Марқа қозының еті десе бір тамсанып қалатын, анатомия тілімен айтқанда, сол бір сәтте асқазанымыздан шартты түрде рефлекс бөлінетін халықпыз. Әдетте жыл басында туған қозыларды мамыр-маусым айларына қарай пышаққа іліктіруге болады. Қой баққан ағайындар мұндай кезде еті бал татыған бағланның «пісетінін» мәлімдеп жүр. Қазір бүкіл әлемде қозы еті өте зәру, жеңсік те шипалы тағам, ешқандай баламасы жоқ халал өнім қатарына қосылады. Тіпті, Австралия, Жаңа Зеландия секілді елдер қозы етін экспортқа шығаруды кешенді түрде жолға қойып, оны өз жерінің бренді ретінде танытуға талпынуда.
Міне, осындай бәсекеде кейін қалып қойып жүрсек, бұл ежелден мал баққан, соның ішінде қой шаруашылығы мәселесіне келгенде ешкімге есесін жібере қоймайтын халқымызға әжептәуір сын болып жүрмегей. Ұлттық брендтің бірі де осы емес пе. «Батыс Марка Ламб» ЖШС қолға алған Қазақстанда баламасы жоқ ет өңдеу кешені осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді. Құрылысы аяқталып келе жатқан ерекше кешен жобасы «ҚазАгроҚаржы» АҚ-тың қаржылай қолдауы арқасында іске асуда. Оның өзгешелігі жоғарыда айтылғандай қозы етін өндіріп экспортқа шығару болып отыр.
Мұндағы мақсат – өте жоғары. Яғни, кешенде күніне 1400 бас марқа қозы немесе бағлан сойылып вакуумдық орамдар мен қораптарда еуропалық стандарттарға сай деңгейде тұтынушыларға ұсынылмақ. Алғашқы қазығы өткен жылы қағылған құрылысты биылғы жылдың аяғына дейін аяқтау көзделген. Аталған жобаның жалпы құны 2,7 миллиард теңгені құрайды. Жоба толықтай іске қосылған кезде 283 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Батыс Қазақстан облысының Ақжайық аумағында «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның қаржыландыру жүйесі бойынша іске кіріскен кәсіпорын бірінші кезекте экспортқа лайықты өнім шығаруды мұрат тұтады. Әрине бұл ниет өте дұрыс. Оны қолдауға да, құптауға да болады. Әйтсе де бұған қажетті шикізат жетіспесе бұл жобаның ойдағыдай іске асуы екіталай.
Сондықтан да «Батыс Марка Ламб» бүгінгі күнге дейін ұсақ тұяқты мал өсіретін бірқатар агроқұрылымдармен тиісті келісімшарттар жасап үлгерген. Бұған жергілікті шаруа қожалықтары мен иелігінде қой малы бар ағайындар да тартылған. Қазіргі күні бұл өміршең іс-өнімді, соның ішінде енесінен айырылған қозыны екі жаққа да тиімді бағамен өткізудің таптырмас орталығына айналады деп күтілуде. Зауыт жаңашылдары өз мүмкіндіктерін тек отандық қой өсіру саласы өндірісшілерімен шектемей, шетелдік жабдықтаушылармен де байыта түсуді ұйғарған. Оның басым бөлігі Ресейдің Қалмақ Республикасына қарасты «Киевский» асыл тұқымды мал зауытынң үлесіне тиеді.
Бүгінгі күнге дейін жасалған маркетингтік зерттеулер қазақстандық айрықша әзір өнімге, яғни белгілі бір температурада салқындатылған арнайы орамдағы қозы етіне деген сұраныс Ресейдің Мәскеу, Самара, Саратов, Орынбор қалалары арасында өте жоғары екенін көрсетеді. Бұған қоса қозы еті рыногының ауқымын Италия мен Германиядағы және Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы секілді Таяу Шығыс елдерімен де қосымша келісімшарттар жасау арқылы өсіру жолдары қарастырылған. Мұндағы басты қағидат аталған елдерде халал стандарттарына сай өнімді тұтыну берік дәстүрге айналғанына негізделген.
– Қазақстандық жаңа өндірістің тағы бір ерекшелігі-қалдықсыз өндеу технологиясына лайықталғаны. Халқымыз малдың сүйектерін омыртқа, жілік, жамбас, қабырға деп бөлмей ме? Осындай халықтық дәстүрдің желісі Орал өңірінде мәреге таялған жобада да қарастырылған. Осындай түрі мен сортына қарай қозы еті мен сүйектері бөлшектетіліп, салқындатылып 100-300 грамдық арнайы пакетте отандық және шетелдік тұтынушыларға стерилдік тазалықпен ұсынылады. Саудаға түскенге дейін сойылған марқа еті 1,5 күн салқындатылады. Оған газ жіберіледі. Мұндай әлемдік технология өнімнің сойылған күніндегі қасиеті 40 күн бойы сақталуына әсер етеді, – деді газет тілшісіне «ҚазАгроҚаржыАҚ» басқармасы төрағасының агроөнеркәсіп кешені жөніндегі кеңесшісі Серғазы Есембаев.
Маманның ой-пікірінен тағы бір түйгеніміз қалдықсыз технологияға сай жобада негізгі ет өніміне қоса оның қалдықтарынан ет-сүйек ұнтағы мен техникалық сүйек майын әрі өнірісте пайдалану үшін қозы терісін пайдаға асыру тәсілдері де іске аспақ.
Міне, «ҚазАгроҚаржы» АҚ қолдау көрсеткен, елімізде баламасы жоқ айрықша жобаның бүгінгі жай-күйі осындай.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы,
Ақжайық ауданы.