Ғалымдардың шығармашылық мұрасын зерттеуге арналған іс-шараға журналистика факультетінің ғалымдары Клара Кабылғазина, Сағатбек Медеубекұлы, Ғалия Ибраева, Сәуле Барлыбаева, Әмірхан Молдабеков қатысып, естелік айтты.
«Қайыржан Бекхожин, Темірбек Қожакеев, Марат Барманқұлов сияқты қазақ журналистикасының корифейлерінен дәріс алып, кейіннен әріптес болғанымды өмір бойы мақтаныш етуден танған емеспін. Өйткені адамгершіліктің биігінде, ғылымның шыңында танылған мұндай тұлғалардың өмір жолы – ұлтымызға ұлағат. Ғалымдар құрметіне арналған байқау университетте жылда өтіп келеді. Байқаудың ғалымдардың шығармашылығын, еңбектерін танып-білуі үшін журналистиканың ғылыми тұжырымдамасы негіздерін бағамдау үшін шәкірттерге тигізетін пайдасы мол», деді Журналистика факультеті баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының доценті Клара Кабылғазина.
Аталған кафедраның доценті Сағатбек Медеубектің айтуынша, ұстазды ұлықтаудың, ұрпақ санасына ұлағатын ұялатудың озық үлгісі журналистика факультетінде үздіксіз жалғасып келеді. «Ұлттық журналистиканың майталмандарын тәрбиелеген Қайыржан Бекхожин, Темірбек Қожакеев, Марат Барманқұлов оқулары арқылы шәкірттердің кәсіби машығын жетілдіру, құзыреттілігін арттыру – шын мәнінде ұлағатты іс. Талай дарындылардың тұсауын кескен, болашағына жол ашқан бұл оқулардың республикалық ауқымда өтіп жатқаны қуантады», деді ол.
Жас ғалымдардың журналистика оқулары ғылым мен білімге, өнеге мен тәрбиеге баулуда ықпалды да танымдық шараға айналып келеді. Осы орайда студенттер мен жас ғалымдарға арналған байқаудың нәтижесі бойынша жеңімпаздар дипломдармен марапатталып, үздік жұмыстарға бір реттік арнайы шәкіртақы тағайындалды.
АЛМАТЫ