Білім • 20 Сәуір, 2023

Ерекше білім беруді қажет ететін балалардың санаты кеңейтілді

547 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оқу-ағарту министрлігінің «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» РММ директоры Әйгерім Кудеринова Қазақстанда инклюзивті білім беруге бағытталған жобалар жайлы мәлімет берді, деп хабарлады Egemen.kz.

Ерекше білім беруді қажет ететін балалардың санаты кеңейтілді

Елімізде инклюзивті білім беру жүйесін дамыту бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, соңғы жылдары нормативтік-құқықтық актілерге бірталай өзгерістер енгізілді. Мәселен, ерекше білім беруді қажет ететін балалардың санаты кеңейтілді.  

«Бұрын осы санатқа тек білім алу барысында денсаулығына байланысты қиындық көретін мүмкіндігі шектеулі балалар ғана жататын. Ал бүгінгі таңда бұл санатқа басқа да – әлеуметтік немесе экономикалық тұрғыдан болсын белгілі бір қиындық көретін балалар жатқызылды», деді Ә.Кудеринова.  

Спикердің айтуынша, соңғы екі жылда оқушыларға көмек көрсету бойынша жазғы мектеп ұйымдастырылып келеді. Дарынды балалар да ерекше назарға алынды.  

Орталық директорының айтуынша, ерекше білім беруді қажет ететін балалардың ішінде ең көп қиындық туғызатыны – мүмкіндігі шектеулі балалар. Қазір мұндай балалардың саны 188 мыңнан асады.

«Мұндай балаларды анықтап, оқыту үшін психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар жұмыс істейді. Сонымен бірге осы балаларды қолдау мақсатында психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді жүргізетін арнайы мекемелер ашылған. Дәлірек айтқанда, Қазақстанда 208 түзету кабинеті, 13 оңалту орталығы, сонымен қатар 42 арнайы балабақша мен 99 арнайы мектеп жұмыс істейді», деді Арнайы білім беруді дамыту орталығының басшысы. 

Бүгінде 4 мыңнан аса жалпы білім беретін мектептің ішінде 40 мыңнан астам ерекше білім беруді қажет ететін бала оқитынын айта кету керек.