Жастар • 18 Сәуір, 2023

Жастар практикасы: Әрекетке – берекет

552 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазір елімізде 505 мыңға жуық жас оқу да оқымайды, жұмыс та істемейді. Өткен жылы бұл NEET санатындағы азаматтар екі есе аз еді. Биыл жастар саясатындағы өзгерістерге байланысты жас мөлшері 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Сәйкесінше көрсеткіш те аспандады. Олар неге әлі күнге дейін бос кезіп жүр? Әлде «Жұмыс істегісі келген жол іздейді, қалғаны сылтау іздейдінің» кебі ме?

Жастар практикасы: Әрекетке – берекет

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Мемлекеттің экономикалық әлеуеті халықтың қаншалықты жұмыспен қамтылғанымен өлше­неді. Демек, кез келген елдің даму жолында екі қолға бір күрек таппай сенделгендердің тигізер әсері зор. Қазақстандағы сая­саттанушы, әлеуметтанушы, пси­хологтердің пікірінше, жұ­мыссыз жас­тар суицидтің, ажыра­су­ фактілерінің көбеюіне не­гіз. Сондай-ақ нашақор­лыққа, ішім­дікке салынуға бейім келеді екен.

– Өткен жылғы статистика бо­йынша республикада 18085 адам нашақорлыққа қатысты тіркеуде тұрған. Оның 97-сі кәмелет жасына толмаған жастар. Бұл бізге белгілісі ғана, есірткіге әуес жандардың қатары біз ойлағаннан да әлдеқайда көп болуы ықтимал. Өйткені есірткі бір-ақ рет дәмін татқаннан-ақ адамды еліктіріп әкетеді. Міне, адамдардың нашақор болу себептерінің бірі сонда жатыр. Танысы, бір рет дәмін татсаң немесе иіскесең, шексең есірткіге тәуелді бол­май­сың, қиындықтардың бар­лы­ғын ұмытасың, ләззат аласың, жаның тыныштық табады деген­ арбау сөздерімен жаман жолға тартады. Ал әлеуметтік қиын­дық­тардан, отбасындағы ұрыс-керістен, жұмыссыздықтан немесе қызметіндегі жанжалдан шаршаған азамат қиындықтан аз уақытқа болса да «қашып кетуді» ойлап, есірткінің дәмін татады да, нашақор санатына қосылғанын білмей қалады. Қазір есірткінің де түрі өзгерді ғой. Сондай-ақ синтетикалық заттарды қабылдау үшін оны сатып алу схемасы да басқаша, – деді Денсаулық сақтау министрлігінің «Республикалық психикалық ден­­саулық ғылыми-прак­ти­ка­­­лық орталығы» Павлодар қала­­сындағы филиалының аға дәрі­ге­рі Шайзат Тілеубаева.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орта­­­лығы былтыр жасаған әлеу­мет­­­тік зерттеуін бағдарласақ, орта­­лық жүргізген сауалдамаға жа­уап берген азаматтардың 61,1%-ы жұмысқа орналасуда кез­­де­сетін ең басты қиындық ре­тін­де жұмыс тәжірибесінің жоқ­тығын атаған. Ал үштен бір бөлігі ЖОО мен кәсіптік оқу орнында алған мамандық бойынша орна­ласудың қиын екенін айтқан. Шен­ділер бұл проблеманы одан әрі күрделендіріп алмас үшін жыл сайын жаңа бастамаларды іске қосады. Ал нәтиже берген жоба­лар­­дың мерзімін ұзартып, аясын кеңейтеді. Соның бірі – жастар практикасы. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов хабарлаған еді.

«Мемлекеттік жастар саясаты жөнінде заң қабылданды. Оның бірнеше жаңа нормалары бар. Егер бұрын жастар санатына 29 жасқа дейінгі азаматтар кіретін болса, қазір 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Демек, жастарға арналған механизмдерді қолданатын азаматтардың саны едәуір артты. Егер бұрын жастар категориясына 3 млн 700 адам кірсе, қазір 5 млн 700 мың адам кіреді. Яғни олар осы нормаларға, осы қолдау тетіктеріне ие болады. Сондай-ақ «Жастар практикасы» бағдарламасына сәйкес, бұрын жастар жарты жыл өтетін болса, қазір ол бір жылға дейін ұзартылған. Осы бір жылдың ішінде жастар 100 мың теңгеге жуық айлық алады. Сонымен бірге «Алғашқы жұмыс орны» деген бағдарлама да бір жарым жылға дейін ұзартылды. Бұл бағдарлама бойынша да жас­тар 100 мың теңгеге дейін айлық алады», деді А.Көлгінов.

«Жастар практикасы» жоба­сы­­­ның мақсаты – университет пен­ колледж бітірген азаматтарды маман­дығы бойынша жұмысқа орна­ласуға көмектесу. Яғни олар­дың тәжірибе жинақтап, бел­гі­лі бір қызметке бейімделуіне жәр­дем­десу. Тек бір ескере кететіні жобаға оқу бітіргеніне 3 жылдан аспаған маман ғана қатыса алады. Әрі жастар ауыр кәсіпорындар мен зиянды, қауіпті жұмыстарға жіберілмейді.

– Жасырынатыны жоқ, кез келген жұмыс беруші, маманның тәжірибесіне аса мән береді. Жаңа ғана оқу орнын бітірген адамда қайдан тәжірибе болсын. Салдарынан кей жоғары білімі бар студенттер жұмыс таба алмай сандалып қалады. Осы орайда жастар практикасы оларға үлкен мүмкіндік. Бұл ретте бос қаңғып жүрген маманды қабылдаған жұмыс орны да ұтылмайды. Себебі олардың еңбекақысын мемлекеттің өзі өтейді. Ал бір жылға қызметке кіріскен азамат болса, тәжірибе жинақтайды. Өзім дәл осы жобамен бірнеше жасты қатарыма қабылдадым. Практика кезінде өздерінің қарым-қабілетін шыңдап, жақсы тұсынан көрінгендерді тұрақты жұмысқа алдым. Тек болашақта Үкімет бұл бағдарламаға бөлінетін квота санын арттырса екен деген ұсынысым бар, – деді Қазақстан Жастар конгресінің атқарушы директоры Тоқтар Болысов.

Жалпы, Астана қаласы бо­йын­­­ша осы бағдарламамен жұ­мыс­қа кіріскен азаматтардың жар­­тысы сол орында тұрақты қыз­метке ауысады екен. Ал орна­ласа алмаған жастарға жұ­мыс­пен қамту орталығы басқа мүм­кін­­діктерді іздейді. Мәселен, тағы бір мекемеге жіберу немесе «Enbek» электронды биржасына өтініш беру арқылы қолдау жасау. Одан бөлек, шағын кәсіп ашу үшін мемлекеттік грант алу сынды мемлекеттік көмек түрлері қарастырылады.

– Былтыр Астана қалалық ха­лықты жұмыспен қамту орта­лы­ғына 17,9 мыңнан астам жас жұ­мысқа орналасуға өтініш біл­дір­ді, «Жастар практикасы» жо­ба­сы­ бойынша – 923 жас, «Алғаш­қы­­ жұмыс орнына» 179 адам жұ­­мысқа орналастырылды, «Ұрпақ­тар келісімшартымен» 3 адам­­ жұмысқа орналастырылды,­ «Әлеу­­меттік жұмыс орын» бо­йынша 49 адам­ жұмысқа орналас­тырылды, қоғамдық жұмыстарға 950 азамат жіберілді. Сонымен қатар жастар арасында грант иегерлері – 204 адам. «Бастау бизнес» – 2251 адам. Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға қатысып жұмысқа орналасқан – 40 жас болды, онлайн оқыту 196 азамат оқыды. Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жұмыстарын жүргізуден 9671 адам өтті. Тұрақты жұмыс орындарына 3407 жас жұмысқа орналасты, – деді Астана қаласы әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығына қарасты Жастарды жұмыспен қамту бөлімінің маманы Айнұр Омарбекова.

Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігінің дере­гіне сүйенсек, биыл республика бойынша жастар практикасына 22 мыңға жуық азаматты жіберу жос­парланған. Ал «Алғашқы жұмыс орны» жобасына кемінде 3 мың жастың қатысуын ұйымдастыру көзделіпті. Бұл бағдарламаларға қатысу үшін олар не істеу керек?

– «Алғашқы жұмыс орны» жобасы колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектеріне, жұмыс тәжірибесі жоқ жастар, оның ішінде NEET санатындағыларға арналған. Қатысу ұзақтығы – 18 айдан аспайды. Жалақы мөлшері – 30 АЕК. «Ұрпақтар келісімшарты» – 2 жыл ішінде оқуын аяқтаған білім беру ұйым­дарының түлектеріне арнайы құрылатын жұмыс орны. 6 ай өткен­нен кейін жұмыссызға тұрақты жұмыс беріледі және ол зейнет­керлік жасқа толған қызмет­керді алмастырады. Қатысу ұзақ­тығы – 6 ай. Мұнда да еңбекақы 30 АЕК мөлшерінде. Жұмыспен қамту орталығына барып тір­келіп, өтініш берсе, орталық ма­ман­дары қатысудың шарттарын, қандай жұмыс орындары барын, бағдарлама ережелерін түсін­діреді, – дейді Айнұр Омарбекова.

Түйіндесек, биыл 20 мыңнан астам түлек қаңтардағы ҰБТ-да шекті балды жинай алмады. Әрине, бұл шешуші сынақ емес. Талапкерлерде әлі төрт мүмкіндік бар. Десе де ескеретін факт. Осы ретте хакім Абай да «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын» деп теріс жолға түспес үшін күпірлігімізді емес, шүкірлігімізді арттырып, жалқаулықты емес, еңбекқорлықты серік ету керек екенін ескертеді.