Аймақтар • 18 Сәуір, 2023

Игерілмеген жер ел игілігіне жарамай отыр

549 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Иелігіне жер алғанымен, оның игерілуіне салғырт қарап, ауылдағы ағайынның игілігіне жарамды жайылымдық жердің өзіне ауыз салатын алпауыттарды заң аясында жөнге салу былтыр басталғаны белгілі. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың жер мәселелері бойынша тексерулер жүргізуге берген тапсырмасына сәйкес, қазір Абай облысында да осы бағыттағы жұмыс біртіндеп қарқын алып келеді.

Игерілмеген жер ел игілігіне жарамай отыр

Өткен жылдың тамыз айында ғана құрылған Абай облысының жер ресурстарын басқару департаменті жер заңнамасын сақтау бойынша жоспардан тыс 13 тексеру жүргізген екен. Оның тоғызынан заң бұзу фактілері анық­талған. Тек 3 тексеріс қана оң нәтиже көрсетіпті. Атал­ған департамент басшысы Дәулет Бижановтың БАҚ өкіл­дері­мен өткізген брифингте мәлім­дегеніндей, облыстың аудан­дық және қалалық жер қаты­нас­тары бөлімдерінен жалпы алаңы 475389,0 гектар жер учаскелерін нысаналы мақсат­тары­на сәйкес пайдаланбай отыр­ған 237 агроқұрылым субъек­тілеріне қатысты тексеру­лер жүргізу жөнінде хаттар түскен. Соның ішінде 30 субъектіге қатысты жос­пар­дан тыс тексерістер жүргі­зіліп, оның жиырма үшінен заң бұзушылық фактісі анықталған.

Тағы бір айтар жайт, 2022 жылы тексерістердің қорытындылары бойынша берілген нұсқамалар орындалмаған жағдайда, биыл 35,7 мың гектар аумақты қамти­тын ауыл шаруашылығы мақса­тындағы жерді сот арқылы мемлекет меншігіне мәжбүрлеп қай­тару жоспарланып отыр.

Былтыр республика бойынша пайдаланылмай отырған 5,4 млн гектар жер мемлекет мен­шігіне қайтарылған екен. Ал Абай облысы бойынша 2022 жыл­ға жоспарланған 200,0 мың гектар жердің 84,7 мың гектары мемлекеттік меншікке қайтарылып, тапсырма 42% орындалды. Мұның 27,9 мың гектары Аягөз ауданынан, 24,2 мың гектары Үржар ауданынан қайтарылса, одан кейінгі жер алқаптары Абай, Жарма, Көкпекті, Бесқарағай және Бородулиха аудандарынан мемлекет меншігіне өткен.

– Біздің алдымызда Президент тапсырмасы бойынша пайдаланбай жатқан 5 млн гектар жерді қайтару тапсырмасы тұрғаны белгілі. Осы ретте өткен жылдың соңында пайдаланылмай жат­қан және жер заңнамасын бұза отырып берілген жалпы алаңы 250,0 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару туралы аудандар бөлінісіндегі жоспар бекітілді. Бұл жоспардан қала, аудан басшылығы хабардар. Департамент жүргізген түсін­дірме жұмыстарының нәти­жесінде бүгінгі күнге облыс бо­йынша 96209,2 гектар жер учас­келері агроқұрылым иелерінің өз еркі­­мен бас тартуына байланыс­ты мемлекет меншігіне қай­тарыл­ды, – дейді Абай облы­сы­ның жер ресурстарын басқару депар­таментінің басшысы Д.Бижанов.

Аудандар арасындағы қай­тарыл­­ған жер көлемі бойынша тізімді Ақсуат ауданы бастап тұр екен. Бұл ауданнан 61604,0 гек­тар жер мемлекет меншігіне өтсе, Жарма ауданынан 14740,0 гек­тар жер қайтарылған. Жалпы айт­қанда, облыс бойынша жос­парланған 250 мың гектар ша­бын­дық және жайылымдық алқап­тың ел игілігіне қайтарылуы тура­лы міндеттің қазіргі күнде 38 па­йызы ғана орындалып отыр.

Департамент басшылығы құ­зыр­лы органдармен бір­лесе отырып, облыстың екі қаласы, сегіз ауданын түгелдей аралап шыққан. Онда ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлермен, шаруа қожалығының иелерімен кездесулер өткізді. Мұндай кездесулерде Жер кодексіне енгізіл­ген өзгерістер туралы жете түсін­дірілгенін айта кет­кені­міз жөн. Яғни бұрын пайдалануға беріл­ген жер 2 жыл ішінде игеріл­меген жағдайда ғана қайтарылатын болса, биылдан бастап бұл мерзім 1 жыл­ға қысқарған. Жер иесі алдын ала жіберілетін нұсқамалықтың өзі­нен жыл ішінде қорытынды шы­ғар­маған жағдайда оны заң тала­бына және тиісті алгоритм­дерге сәйкес, мемлекетке мәж­бүр­­леп қайтару шарасы қолда­ны­ла­ды. Сонымен қатар «Әкім­ші­лік құ­қықбұзушылық кодекс­ке» енгі­зілген өзгерістерге сәй­кес жер ресурстарын басқару депар­таментіне жер заңнамасын бұз­ғаны үшін әкімшілік жауапқа тарту құ­қы­ғының берілуі де жерді заң аясында дұрыс пайдалануға ба­қы­л­аудың күшейтілгендігін айғақтайды.

Айтпақшы, жайылымдық жердің жетіспеушілігі күні кеше Жарма ауданына барған сапарында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың тағы алдынан шықты. Жарма­лықтар Ұранхаевпен кездесуде жайылымдық және шабындық жерлердің жоқтығы туралы айтты. Өйткені жердің көп бөлігі мақсатына сай пайдаланылмайды екен. Ал өз кезегінде облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша пайдаланылмаған жерлер мемлекет меншігіне қайтарылатынын атап өтті.

– Президенттің нақты тапсырмасы бар. Аталған мәселені шешумен аудан әкімі тікелей айналысып отыр. Бүгін тағы тиісті басқарма басшысына тапсырма бердiм, ол қанша жер және қалай қайтарылатынын тұрғындарға хабарлайды. Жалпы, Жарма ауданында 14 740 гектар жер қайтарылды, ал аудан бойынша барлығы пайдаланылмаған 146 000 гектар жер анықталды, – дейді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.

 

Абай облысы