Айтыс • 18 Сәуір, 2023

Алинаның айы оңынан туды

304 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық айтыс Әулиеата төрінде соңғы бірнеше жыл бедерінде тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Жыр жүйріктері сынға түсіп жүрген додада талай жас перінің тұсауы кесілді. Ал жыр алыбының 177 жылдығына арналған биылғы аламан айтыста тағы бір жасөспірімнің, анығырақ айтсақ, мектеп оқушысының жұлдызы жанды.

Алинаның айы оңынан туды

Облыс әкімдігінің қолдауымен, мә­­дениет, архивтер және құжаттама бас­қармасының ұйымдастыруымен өт­кен республикалық айтысқа еліміздің әр қиы­рынан жиырма ақын қатысып, сөз барымтасында кімнің десі басым деген сауалға жауап іздеді. Республикалық жыр додасында бақ сынағандардың тең жартысы жергілікті айтыскерлер екенін айта кеткен жөн. Жамбылдық ақындар өңірде өткен іріктеу айтыстарының қоры­­тындысына сәйкес республикалық до­даға жолдама алған болатын.

впр

Айтыстың ақтаңгері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев тізгінді қолға алған, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты, Алаштың ардакүрең ақыны Ғалым Жайлыбай төраға болған, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Роза Мұқанова, ақын, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшім­жан, айтыскерлер Ахметжан Өзбеков, Күміскүл Сәрсенбаева, белгілі журналист Оралхан Дәуіт қазылық еткен жыр додасы өз деңгейінде өтті.

Он жұпты құраған жиырма ақын­ның алғашқы айналымдағы сөз сайысы көпшіліктің көңілінен шықты. Ал Абай облысынан келген белгілі айтыс­кер Рүстем Қайыртайұлы мен Жамбыл ауданының үздігі, 10-сынып оқушы­сы Алина Айдаралының арасындағы тартысты сөз барымтасына Баласағұн атын­­­­дағы орталық концерт залға жинал­ған жұртшылық қошеметті аямады. Сондай-ақ Жайықтың жағасынан келген Жансая Мусина мен жамбылдық Дидар Апбасовтың арасындағы айтыс та жоғары деңгейде өткенін айта кеткен ләзім.

Бірінші айналым аяқталғаннан кейін қазылар алқасы ойласа келе төрт ақынды финалдық кезеңге өткізуді жөн көріпті. Олардың қатарында осы айтыстың жа­ңа­­лығына айналған жамбылдық жас­өс­пірім Алина Айдаралы да бар. Финал­дық кезеңде бірінші боп сахнаға шыққан Рүстем Қайыртайұлы мен оралдық Жан­сая Мусина арасындағы айтыс көпші­лік тарапынан жоғары бағаға ие болды. Әсіресе Рүстемнің: «Халық – менің шын атым» деген адам, халықты мұқатуы мүмкін емес» деп жырлағаны жұрттың көңі­ліне қонғаны анық.

Қызылордалық Нұрмат Мансұ­ров­пен сөз сайысқа шыққан Алина ­Айдар­алы тә­жірибелі қарсыласынан бір мысқал кем түспей, тең дәреже­де айтыс көрсеткенін де айта кеткен жөн. «Жер кіндігін қо­лы­ма ұстатса да, Жам­был жұртын кетпе­с­пін алмастырып» деп жырлаған мектеп оқу­шысына жерлестері толассыз қоше­мет көрсетті.

Ала таңнан ымырт үйірілген шаққа дейін созылған республикалық жыр додасының қорытындысында Алина Айдаралы бас жүлдеге лайық деп танылса (1 млн теңге қаржылай сыйлық), Абай облысынан келген адуынды ақын Рүстем Қайыртайұлы бірінші орынды, Батыс Қазақстан облысының ақыны Жансая Мусина екінші орынды, қызылорда­лық Нұрмат Мансұров үшінші орынды иеленді. Сондай-ақ Біржан Байтуов, Рауан Хайдар, Жарқын Жұпархан, Дархан Әбдіманат, Мұхтар Қонарбаев, Шапағат Сәбитқызы арнаулы жүлде иегері атанды. Айтысқа қатысқан өзге ақындар да қаржылай сыйлықтан құр қалған жоқ.

 

Жамбыл облысы