Қазақстан • 17 Сәуір, 2023

Кие мен ие

413 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

2017 жылы мемлекеттілікті нығайтуды көздеген «Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Бұл орталық ел аумағындағы жалпыұлттық киелі 100 нысанының тізімін ұсынды. Онда ерекше тағзым етілетін табиғи мұра ескерткіштері, археологиялық және архитектуралық ескерткіштер, ірі ортағасырлық қалалық орталықтар және Қазақ хандығының астаналары, діни және ғибадат орындары, тарихи тұлғаларға қатысты киелі орындар және саяси, тарихи оқиғаларға байланысты орындар нақтыланды.

Кие мен ие

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Қасиетті, киелі орындардың сипаттамасын тарихи, ғылыми негізде терең білетін жаңадан ашылған бүгінгі Ұлытау облысының әкімі, мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттану ғылымдарының кандидаты, алаштанушы ғалым Берік Әбдіғалидің Қазақстан аймақтарының атауын өзгерту бойынша ұсынысын орынды деп санаймыз. Мұндай ұсыныс еліміз тәуелсіздікті енді алған уақытта айтылмады. Ғалымдарға ондай пікір білдіруге халықаралық геосаяси ахуал, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай мүмкіндік бермеді. Ендігі кезекте, Қазақ елінде мемлекет құру­шы халықтың үлес салмағы жетпіс па­йыздан асқан уақытта осындай ұсыныстардың білдірілуін және жүзеге асуын орынды және уақтылы деп білеміз.

Біріншіден, бізде бір ғана Қазақ­стан атаулы Отанымыз болуы керек. Оны Оңтүстік, Солтүстік, Батыс, Шығыс деп бөлшектеудің қисы­ны жоқ. Бұлайша бөлгенде бір-бірімен қырғиқабақ Оңтүстік және Солтүстік Корея есімізге еріксіз оралады. Олардың тағдырынан Құдай сақтасын. Оңтүстік Қазақстан облысына 2018 жылы Түркістан аты берілгені дұрыс болды. Қазаққа ғана емес, түркі бұтағынан өрбіген бауырлас халықтар үшін Түркістан – қасиетті сөз, киелі орын. Тегінде, осындай тарихи мағынасы тереңде, халықтың жадында сақталған қасиетті сөздердің менталдық, архетиптік, символдық мағынасы бары белгілі. Қазақ баласы Алтай дегенде түркілік тамырын, сақ, ғұн дәуірінен жалғасқан бай тарихын, салтанатты кезеңін көз алдына елестетеді.

Алаш кезеңінде Алтай, Түркістан, Тұран секілді қасиеті, киесі бар сөздер көркем әдебиетте, мақалаларда, ғы­лыми-танымдық зерттеу еңбек­терін­­де мақсатты түрде жазылды. Оларға анықтама беріліп, сипаттамасы ашылды. Халық жадында сақталған қа­сиетті сөздің менталдық, архетиптік мағынасының оянуына негіз жасалды. Алаш арыстары сол арқылы қазақ санасын оятып, тарихи жадын тереңдетуді көздеді.

Бұл орайда Берік Әбдіғалидің Батыс Қазақстанды Ақжайық, Шығыс Қазақстанды Алтай деп ауыстырсақ дегені – құптарлық ұсыныс. Отаршыл патшалық билік Жайық өзенінің атауын картадан өшіріп, орнына Оралды бекітсе де, халық санасында, жадында бекіп қалған бұл қасиетті сөздің ұғымын өзгерте алмады. Біз бүгін тарихи әділдікті орнату мақсатында Батыс Қазақстан атауы орнына Орал емес, Ақжайық деген облыс атауын бекі­туі­міз керек деген пікірді қол­дай­мыз.

Солтүстік Қазақстанды – «Қызыл­жар» деп ауыстыруға байланысты түрлі пікір айтылып жүр. Әлбетте Қы­зыл­жар атауы Петропавл қала­сы­на берілсе құба-құп болар еді. Сол қасиеті өлкеде туып-өскен, өмірден ерте озған талантты ақын Ерік Асқаров өлеңдерінде табиғат көрінісі, оның әсем суреті беріледі де, сонымен бірге ақынның туып-өскен ауылы, туған жері, қасиетті Қызылжары мен кербез Көкшесі суреттеледі. Ақын сөзі – халық тілегі, оның аяулы арман-аңсары. Қазақ ақындары жырлап өткен Тұран мен Түркістан, Алтай мен Ақжайық, Қызылжар мен Баянауыл Қазақ елінің әр баласына қасиетті сөздер, киелі мекендер. Баянауыл облыс атауына берілгені де қисынға қонады. Әлбетте қазақ ғылымына, руханиятына, мәдениеті мен өнеріне қасиетті Баянауыл топырағының бергені телегей теңіз. Халық арасында «Баянауыл феномені» деген түсінік бар. Оның бастауында Бұқар жырау, Шоң би, Мұса Шорманұлы сынды көрнекті ағартушы, қайраткерлердің тұрғаны, Жаяу Мұса, Мәшһүр Жүсіп, Жүсіпбек Аймауытұлы, Сұлтанмахмұт Торай­ғырұлы, Жарылғапберді Жұма­бай­ұлы, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Мар­ғұлан, Шапық Шөкин, Зейтін Ақышев, Зейін Шашкин, Шәкен Айманов бастаған ғылым, өнер, мәде­ниет тұлғаларымен жалғасатыны белгілі. Сондықтан Баянауыл дегенде табиғаты көркем, тұл­ғалары текті аймақты көз алды­мыз­ға елестетеміз. Қасиетті Баянауыл сөзі Павлодар орнына қолданылса жарасады. Облыс пен қала атауы қазір Павлодар деп аталатыны уақытша деп санаймыз. Түбінде бұл атаулар да қазақшаланады деп кәміл сенеміз.

Осы орайда шешімін күткен Алматы облысындағы Ұйғыр ауда­нының атауын да ұлттық нақышқа ауыс­тыру ке­ректігін ескереміз. Ұй­ғыр­лар – қазақ­пен тамыры бір, діні мен ділі ортақ туысқан халық. Елі­мізде ұйғыр тілі мен мәдениетінің, салт-дәстүрінің сақталуына барлық жағдай жасалған. Алайда шекаралық аймақта жеке халық атында ауданның болуы жеріміздің біртұтастығына кедергі келтіреді, сон­дай-ақ бұл жағ­дай өлкенің байырғы жергілікті тұр­ғындарының намысына тиеді.

Он шақты жыл бұрын болашақта мем­лекет атауының Қазақстан емес, Қа­зақ елі деп өзгеруі жайын­да пі­кір білдірілді. Бұл орайда біздің айт­­па­­ғымыз, «Қазақ елі» мемлекет атауы қазақпен бірге ертеден жасап келе жатыр. Ел – түрік та­мыр­лы төл сөзіміз. Мемлекет атауы Қазақ елі деп ауысса, бұл жағ­дай Ота­ны­мыздың халықаралық кеңіс­тік­те имидждік тұрғыдан танылуына, ұлтты ұйыстырып, жаңа деңгейге дамуына серпін беретін жағдай болады деп ойлаймыз. Аталған ұсыныс орынды. Түбінде ол күнге де жетеміз деп білеміз. Қазақ елі атауын айғақ­тай­тын Еуропа, АҚШ, Қытай елі кітапханаларынан табылған карталар, дерек көздері мол. Әсіресе бұл атауды Алаш оқығандары зерттеулерінде, шығармаларында жиі қолданды.

Бүгінгі таңда алдымен еліміздің аймақ атауларын ұлттық нақышқа келтіріп алу – маңызды мемлекеттік істің бірі. Бұл орайдағы бастамаларды жөн көреміз. Кейінгі жылдарда, ілгері ғасырларда бір атаулы, бір мүдделі, мақсаты ортақ, тілегі жақын бөлшектенбейтін Қазақ елі болып қайта түлеп, біртұтас қуатты ұлтқа айналамыз деп есептейміз.

 

Қайырбек КЕМЕҢГЕР,

филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі