Елена Рыбакина 1999 жылдың 17 маусымында Мәскеуде дүниеге келді. Балауса шағынан теннисті серік етіп, түрлі турнирлерге қатысты. Шеберлігі шыңдала келе жақсы нәтижелер көрсете бастады. Алайда оның спорттық болашағына сенімсіздікпен қараған Ресей теннис федерациясы тарапынан қажетті қолдау көрсетілмегендіктен, Рыбакина 2018 жылы Қазақстанға қоныс аударып, біздің еліміздің азаматтығын алуды құп көрді. Ол кезде жасы 19-ға да толмаған бойжеткен ТОП-200 ойыншының қатарында да жоқ еді. Ал Қазақстанның туы астында өнер көрсеткен кезден бері Елена елеулі табыстарға қол жеткізе бастады. Былтыр ол Уимблдонда алдына жан салмай, жарыс жеңімпазы атанды. Бұл – біздер үшін тарихи сәт! Өйткені оған дейін Қазақстанның бірде-бір теннисшісі «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлердің жекелеген сайысында топ жарған жоқ. Бас жүлдені олжалау былай тұрсын, тіпті жартылай финалдық межеге де ешкім жете алмаған-тын. Сол олқылықтың орнын Елена Рыбакина толтыра бастады.
Биылғы маусым да Рыбакина үшін аса табысты өтіп жатыр деуге болады. Жылдың басында ол Мельбурнде өткен Аустралияның ашық біріншілігінде небір атақты теннисшілерді жолынан ығыстырып, осы доданың ақтық сынына дейін алқынбай жетті. Тіпті әлемнің бірінші ракеткасы, польшалық Ига Швентектің өзі Еленаның екпініне шыдай алмады. Бірақ шешуші тұста ол белоруссиялық Арина Соболенкодан ұтылды.
Наурыз айында отандасымыз Индиан-Уэллстегі аса ірі халықаралық турнирде топ жарды. Аталған жарыста ол Швентекті қайтадан сан соқтырып, Соболенкодан есесін де қайтарды. Іле-шала Майамидегі тағы бір аса дүбірлі WTA додасында финалға дейін жетті. Ол жерде де біраз олжаға кенелді. Сөз орайы келгенде, Елена Рыбакина сол жарыстарда алған сыйақыларының біраз бөлігін Қазақстанның жас теннисшілеріне стипендия ретінде таратып бергенін де айта кеткен абзал.
Бұл күндері Рыбакина Германияның Штутгарт қаласында шымылдығы түрілген WTA 500 жарысына қатысып жатыр. Жүлде қоры 780 637 еуроны құрайтын турнирдің тұсаукесер кездесуінде, яғни кеше кешкісін Елена жергілікті теннисші Юле Нимайермен шеберлік байқасты.
Қазіргі кезде Елена Рыбакина әлемнің жетінші ракеткасы атанып отыр. Осы күнге дейін Қазақстанның бірде-бір теннисшісі осындай дәрежеге жеткен емес. Бірақ жерлесіміздің бұл межені қанағат тұтпайтыны анық. 23 жастағы теннисші басқа да мәртебелі жарыстарда табысты өнер көрсетіп, төрткүл дүниенің теңдессізі, яғни бірінші ракеткасы атануды көздейді. Оған оның қарым-қабілеті жетеді. Біз жерлесіміздің жұлдызды сәттері әлі алда деп білеміз.