Спорт • 19 Сәуір, 2023

Ел мақтаны – Елена

224 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы кездері толағай табыстарымен сан миллион жанкүйерді қуантып жүрген спортшылардың бірі әрі бірегейі Елена Рыбакина екені сөзсіз. Өзгелерді айтпағанда, теннис өнері­нің жілік-майын ішкен майталман мамандардың өздері жерлесіміздің өнерін аса жоғары бағалап отыр.

Ел мақтаны – Елена

Елена Рыбакина 1999 жыл­дың 17 маусымында Мәскеуде дүниеге келді. Балауса шағынан теннисті серік етіп, түрлі турнирлерге қатысты. Шебер­лігі шыңдала келе жақсы нәти­­желер көрсете бастады. Алай­­да оның спорттық бола­ша­ғына сенімсіздікпен қараған Ресей теннис федерациясы тарапынан қажетті қолдау көрсетілмегендіктен, Рыбакина 2018 жылы Қазақстанға қоныс аударып, біздің еліміздің аза­маттығын алуды құп көрді. Ол кезде жасы 19-ға да тол­маған бой­жеткен ТОП-200 ойыншы­ның қатарында да жоқ еді. Ал Қазақстанның туы астында өнер көрсеткен кезден бері Елена елеулі та­быс­тарға қол жет­­кізе бас­тады. Был­­тыр ол Уим­бл­­­дон­да алдына жан салмай, жарыс жеңімпазы атанды. Бұл – біздер үшін тарихи сәт! Өйткені оған дейін Қа­зақстанның бірде-бір тен­нисшісі «Үлкен дулыға» сана­тындағы турнирлердің жекелеген сайысында топ жарған жоқ. Бас жүлдені олжалау бы­лай тұрсын, тіпті жарты­лай финалдық межеге де еш­кім жете алмаған-тын. Сол ол­қы­лықтың орнын Елена Рыба­кина толтыра бастады.

Биылғы маусым да Ры­бакина үшін аса табысты өтіп жатыр деуге болады. Жылдың басын­да ол Мельбурнде өт­кен Аустралияның ашық бірін­шілігінде небір атақты тен­нисшілерді жолынан ығыс­тырып, осы доданың ақтық сынына дейін алқынбай жетті. Тіпті әлемнің бірінші ракеткасы, польшалық Ига Швентектің өзі Еленаның екпініне шыдай алмады. Бірақ шешуші тұста ол белоруссиялық Арина Собо­ленкодан ұтылды.

Нау­рыз айында отандасы­мыз Индиан-Уэллстегі аса ірі халықаралық турнирде топ жарды. Аталған жарыста ол Швентекті қайтадан сан соқ­тырып, Соболенкодан есесін де қайтарды. Іле-шала Майа­мидегі тағы бір аса дүбірлі WTA додасында финалға дейін жетті. Ол жерде де біраз олжаға кенелді. Сөз орайы келгенде, Елена Рыбакина сол жарыс­тарда алған сыйақыларының бір­аз бөлігін Қазақстанның жас теннисшілеріне стипендия ре­тінде таратып бергенін де ай­та кеткен абзал.

Бұл күндері Рыбакина Гер­манияның Штутгарт қала­сында шымылдығы түрілген WTA 500 жарысына қатысып жатыр. Жүлде қоры 780 637 еуроны құрайтын турнирдің тұсаукесер кездесуінде, яғни кеше кешкісін Елена жергілікті теннисші Юле Нимайермен шеберлік бай­қасты.

Қазіргі кез­де Елена Рыба­кина әлемнің жетінші ракеткасы атанып отыр. Осы күн­ге дейін Қа­зақ­стан­ның бір­де-бір тен­нис­­шісі осын­дай дә­режеге жет­кен емес. Бірақ жерлесі­міздің бұл межені қанағат тұт­пайтыны анық. 23 жас­тағы теннисші басқа да мәр­тебелі жарыстарда табыс­ты өнер көрсетіп, төрт­күл дүниенің теңдессізі, яғни бірінші ракеткасы атануды көз­­дейді. Оған оның қарым-қа­білеті жетеді. Біз жерлесіміздің жұл­дызды сәттері әлі алда деп білеміз.