Қазақстан • 18 Сәуір, 2023

Мұнайды әртараптандыру мүмкіндігі

252 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Біздің мұнай экспортымыздың алтын кілті болып тұрған Каспий құбыр консорциумы (КТК) тағы да тоқтады. Құбыр желісі 10 сәуірден бастап қара май айдамай қалған және резервуарлық паркке қара май қабылдауды тоқтатқан. Мұны консорциум жоспарлы тоқтау деп түсіндірген. Жақында ғана ресейлік БАҚ мұнайдың, мұнай өнімдерінің, газдың, меркаптандардың жағымсыз иістерінің пайда болуына байланысты қолайсыз экологиялық жағдай туралы хабарлаған.

Мұнайды әртараптандыру мүмкіндігі

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

КТК-ға байланбау керектігін былтыр тәуір түсіндік. Қазір еліміз белсенді түрде басқа маршруттар іздестіріп жатыр. Соның ішінде маңыздысы һәм тиімдісі – Баку – Тбилиси – Джейхан (БТД) мұнай құбыры. Қазақстан осы бағытпен жылына 1,5 млн тонна мұнай жөнелтуге ниетті. Жақында елімізге Әзер­бай­жан Президенті Илхам Әлиев келіп кетті. Екіжақты кездесу барысында да осы мұнай тасымалы мәселесі айтылып, беки түскендей. Сондай-ақ ресми Баку БТД-дан бөлек Баку – Супса бағытын да ұсынып отыр. Ол бойынша қазақ мұнайы әуелі Бакуге жеткізіліп, одан Қара теңіздің жағалауында орналасқан грузиялық Супса портына жет­кізілуге тиіс. Бірақ бұл жерде де бір тәуекел бар, дейді сарапшы Нұрлан Жұмағұлов.

«Егер тараптар келіскен жағ­дайда Қашағаннан шыққан мұнай Баку – Супса арқылы жіберіледі. Оның өткізу қабі­леті – жылына 7 млн тонна. Ұзындығы – 833 шақырым. Соның 1,5 шақырымы Оңтүстік Осетия арқылы өтеді. Мұнай құбырының операторы – британиялық BP. 2022 жылғы маусымнан бері BP Баку – Супсадағы мұнайын толықтай БТД-ға бағыттады. Қазір Баку – Супса тоқтап тұр. Аталған құбыр арқылы ұрланған мұнай жіберіліп жатыр. Бұл еліміз үшін дабыл қағатын жағдай. Оның үстіне Ресей 2008 жылы құбырдың аздаған бөлігін (1,5 шақырым) қосып алды (Оңтүстік Осетия арқылы). Ол жерде де Ресей тұр...», деп жазады сарапшы өзінің телеграм каналында.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетовтің айтуынша, түрлі тәуекелдерден қаймыға беруге де болмайды. Сонымен қатар әр бағыттың шығынына бас ауыртудың қа­же­ті шамалы. Қазір біз үшін та­сымал бағытын түрлендіру ай­рық­ша маңызға ие болып тұр.

«Кезінде газын тек Ресейге жіберіп отырған Түрікменстан бұл күндері Ресеймен қатар Иран мен Қытайға да сататын болды. Баға саясатында да өздерінің мүддесі басым. Ресей бас тартса не төмен баға белгілесе соған көніп отыра бермейді. Өйткені басқа алушылар бар. Рас, БТД қазір біз үшін біршама күрделі және қымбат. Әуелі мұнайды Атыраудан Ақтауға жеткізіп аласыз, одан әрі қарай танкерге тиейсіз, ол Бакуге алып ба­рады, содан кейін барып БТД құбырына түседі. БТД маршрутының толық бағасы – 1 тоннасына 110-120 доллар арасы. БТД арқылы тасымал жасау қымбат, экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп дамытпайтын болсақ, бір күні КТК жабылып қалса, онда тығырыққа тірелеміз. Бүкіл экономика құлдырайды. Ең кем дегенде түрікмен секілді болуымыз керек. БТД – КТК секілді үлкен құбыр, күніне 1 миллионнан астам баррель мұнай жөнелте алады. Бірақ Әзербайжандағы мұнай өндірісі жылдан-жылға төмендеп жатыр. 2010 жылы 38 млн тонна жөнелткен, ал сол кезде 20 млн тоннасы бос жатқан. Қазір 27 млн тонна ғана жібере алады, 32-сі бос жатыр. Жартысынан көбі бос. Құбырдың 30 пайызы әзербайжанның ұлттық компаниясы SOCAR-дың еншісінде. Сондықтан өз құбырларының бос жатпай, жұмыс істеп тұруына Әзербайжандар да мүдделі болуы керек. «Қазақстан, сен мұнайыңды бер, біз тарифті арзандатып беруге дайынбыз» деуі қажет. Өйткені бұл құбырды толтыратын бізден басқа ел жоқ», дейді Абзал Нарымбетов.

Бұл орайда Каспийді көктей өтетін құбыр салу қажеттілігі туындап тұр. Өйткені қазір Атыраудан шыққан мұнайды цистерналарға (әр цистерна – 60 тонна) құйып теміржолмен, одан әрі Ақтау портынан Бакуге дейін қуаттылығы 10 мың тонналық қана (КТК-дағы танкерлердің қуаттылығы – 100 мың тонна) танкерлермен тасуға мәжбүрміз. Бүйтіп итшілемей, құбыр арқы­лы айдай салу оңтайлы болары сөзсіз.

«Құбырды салуға ерік-жігер жетеді десе, бастап кетуге болады. 5 жыл деген мемлекеттік тұрғыда ештеңе емес. Онсыз да 30 жыл бойы Каспийдегі құбырсыз-ақ өмір сүрдік қой. Тағы 5 жыл шыдай тұрамыз. Бұл жерде қинап тұрған Каспийге қатысы бар елдердің келісімі. Бірақ білуімше қазір заңды түрде ешқандай тосқауыл жоқ. Бұл жерде Ресей мен Ираннан сеске­ну бар. Солардың қабағына қарап отырмыз. Құбырды салды деген күннен бастап Ресей КТК-ны тоқтата салуы мүмкін. Себеп табу қиын емес», дейді сарапшы.

Қазақстаннан мұнай транзиті негізінен Ресей арқылы өтеді (жылына 65,0 млн тонна – Қа­зақстан экспортының 90 па­йызы). КТК қазақстандық мұнай экспортының 80 пайызын қам­тамасыз етіп тұр. КТК-дан өзге балама бағыттардың жалпы қуат­тылығы – жылына 20-25 млн тон­наға жетеқабыл. Argus media-ның жазуынша, Қазақстан үшін жақын жылдарда КТК негізгі экспорттық бағыт болып қала береді.

«Теңіздегі өндіріс көлемі жылына 12 млн тоннадан аса бастайды. Уақыт өте келе РФ арқылы транзитке деген тәуелділік аза­­йып, БТД арқылы тасымал үлесі артады. Үшіншіден, Кеңқияқ – Атырау қуаттылығы жылына 12 млн тоннаға дейін кеңейеді», деп жазады.

Сондай-ақ Argus Каспий мұнайы сорттарының Brent-ке қатысты қалай сатылатынын да зерттеп көрген. Мәселен, «Дружба» арқылы сатылатын қа­зақ мұнайы Brent бағасынан 1 долларға қымбатқа саудаланса, КҚК мұнайының қоспасы 3-4 доллар арзанға сатылады. Батумимен кететін Теңіз мұнайы – 5 доллар, Ақтаудан Әзербайжан бағытына жөнелтілетін Бозашы, Теңіз мұнайы – 15-25 доллар, Құмкөл мұнайы – 9-10 доллар, Алашанькоу қоспасы – 5,33 доллар, Қияңлы қоспасы – 18-20 долларға арзанырақ сатылады. Өңірдегі ең арзан бағада сатылып жатқаны – Urals сорты – ол Brent-тен 39 долларға төмен сатылады. Ал БТД мұнайы 3,75 долларға қымбатырақ тұр.

Сонымен бірге әр бағыттың транспорттық шығыны да әр­түрлі. «Дружба» арқылы тасымалдау – тоннасына 29 доллар, КТК – 38 доллар, Махачкала-Новороссийск – 41 доллар, Батуми – 126-139 доллар, БТД – 112-124 доллар, Иран – 101-113 доллар, Шағыр-Ферғана – 45 доллар, Қытай (теміржол арқылы) – 142 доллар, Қазақстан Қытай құбыр желісі 43 доллар.

2022 жылы Қазақстан 84,2 млн тонна мұнай өндіріп, оның 64,4 млн тоннасын экспортқа шығарды. 18 млн тоннасы өңдеуге (мұнай өнімі ретінде ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін) жіберілді. Биылғы өндіріс болжамы – 90,5 млн тонна. Соның 71 млн-ы экспортқа шы­ға­рылып, 17,9 млн-ы іште өң­делуге тиіс.

Былтыр жергілікті және транс­ұлт­тық компаниялар Қазақ­стан­нан 64,3 млн тонна мұнай экспорттаған. Бұл – елімізде өндірілген көмірсутектің 76 па­йы­зы. Біздің мұнайды негізінен Италия (27 пайыз), Нидерланд (9,4 пайыз), Оңтүстік Корея (8,8 пайыз) және Қытай (8,2 пайыз) импорттайды.