Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жаңаөзендегі жарылыс дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оқиғадан көп ұзамай-ақ облыс әкімі Нұрлан Ноғаев апаттық жағдайдан хабар беріп отырды.
«Сағат 10:45-тегі жағдай бойынша 13 адам медициналық көмекке жүгінді. Оның ішінде 8 бала бар. 6 адам ауруханаға жатқызылса, 7 адам үйге жіберілді. Жарылыс кезінде 3 пәтер қирады. Апаттан кейін үй газ желісінен бірден ажыратылды. Бүгінде үйінділерді тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жарылыс дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы толық анықталады. Оқиға орнында ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді», деді Нұрлан Ноғаев күндізгі баспасөз жиынының бірінде.
Өңір басшысы апат салдарынан көз жұмғандардың отбасына көңіл айтты. Сондай-ақ тұрғын үй газдан ажыратылғанын жеткізді. «Жарылыс болған жерден қоқыстар шығарылып жатыр. Оның себебін анықтауға кірістік. ТЖД жедел штабы мен сенім телефонын іске қосты», деді Нұрлан Ноғаев.
Оқиға орнында ТЖД күштері (1 түсіру тобы, 9 техника), жергілікті атқарушы органдар (13 адам және 6 техника), СМП (12 адам және 6 техника), ДП (150 жеке құрам және 10 техника) ІІМ Ұлттық ұлан (60 әскери қызметкер және 2 техника) жұмыс істеді.
Жарақат алып, ауруханаға жатқызылғанның бәрі травматология бөлімшесінде ем алып жатыр. Оқиға салдарынан 13 адам орталық ауруханаға жеткізілген. Оның жетеуі бала, олар жарақатының жеңілдігіне байланысты үйлеріне қайтарылған.
Қалғандарына медициналық көмек көрсетілді. Сонымен қатар травматологиялық бөлімге түскен орташа жағдайда күйік алған 2 кішкентай қыз ем алды. Реанимация бөліміне түскен ер адамға операция жасалған. Жағдайы ауыр тұрғындар жансақтау және қарқынды терапия анестезиология бөлімшесіне, бір пациент облыстық ауруханаға жедел авиациялық тікұшақпен жеткізілді.
«Қайтыс болған азаматтардың отбасына қайғыра көңіл айтамын. Зардап шеккендерге және олардың отбасыларына материалдық көмек көрсетіледі, жаңа тұрғын үй беріледі. Апаттық жұмыстарға көмек көрсеткен еріктілер мен қала тұрғындарына алғыс айтамын. Қазіргі уақытта барлық адам үйінділерден шығарылды», деді Нұрлан Ноғаев.
Ресми органдардың мәліметіне сүйенсек, тұрғын үйдегі газ жарылған. ТЖМ мәліметінше, оқиға орнында өрт шықпаған. Жарылыс салдарынан 150 шаршы метр кіреберіс қирап, 4 пәтер зардап шекті.
«Құтқарушылар үйінді астынан 4 адам мен 4 мүрде алып шықты. Қазіргі уақытта 6 адам ауруханада ем алып жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылып, жедел желі телефоны 8/7292/31-90-99 қызмет көрсетеді», деп хабарлады тиісті мекеме.
Үйінділерді талдау бойынша жедел жұмыстарға 40-қа жуық техника мен 350-ге жуық адам, соның ішінде кинологиялық есеп, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, жергілікті атқарушы органдар, жедел медициналық көмек, полиция, еріктілер жұмылдырылды.
«Алдын ала себеп – газ-ауа қоспасының жарылуы. Газ баллонының жарылуы туралы әңгіме дұрыс ақпарат емес. Газдың жойқын күшіне келсек, мәселе мынада. Расында, жарылыс болған кезде газ-ауа қоспасы күрт шашырауы, пәтер секілді жабық кеңістікте, әсіресе қабырғалары бос, темірбетон төбесі бар бөлмеде оның күші бірнеше есе артады», дейді Төтенше жағдайлар министрлігі Мемлекеттік өртке қарсы бақылау департаментінің басшысы Ерлан Төрегелдиев.
Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісовтің болжауынша, газ түнде шыққан. Қазір Рамазан айы болғандықтан, адамдар ерте оянып, тамақ ішуге тұрып, жарықты қосқанда жарылыс болған.
Сағат 18.15-те барлық авариялық-құтқару және үйінділерді талдау жұмыстары аяқталды. Қазіргі таңда Жаңаөзен қаласының әкімдігі жанынан комиссия құрылған. Осы комиссия жарылыстың мән-жайын келтірілген залалды анықтайды.
Айта кетерлік жайт, жарылыс болған тұрғын үй 1977 жылы салынған. 12 пәтерлік үй бір кіреберіс орталықтандырылған газбен қамтылған. Үй апаттық жағдайдағы тұрғын үй тізімінде емес. Үйдің жалпы ауданы 621 шаршы метрді құрайды. Қазір үйінділерді сұрыптап, тексеру жүріп жатыр. Содан кейін сараптама жүргізіліп, тұрғын үйді қаншалықты қалпына келтіруге болатыны анықталмақ.
«ҚазМұнайГаз» компаниясы Жаңаөзенде газ жарылысынан баспанасыз қалған тұрғындарға жаңа пәтер береді. Сондай-ақ зардап шеккендерге көмек көрсетіледі. «Тұрғын үйсіз қалған отбасыларға жаңа пәтер беріледі. Зардап шеккендерге орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, барлық қажетті көмек көрсетіледі», деп хабарлады компания.
Ал «Өзенмұнайгаз» АҚ мұнайшылары жарылыстан зардап шеккен отбасыларға бір күндік еңбекақыларын аударуға шешім қабылдады. «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның еңбек ұжымы бақилық болған азаматтардың қайғысына ортақтасып, отбасы, ағайын-туыстарына көңіл айтады. Компания өз кезегінде апат болған орында үйіндіні аршу, тазалауға қажетті техникамен қамтамасыз етті және қажеттілікке байланысты көмек көрсетуге дайын. Сондай-ақ мұнайшылар ерікті түрде бір күндік еңбекақысын зардап шеккен адамдарға көмек ретінде арнайы шотқа аударатынын мәлімдейді», деп жазылған компания таратқан ақпаратта.