Үкімет басшысы Семей қаласындағы «Ғаббасов» қазандығының алдағы жылыту маусымына дайындығы, сонымен қатар басқа да шешімін табуға тиісті мәселелер барысымен кеңінен танысты. Одан өзге Қытай – Қазақстан – Ресей мемлекеттерін байланыстыратын магистралдық өткел саналатын Ертіс өзені үстімен өтетін аспалы көпірдің бүгінгі ахуалына назар аударды.
Жылудың жайы «жыр» болмауға тиіс
Тарқатып айтар болсақ, Семейдің орталығындағы «Ғаббасов» қазандығы – жылыту маусымында 66 көпқабатты және 138 жеке тұрғын үйді, 39 бюджеттік мекемені, 10 әлеуметтік және 140 коммерциялық нысанның қысқы сынақтан сыр бермей шығуына жауапты нысан. Қазір мұнда қайта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, оны жаңа жылыту кезеңі басталғанға дейін аяқтау жоспарланған. Облыс мәртебесі берілген қаланың басты мәселесі саналатын жылуға қатысты «жыр» болған жайдың алдағы уақытта қалай шешімін табатынын Әлихан Асханұлы өз сөзінде де атап өтті.
«Халық саны артып, жаңа нысандар мен тұрғын үйлер салынған сайын жылыту көздеріне түсетін жүктеме жылдан-жылға арта түседі. Биыл «Ғаббасов» және «Орталық» қазандықтарын қалпына келтіруге бюджеттен 1 млрд теңге, жылу желілеріне 3,5 млрд теңге бөлінді. Әкімдік келесі жылыту маусымы басталғанға дейін барлық жұмыстың сапалы жүргізілуін қамтамасыз етуі керек», деді Премьер-министр.
Үкімет басшысы сонымен бірге облыс орталығын жылумен қамту жайы Абай облысын дамыту бағдарламасында да ескерілгендігін атап өтті. Яғни өңірді дамытудың кешенді жоспарына жылу көздерін реконструкциялау бойынша 11 жоба енгізілгені жергілікті тұрғындар үшін маңызды жаңалық деуге болады. Атап айтқанда, «Ғаббасов» және «Орталық» қазандықтарын реконструкциялау жылу режімін халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасы мен сенімділігін, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға және жылу шығынын азайтуға мүмкіндік береді.
Ал Семей қаласының ғана емес, халықаралық қатынастың байланыс көзіне айналған Ертіс өзеніндегі аспалы көпір бұл күнде көптеген жөндеуді қажет етеді. Ұзындығы 1086 метр, ені 35 метр маңызды нысанның пайдалануға берілгеніне де 23 жылдың жүзі болған. Қазіргі уақытта аспалы көпірді кеңейтілген ауқымдағы кешенді реконструкциялау бойынша жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу жоспарланып отыр.
Үкімет басшысы Семей қаласының алдымен стратегиялық көлік бағыттарының торабында орналасқандығын, сондықтан жол сапасын арттыру қаланың және бүкіл өңірдің дамуы үшін маңызды екендігіне тоқталды. Сол себептен де республикалық бюджеттен 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлу көзделіп отыр.
«Әкімдік жоспарланған барлық жобаның уақытылы орындалуын қамтамасыз етуі керек. Жалпы, Үкімет Абай өңірін дамыту бойынша бес жылдық кешенді жоспар бекіткені белгілі. Осы жоспардың аясында өңірдің одан қарқынды дамуына серпін беретін тұрғын үй-коммуналдық, әлеуметтік және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және салу бойынша іс-шаралар қарастырылған», деді Ә.Смайылов нысандарды аралау барысында.
Семей – ел мәдениетінің қайнары
Үкімет басшысының Абай музейіне арнайы барып, «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, жергілікті зиялы қауым өкілдерімен де кездескені жұрт назарын аударған оқиғаның бірі болды. Кездесу кезінде Ә.Смайылов биыл облыс үшін ғана емес, жалпы қазақ халқы үшін рухани тағылымы зор мұра қалдырған, ақын-философ Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл толуын жоғары деңгейде атап өту жайын тілге тиек етті.
Бүгінгі күнде Абай облысы аумағында 300-ге жуық мәдениет және өнер ошағында 2 мыңнан астам адам қызмет атқарады.
«Үкімет мәдениетті дамытуға үлес қосып жүрген қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту жөнінде шаралар қабылдап келеді. Өткен жылдан бастап республикада мәдениет қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен көтеру басталды. 2025 жылға қарай жалақы екі есеге артуға тиіс», деді Премьер-министр.
Әлихан Асханұлының зиялы қауым өкілдерімен кездесуінен соң Абай музейінің директоры Тұрдықұл Шаңбай ойын былайша ортаға салды:
– Үкімет басшысы Әлихан Асханұлына кездесу барысында Абай музейі Семей қаласының жүрегі ғана емес, Еуразия кеңістігінде баламасы жоқ мәдени нысан екенін айтып бердім. Бес тарапты – Абай, Шәкәрім, Мұхтарды, Абайдың ақын шәкірттерін, Алаш алыптарын Абай музейі топтастыранын түсіндірдім. Әлихан Асханұлы музей ішін аралай жүріп, әрбір жәдігерге қатысты деректерді тыңдауға ерекше ынта қойды. Ал зиялы қауыммен кездесу барысында ғылым, білім, мәдениет саласында болатын оң өзгерістер туралы жақсы жаңалықтарынан хабардар етті. Қаладағы үш университетті халықаралық деңгейге жеткізуге де нақты қадам жасалатынын айтып, бізді қуанышқа кенелтті, – деді Абай музейінің басшысы Тұрдықұл Шаңбай.
Медицина саласының маңызы айрықша
Премьер-министр жұмыс сапары аясында Абай облысының тұрғындары, әсіресе ядролық сынақ полигоны аймағында тағдыры таспаланған жандарға онкологиялық көмек көрсететін Ядролық медицина және онкология орталығының қызметіне де баса мән берді. 1656 науқасқа негізделген бұл орталықта сәулелік, клиникалық және радионуклидтік диагностика бөлімшелері, эндоскопия бөлімшесі және тағы да басқа зерттеу-сараптау нысандарының мамандары жұмыс істейді.
«Еліміздегі жалғыз радионуклидті терапия бөлім осы орталықта орналасқан. Ауруларды диагностикалаудың материалдық-техникалық базасы жақсарды. Оның ішінде қатерлі ісік ауруын ерте анықтау мен жедел хирургиялық емдеу де бар. Орталыққа жоғары білікті қызмет көрсететін заманауи хирургиялық корпус қажет. Денсаулық сақтау министрлігі осы мәселені пысықтауға тиіс», деді Әлихан Смайылов аталған нысанға ат басын бұрған кездесуінде.
Үкімет басшысының айтуынша, Абай облысын дамытудың кешенді жоспарында 400 орындық көпбейінді аурухана, 300 орындық балалар ауруханасы, облыстық қан орталығы мен Семей қаласында екі емхана, сондай-ақ өңірдің ауылдық жерлерінде 65 жаңа алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысанын салу жоспарға енген. Бұдан кейін Үкімет басшысы «Қарағайлы» ауданындағы бюджет есебінен салынып, жыл басында пайдалануға берілген 150 орындық мүгедектерге арналған облыстық жаңа реабилитация және оңалту орталығында болды. Бұл нысанда бірнеше жүзу бассейні, заманауи спорт залы, емдік ванна, еңбек терапия кабинеттері, арнайы мамандандырылған сыныптар, кітапхана, демалыс бөлмелері сияқты ем алушыларға қажетті жағдайлар жасалған.
Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасында көрсетілгеніндей, 2025 жылға қарай еліміздің 12 облысында әрқайсысы 150 орындық жаңа оңалту орталықтарын салу жоспарланғанын атап өтті.
Абай облысына сапары барысында Премьер-министр Шүлбі ГЭС-нің жұмысын тексеріп, өңірдегі бірқатар ірі өндірістік кәсіпорындардың қызметімен де танысты.
Абай облысы