, жауапкершілігін арттыру, ақпаратты жылдам әрі шынайы жеткізу цифрлы ғасырдағы маңызды мәселенің бірі. Осы орайда Қазақстанда да журналистика мамандығы бойынша өзара бірлесе отырып, білім беруді жетілдіру үшін кәсіби әріптестік байланыс орнату маңызды, – деді В.Самек.
Жоғары білім беруді бұқараландыру және журналистика мамандығы бойынша білім беру, дүние жүзі халықтары арасындағы байланыс пен мәдениетаралық құндылықтар жайындағы зерттеулер мен ұсыныс-пікірлерді ортаға салған сарапшылар Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан Орталық Азия университеттері аясында құрылған журналистика қауымдастығы, Еуропа, Таяу Шығыс және Орталық Азия ғалымдарының арасындағы ықпалдастықтың маңызды екенін тілге тиек етті. Цифрлы кеңістікте ғылым мен инновацияның дамуы, ақпараттың дәлдігіне көз жеткізу, журналистика ғылымын дамыту, қашықтан ақпарат алудың техникалық мүмкіндіктеріне қатысты айтылған сарапшылар ұсынысы қызу пікірталасқа ұласып, мәселелер ортаға салынды.
Қазақстандағы журналист ғалымдардың бастамасымен 2019 жылы Ташкент қаласында Орталық Азия университеттері журналистика қауымдастығы құрылған болатын. Осы ықпалдастық аясында жалғасын тапқан форумда негізгі баяндамашылардың бірі, Ариэль унвиерситетінің (Израиль) Коммуникация және журналистика мектебінің профессоры Дмитрий Стровский журналистиканың жаһандық миссиясына ерекше тоқтала келіп, қазіргі басты құндылық қоғамның шындық пен әділдікке деген сенімін ояту екенін атап өтті.
Қырғызстан Онлайн университетінің президенті, медиасыншы, PhD Элира Турдубаеваның айтуынша, Орталық Азияда күн сайын өзгеріп отырған бұқаралық ақпарат құралдары, журналистика және бұқаралық-цифрлы коммуникация туралы зерттеулер мен ғылыми мақалалар тапшы. Форум барысында Э.Турдубаева мен Жаңа Зеландиядағы Окленд университетінің профессоры, PhD Евангелия Папоутсакидің редакторлығымен АҚШ-тың «Lexington Books» баспасынан жарыққа шыққан «Mapping the Media and Communication Landscape of Central Asia An Anthology of Emerging and Contemporary Issues» кітабы таныстырылды. Аталған антологияны Орталық Азиядағы зерттеушілер мен жоғары оқу орындарының оқытушылары пайдалана алады.
Сонымен қатар форумда Орталық Азия журналистика университеттері қауымдастығы ғалымдарының ғылыми еңбектері академиялық қауымға таныстырылды. ҚазҰУ журналистика факультетінің профессоры Гүлмира Сұлтанбаева, ғалымдар Ольга Ложникова мен Анастасия Горбунованың авторлығымен жарық көрген «Инфодемия через призму медиапрофилактики» ұжымдық монографиясы әлеуметтік медиа білім беру саласындағы инфодемияның алдын алу мәселелеріне қатысты зерттеулерді қамтиды.
Медиафорумда Орталық Азия университеттері журналистика қауымдастығының қарары қабылданды. Әлемдегі күрделі геосаяси жағдайда өңірдің академиялық ықпалын арттыруды көздейтін диалог алаңы ББҰ-ның коммуникация саласындағы «Ғаламшар мүддесі, теңсіздік пен жалған ақпаратпен күрес үшін жұмылу» бастамасы аясында қабылданған қарарды қабылдаумен жалғасын тауып, адамзат дамуына кедергі болатын жалған әрі шиеленіс туғызатын ақпарат көздеріне тосқауылдың маңыздылығын күн тәртібіне қойды. Осы құжат негізінде «Орталық Азия елдеріндегі журналистика зерттеулері: Тұрақты даму мақсаттарындағы прогресс» атты ІV журналистика семинарын Ташкентте өткізу жоспарланды.
АЛМАТЫ