Жалпы, Түркияда президент сайлауы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде үміткерлер дауыс беруге қатысқан электораттың 50 пайызынан астамының қолдауына ие болуға тиіс. Алда-жалда ешқандай кандидат бұл межені бағындыра алмаса, онда екінші раунд өткізіледі. Оған ең көп дауыс жинаған екі үміткер жіберіледі. Екінші кезеңде қарсыласынан басым түскені мемлекет басшысы болып сайланады.
Анадолының жаңа тарихында президентті тікелей сайлау алғаш рет 2014 жылы өтті. Оған дейін мемлекет басшысын Ұлы ұлттық мәжілісі таңдайтын. Сондай-ақ бір адам бес жылдық екі мерзімнен артық ел тізгінін ұстай алмайды. Бірақ екінші мерзім аяқталмастан бұрын кезектен тыс сайлау өткізілсе, онда үшінші рет бағын сынап көруге рұқсат етіледі.
Биылғы саяси бәсекенің тағы бір ерекшелігі – Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл толу мерейтойымен орайлас келіп отыр. Осыдан бір ғасыр бұрын Мұстафа Кемал Ататүрік заманауи мемлекеттің іргетасын қалаған еді. Сондай-ақ сайлауды 14 мамырға белгілеудің символдық мәні бар. Сонау 1950 жылы дәл осы күні сол кездегі премьер-министр Аднан Мендерес бастаған партия сайлауда жеңіске жеткен-тұғын. Сол кездегі басты қарсыласы «Республикалық халық партиясының өкілі» (CHP) еді.
Саяси бәсекеге төрт үміткер тіркелген. Әлбетте, солардың ішінде басты фаворит қазіргі президент Реджеп Тайип Ердоған екені анық. Сарапшылар оның басты қарсыласы «Республикалық халық партиясы» басшысы Кемал Кылычдароғлу болатынын айтады. Бұдан бөлек, додаға «Мемлекет партиясы» атынан Мухаррем Инже және «Ұлттық қозғалыс партиясы» атынан Синан Оған түспек. Алайда соңғы екеуінің айтарлықтай қарсылық көрсетуі екіталай. Мұны жүргізілген сауалнама да көрсетіп отыр. Мәселен, бір ай бұрын оған қатысқандардың жартысынан астамы, яғни 51,1 пайызы К.Кылычдароғлуны қолдайтынын жеткізген екен. Ал Ердоғанға дауыс беремін дегендер саны 45,7 пайызды ғана құраған. Соңғы сауалнамада ахуал сәл-сәл өзгергенімен, жалпы нәтиже ұқсас.
Азия мен Еуропаны жалғап тұрған Анадолыда 85 миллионға жуық халық бар, қарт құрлықтағы тұрғыны көп мемлекеттің қатарында. Сондықтан ондағы президент сайлауы Түркия үшін ғана емес, Еуропаға да маңызды. Мұның бірнеше себебі бар.
Біріншіден, талай жылдан бері Анадолыдағы ағайын қарт құрлықтың есігін қаққанымен, іштен ешкім ашар емес. Түркия Еуропалық одаққа мүше атануға өтінішті әлдеқашан берген-ді. Бірақ Брюссельдегі шенеуніктер әр нәрсені сылтауратып, сөзбұйдаға салып келеді. Сарапшылар алда-жалда билікке оппозиция өкілдері келе қалса, онда бұл әңгіме қайта көтерілетінін алға тартады. Яғни жаңа билік түрлі саяси реформалар жасау арқылы Еуропаның көзқарасын өзгертуге тырысады.
Екіншіден, Түркия НАТО-ның белді мүшесі. Қазіргі таңда елде қару-жарақ өндірісі қарқынды дамып келеді. «Байрактар» компаниясы әзірлеген дрондар Қарабақты азат ету кезінде бүкіл әлем назарын аударған. Украинадағы соғыс басталғанда да жау әскерінің апшысын қуырды. Ендеше, осындай қуатты қаруы бар Анадолымен қай-қайсы да санасады.
Оның үстіне, НАТО құрамына тағы бірнеше мемлекет қосылады деген әңгіме шыққанда, олардың кейбіріне Түркия қарсы болған. Финляндия өтініш берген соң да ресми Анкара біразға дейін мұны қабылдаған жоқ. Ақыры 30 мамырда скандинавиялық мемлекетті трансатланттық ұйым құрамына алуға келісімін берді. Ендігі мәселе – Швецияға қатысты. Қазіргі таңда Түркия оны ұйымға енгізуге қарсы.
Үшіншіден, Түркия тарапы Ресей мен Украина арасындағы қақтығыста үлкен рөл ойнайды. Бір жылдан бері Анадолыдан ұшқан дрондар Украина аспанын қорғап, ресейлік сарбаздар мен техникалардың әзәзіліне айналды. Сөйте тұра, ресми Анкара Кремль тарапына салынған санкцияларды толыққанды орындауға асығар емес.
Оның үстіне, 27 сәуірде Аккую атом электр стансасы ашылмақ. Оның құрылысын ресейлік «Росатом» компаниясы жүргізді. Кей сарапшылар салтанатты рәсімге Ресей президенті Владимир Путин қатысуы мүмкін екенін айтады. Алайда кейінгі жағдайларды ескерсек, Кремль басшысының Анадолыға аяқ басатынына сену қиын. Ресей президенті баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, салтанатты рәсімге қатысатын делегацияның деңгейі жоғары болмақ. Дегенмен өз сөзінде видеобайланыс туралы сөз қозғағандықтан, Путин іс-шараға тікелей қатыспауы әбден мүмкін.
Сонымен қатар Түркия Украинаның астығын әлемге жеткізуге үлес қосып, бидай келісімін жүзеге асыруға тікелей мұрындық болғанын айта кеткен жөн. Осының арқасында азық-түліктен таршылық көрген бірқатар мемлекетке Украинаның бидайы жетіп, әлемдік нарықтағы астық бағасының арзандауына әсер етті. Ел тізгінін келесі кім ұстайтыны да бидай келісімінің сәтті жалғасына ықпалы бар. Бұл бастаманы Реджеп Тайип Ердоған көтергенін ескерсек, өз орнын сақтап қалған жағдайда Украина астығы бұрынғыдай тасымалдана беруі ықтимал. Алайда оппозициямен Кремль тарапы қаншалықты келісімге келеді? Ол жағы белгісіз. Оған қоса, астық келісімі белгілі бір деңгейде бұл әрекет те қазіргі президенттің халық арасындағы абыройын нықтай түскені анық.
Түркия басшысы шешуге тиіс тағы екі мәселе бар. Соның бірі – Сирия мен босқындар проблемасы. Қазіргі таңда көршілес елден бас сауғалаған 4 миллионға жуық адам Анадолыны паналаған. Үйсіз-күйсіз жүрген осыншалықты көп босқынға жатын орын, тамақ тауып беру оңай шаруа емес. Оған қоса, талай жылдан бері тағдыр тауқыметін тартқандардың көңіл күйі де түсіп, ызақор болатыны белгілі.
Кылычдароғлу мемлекет тізгінін ұстай қалсам, Сирия мәселесін шешіп беремін деп құлшынып отыр. Алайда уәде беру бір бөлек те, оны орындау мүлдем басқа мәселе. Өйткені Түркиядағы босқындардың келгеніне оншақты жылдың жүзі болды. Алды баласын мектепке беріп, атажұртына қарағанда, қолайлы жерге бой үйретіп қалғаны анық. Ендеше, жақсы өмірдің дәмін татқан адамды құлазыған қалаға қайтару оңай емес. Бұл – бір жағы.
Екінші жағынан, босқындарды қайтару үшін Сирияның президенті Башар Асадпен келісімге келу керек. Ал соңғысы ел аумағынан Түркия әскерінің шығарылғанын талап ететіні айтпаса да түсінікті. Демек, бұл да қиын мәселе. Бұдан бөлек, Солтүстік Кипр мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Кейінгі уақытта Грекия мен Түркия тараптары өзара қарым-қатынасты жақсартуға тырысып келеді. Дегенмен жаңа басшыны ойландыратын тақырыптың бірі осы болмақ.
Қалай дегенмен, Түркиядағы биылғы саяси доданың маңызы жоғары болып тұр. Бұған дейін сарапшылар Президент Реджеп Тайип Ердоғанның жеңіске жету ықтималдылығы жоғары екенін айтатын. Алайда Анадолыдағы алапат жер сілкінісі саясат тақтасындағы бүкіл тасты араластырып жібергендей. Сондықтан бүгінде сарапшылар кімнің жеңіске жететінін болжаудан тартыншақтап тұр.
Түркиядағы сайлау Қазақстан үшін де маңызды. Анадолыдағы ағайын тоғызыншы территория үшін бауырлас мемлекет қана емес, тарихи тамырластығы тереңге кеткен стратегиялық серіктесіміз де. Ендеше, Түркия тізгінін кім ұстаса да, екі ел арасындағы бауырлық қарым-қатынас, ынтымақтастық жалғаса беретіні анық.