Құқық • 19 Сәуір, 2023

Сепаратистер жазасыз қалмайды

321 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Петропавлда сепаратизмді насихаттады деген күдікке ілінген өздерін «Халық кеңесі» деп атаған ұйымға қатысты сараптама нәтижесі шықты. Сараптама қорытындысына сәйкес, топтың белсенді үш мүшесі уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Сепаратистер жазасыз қалмайды

Үй ішінен үй тікпек болып, сепа­ра­тизмді насихаттағандарға қатысты мәселе қоғамда үлкен дау туғызған еді. Осыған байланысты облыстық полиция департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің тергеушілерінен жедел-тергеу тобы да құрылды. Кеше Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы өткізген брифингте «Ха­лық кеңесі» деп аталған топтың үш белсендісінің қамауға алынғаны айтылды.

«Сепаратизмді насихаттады деп күдікке ілінген топтың үстінен екі қыл­мыс­тық іс қозғалды. Іс Қылмыстық кодекстің 180-бабы 2-бөлігі бо­­йынша Қазақстан Республикасының біртұтастығы мен тұтастығын ыдыратуды насихаттау немесе оған жария түрде бұқаралық ақпарат құралдарын және телебайланыс желілерін шақыру арқылы материалдарды тарату және Қылмыстық кодекстің 179-бабы бойынша мемлекеттің қауіпсіздігін ыдыратуды үгіттеу бойынша сарап­тал­ған. Бұл ауыр қылмыстар санатына кіреді. Оған 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі баламасыз жазалау қолданылады. Топтың негізгі үш фигуранты уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды», деді Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасы басқармасының бастығы Ғани Жалби.

Саясаттанушы мен басқа да мамандар қатысқан комиссиялық психо­ло­гия­лық-филологиялық сот сараптамасы бейнежазбадан сепаратизм белгілерін анықтап, қорытынды шығарды.

«Тергеу барысында Петропавл қаласында 2023 жылғы 19 наурызда Солтүстік Қазақстан университеті кол­леджінің ғимаратында облыс орта­лығының 20 азаматынан тұратын «Халық кеңесі» деген топтың жиналыс өткені, олар өздерін «Кеңес социалистік республикалар одағының ізбасарларымыз» деп, көзқа­рас­тарын білдіргендігі анықталды. Жиынға біреуі кәмелет жасына тол­ма­ған баласымен келген. Қалған 16 адам жұмыстарынан шеттетілген жоқ, қызметтерін жал­ғас­ты­рып жатыр. Олар бойынша шешім қабылданған жоқ. Кінәсі дәлелденген жағдайда жа­заға тартылады. Тергеу барысы қатаң бақылауда. Кімнің қайда жұ­мыс істейтіні туралы, қалай бұл топқа қосылғаны туралы ақпарат Қылмыстық-про­цес­тік кодекстің 201-бабына сәйкес әзірге жариялауға жатпайды. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жалғасып жатыр, жиналысқа қатысқан басқа тұлғаларға қатысты объективті және жан-жақты құқықтық баға беріледі», деді Ғани Жалби.

Естеріңізде болса, наурыздың ая­ғында әлеуметтік желіде «Халық кеңесі» деп аталатын топтың видеосы кең тарап, қоғам наразылығын туғызған еді. Осыған байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті сепаратизм фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастаған болатын. Сол күні облыс прокуратурасының нұс­қауы бойынша Ұлтық қауіпсіздік комитеті, полиция, Экономикалық тергеу департаменті, облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандарынан ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылып, процестік прокурорлар тағайындалды.