Өңірлік хабтар өз аймақтарында инновациялық жобаларды әзірлеумен, IT-саладағы кадрларды оқыту және даярлаумен айналысады. Сондай-ақ олар жергілікті IT-қауымдастықтарды – стартаптар, инвесторлар, тәлімгерлер қауымдастығын құрады. Оған барлық мүдделі тұлғалар қосыла алады. Стартап жобаларды әзірлеу кезінде инкубациялық кезеңде кәсіпкерлікке оқыту, инвестицияларды тартуға көмек көрсету, қаржылық есеп және PR тұрғысынан қолдау көрсетіледі.
«IT – қазіргі әлемдегі ең әлеуетті және қарқынды дамып келе жатқан саланың бірі. «Astana Hub»-тың мақсаты – биыл бүкіл ел бойынша аймақтық хабтар ашу. Бұл идеяны алғаш қолдаған Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстары. Ел халқының әлеуеті зор. Сондықтан отандастарымыз еліміздің немесе әлемнің кез келген жерінен өз жобаларын дамыта алатындай етіп жағдай жасау керек», дейді «Astana Hub» басқарушы директоры Алина Әбдірахманова.
«Astana Hub» серіктестігі аясында аймақтық IT-хабтарда «Idea Battle» және «Startup Talapker» стартаптар байқауы өткізіледі. Сондай-ақ идея кезеңінде және өнім жасау сатысындағы стартаптарға арналған инкубациялық бағдарламалар, технопарктің барлық білім беру және бизнес бағдарламалары ұсынылады.
«Өңірлік хабымыз Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің бизнес-инкубаторы мен облыстың ақпараттық технологиялар орталығының базасында ашылды. Мақсатымыз – өз ісін ашып, стартап жобаларын дамытқысы келетін, бірақ мүмкіндігі жоқ жергілікті жастарға қолдау көрсету. Жақын арада облыста «Smart city Hackathon», «Pecha Kucha Night», «Innofest Kyzylorda» шараларын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», дейді «Kyzylorda Hub» өкілі Жанарыс Түбекбаев.
Сонымен қатар аймақтарда бастапқы деңгейдегі стартапшыларға арналған «Startup School» онлайн оқуы, кодты қолданбай-ақ ІТ-өнімдерді әзірлеу дағдыларын дамытуға арналған «No Code» курсы және «Startup Academy» технологиялық кәсіпкерлік бағдарламасы бар. Сондай-ақ әртүрлі офлайн және онлайн кездесулер, оқу мен тренингтер өткізіледі. Онда табысты IT-кәсіпкерлер IT, сату, стратегия және маркетинг туралы айтып, тәжірибелерімен бөліседі.
«Біз бүгінге дейін екі митап өткіздік. Кездесуге IT саласындағы мықты спикерлер, сондай-ақ өз стартабын ашқан кәсіпкерлер қатысты. Мәселен, «Anthill» стартабының негізін қалаушы Нұрболат Аманғалиев қала менеджментін ұйымдастыру және IT-технологияларды дамыту тақырыбын талқылады. 140 адам қатысқан іс-шара өте қызықты өтті. Жақында «Google Developer Groups» бағдарламасы бойынша шеберлік сағатын ұйымдастырамыз», деді «Jaiq Hub» өкілі Омарбек Тәшім.
Өңірлік IT-хабтар жетекші әлемдік компанияларда тәжірибесі бар және Қазақстанның IT-индустриясын дамытуға үлес қосуға ұмтылған 4 мыңнан астам отандық дарынды маманды қамтитын «Digital Nomads»-пен ынтымақтаса жұмыс істеп жатыр. «Digital Nomads» – отандық ІТ-мамандардың жаһандық қауымдастығы. Оның негізін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қалаған.