«Қазақстан – осы геосаяси аймақта ауқымды, демократияны арқау еткен реформалар жолына түскен бірден-бір мемлекет. Сондықтан бізге оңай болмайды. Бірақ бұл жолды қалайда жүріп өтуге тиіспіз. Енді жұмысқа жұмыла кірісеміз.
Осында отырған әрбір мемлекеттік қызметші өзіне орасан зор міндет жүктеліп отырғанын сезінуге тиіс. Бұл – ең алдымен, барша Қазақстан халқының алдындағы жауапкершілік. Сіздердің шешімдеріңіз бен іс-әрекеттеріңіз елдің бүгіні мен болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан күнделікті мәселелерді шұғыл шешумен ғана шектелмеу керек.
Сіздер мемлекетшіл-реформатор болуларыңыз қажет. Реформаларымыздың түпкі мақсаты – халықтың өмірін жақсарту. Ол үшін тұрғындардың табысын көбейту керек. Жайлы өмір сүруіне жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Азаматтардың өзін-өзі дамытуына барлық мүмкіндік жасалуға тиіс. Мұның бәрін мықты нарықтық экономика болса ғана, табысты жүзеге асыра аламыз», деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, азаматтардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған шынайы нарықтық экономикаға көшу қажет. Сондықтан алдымызда күрделі кезең тұр.
«Біз қиын-қыстау заманда өмір сүріп жатырмыз. Дәстүрлі экономикалық және логистикалық байланыстар үзіліп жатыр. Оған қоса инфляция шарықтап тұр. Әлем экономикасының даму қарқыны төмендеп кетті. Мемлекеттер қарызға белшеден батты. Сауда-саттыққа кедергі көбейеді. Сондай-ақ елдердің өзара сенімі азайып барады. Мұның бәрі әлем экономикасындағы қалыпты жағдайға айналды. Бұдан былай табиғи байлық еліміздің орнықты дамуына негіз бола алмайды», деді Қ.Тоқаев.