Мәжіліс спикері корпорация басшылығын Қазақстандағы қызметінің 30 жылдығымен құттықтап, «Шеврон» еліміздегі ірі шетелдік инвестор екенін атап өтті. Ерлан Қошанов Қазақстан Президентінің, Үкімет пен Парламенттің басты міндеті – ұлттық мүдделердің сақталуын ескере отырып, шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау керек екенін айтты. Осыған байланысты «Шеврон» компаниясына бірқатар ұсыныс жасады. Атап айтқанда, ауаға тарайтын зиянды қалдықтарды азайту, мұнай химиясын дамыту, мұнай мен газ өңдеуді күшейту.
«Еліміздің үлесін арттыруға баса назар аударып, жергілікті өнімді сатып алу маңызды. Жергілікті сервистік компанияларды тарту керек. Қазақстанда дамыған және бәсекеге қабілетті бизнес бар. Олар озық халықаралық стандарттар деңгейінде жұмыс істей алады. Бүгінде бұл бағытта біраз жұмыс атқарылып жатыр. Дегенмен ауқымды резерв те бар. Бұдан еш тарап ұтылмайды», деді Мәжіліс спикері.
Ерлан Қошанов таяуда өткен сайлау науқаны кезінде депутаттардың Қазақстанның батыс облыстарындағы тұрғындармен өткен кездесуінде көтерген түйткілді мәселелерге де тоқталды. Соның бірі – Атырау облысының Доссор елді мекеніндегі және Құлсары қаласындағы апатты жағдайдағы тұрғын үй мәселесі мен халықты әлеуметтік қолдау. Бұдан бөлек, жергілікті жұмысшыларға лайықты жағдай жасап, әділ еңбекақы төлеу, вахта мерзімін қысқарту, жергілікті кадрларды даярлауды күшейту мәселесі де кеңінен қозғалды.
«Бүгінде елімізде мұнай-газ саласында білікті мамандар жетерлік. Біраз жерлесіміз шетелдің беделді оқу орындарында білім алып, трансұлттық компанияларда тәжірибе жинақтады. Осыған байланысты жергілікті мамандарға шетелдік әріптестермен бірдей жалақы төлеп, оларға сенім артуыңызды сұраймыз», деді Палата төрағасы.
Өз кезегінде Дерек Магнесс компанияның ең басты ресурсы адам екенін атап өтті. Ол жергілікті кадрларды дамытуға инвестиция салуға, сондай-ақ компания орналасқан осы аймақтың дамуына қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Ол Мәжіліс төрағасына компанияның депутаттар тарапынан айтылған барлық ұсынысқа мұқият қарайтынын жеткізді.
Сөз соңында Ерлан Қошанов «Шеврон» компаниясының басшылығын жергілікті тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге және аймақты дамытуға белсене атсалысуға шақырды. Кездесуге Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов (Атырау облысынан), Еділ Жаңбыршин (Маңғыстау облысынан) қатысты.