Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Дегенмен бұл мәселеде 2019 жылдан бастап кейбір өзгерістердің нышаны байқала бастағанға ұқсайды. Ауылды дамыту жұмысына кешенді аграрлық саясат ретінде қарау байқалады. Ауылды кешенді дамытудың жоспары ретінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырылып келеді. Ол елдің демографиялық әлеуеті, инфақұрылымы, экономикасы мен геокеңістік жағдайын ескере отырып, ауыл халқының 90%-ын қамтып отыр. Тұрғындарының 40%-ы өңірлерде тұратын ел үшін мұндай аграрлық саясаттың тиянақты түрде қолға алынуы заңды нәрсе. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың осы салт-дәстүрлеріміздің қаймағы бұзылмай отырған ауыл-аймақты өркендетуге басымдық беруі кездейсоқ емес. Ол ең алдымен ауылда жылдар бойы қордаланып қалған мәселелерді жүйелі түрде және нақты шешуге, ауылдық аумақтарды кешенді дамытуға және оның бірыңғай тәсілін қалыптастыруға бағытталған. Яғни бұл әлемдегі тұрақсыздыққа қарамастан, ауылға деген мемлекеттік қолдаудың айғағы.
Біз бұл жетістіктерді теріске шығарудан мүлдем аулақпыз. Иә, нәтижелер бар. Шаруалардың қомақты табыстарға қол жеткізіп отырғандығы да рас. Павлодар, Қостанай, Жамбыл облыстарында аяқталған жобалардың үлгілерін көруге болады. Табыс та, жетістік те, нәтиже де, егер олар сапалы және нақты болса және халық оның игілігін көріп жатса, қол жеткізген жақсылықтарды ешқашан ешкім де жоққа шығара алмайды. Олай болса, қазір «жеңіске» масайрап, босаңситын уақыт емес. Ендігі жерде алынған асулар «үйреншікті» іске айналып, кеуде соқтым «мақтау мен мадақтауға» жол бермеген жөн. Қайта, керісінше, өз ісің мен жетістігіңе «сыни» көзбен қарап, іс-әрекетіңді талдап, саралап, жұмыстың тиімділігін бұрынғыдан да арттырып, табысты еселеп, өнімнің сапасын қалай жақсарту керектігіне көңіл аударған абзал. Мәселен, «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру барысында көш бастаған Павлодар, Қостанай, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарымен қатар төмен қарқын көрсеткен Алматы қаласы, Қызылорда, Атырау өңірлері бар. Соншама ақша құйып отырған кезде мұндай мәліметтерді төтенше жағдай ретінде қабылдаудың орнына біз баяғыдай оны «назарға алып» қана қойып, бұрынғыдай көрмегендей болып отыратын қалпымызды жалғастырумен келеміз. Су екеш судың да сұрауы болушы еді ғой.
Бұл жағдай қатты ойлануды талап етеді. Үңіліңкіреп қараған кезде барлық деңгейдегі аймақтық бастықтардың тек жетістіктер мен Президент және Үкіметтің тапсырмаларын орындау бағытындағы болашақ жоспарларын тәптіштеп тұрып айтқанда, алдына жан салмайтындығын көруге болады. Кейде олар әлі де болса бұрынғы екпінмен ескі жұмыс әдісінен арыла алмай, кетіп бара жатқандай әсер қалдырады. Сонда, егер Президент Қ.Тоқаев аграрлық саясаттың ауыл-аймақта жатқандығын ескертіп, ел бесігінде көптен бері қордаланған мәселелерді жүйелі шешудің қажеттілігін түсініп, нақты қолға алуды тапсырмаса, осының бәрі «баяғы жар тас –сол жартас» күйінде қала беруі керек пе еді? Әлде, атқарылған жұмыстарды тізбелей бергенше, енді қандай мәселелерді шешуіміз керек деген ұстанымды басшылыққа алған кезде 30-40 жылдық «сақалды» проблемаларды әлдеқашан шешер ме едік? Бәлкім, сонда еліміз өз дамуының жаңа, сапалық деңгейіне жетіп, өркендеу мен гүлдену заманында өмір кешер ме едік. Әлде қазіргі азаматтарда, Ұлы Абай айтқандай, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» жетіспейді ме? Иә, «көңілсіз құлақ – ойға олақ» қанша айқайласаң да, жаңғырықтан басқа ештеңе шықпайды. Жауабын естіп, жөнін білу мүмкін емес. Қаңқ еткен нені байқасын. Олай болса, осыны ұққанда ғана Қазақстанның берекелі елге айналуы мүмкін.
Оның үстіне, Президенттің ауылға қатысты жүргізіп жатқан саясатының логикасы ондағы көптеген жыл бойына созылып және орын алып келген түйткіл мәселелерді шешуді көздейді емес пе? Ендеше, сонау XX ғасырдың 70-жылдарынан бері келе жатқан проблемалардың әлі күнге дейін жойылмай отырғаны неліктен? Ол үшін барлық қажетті жағдайлар жасалып отыр емес пе? Оларды шешу үшін тек ар, намыс, ұят, ниет пен отансүйгіштік жетіспей отырғанға ұқсайды. Бұл жағдай «ауру кетсе де, әдет қалмайды» дегенді айқын көрсетіп отыр. Нәтижесінде, ол адамдардың үмітін желге ұшырып, қоғамда билікке деген сенімді кетіріп, оларды халық «дәрменсіз, уәде бергенге әуестеніп алған бос кеуде, жатыпішер парақорлар», ретінде қабылдайтындай күн туды. Өйткені елдегі қабылданып жатқан шешімдерде де, атқарылып жатқан істе де, өндіріліп жатқан өнімдерде де, салынып жатқан үйлер мен жолдарда да, қолға алынған стратегиялық жоспарлар мен жобалардың басым көпшілігінде сапа болмай, «нақты нәтижелер» тек жалған есептер мен көзбояушылыққа белшесінен батқан мәліметтерде «орын алуы» тозаққа апаратын төте жол. Сондықтан қоғамда әлеуметтік шиеленіс күшейіп, ол Қазақстанды дамудың емес, тығырыққа итермелеуде. Ендеше, бұдан былайғы жерде Қазақстанның тәуелсіздігін қызғыштай қорғап, көздің қарашығындай сақтау үшін адал еңбекке негізделген сапалы, тиянақты, өнімді және риясыз еңбек керек. Қоғамдық өмірде патриоттық сезім, әлеуметтік әділеттілік, азаматтық белсенділік, бірлік пен татулық қажет.
Дегенмен, бүгінгі таңда ауылдың қажетін түсінетін сарапшы мамандардың дауыстары естіле басталғаны қуантады. Олар ауылды дамытуға бағытталған бұрынғы мемлекеттік бағдарламалардың баянсыздығы мен тиімсіздігінің Ауыл шаруашылығы министрлері мен олардың жұмысындағы сабақтастықтың болмағандығымен түсіндіреді. Оған стратегиялық жоспарлар жасаумен әуестенушілікті қосыңыз. Расында да, әрбір жаңа министр елдік мүдделерге сай жұмысты жалғастырудың орнына өз көзқарасын таңып, «жаңашылдық пен реформаторлық мүмкіндіктерін» көрсету үшін саланың берекесін кетірумен әуре болды емес пе? Келесі бір өзекті мәселеге ел қойнауынан шыққан жаңашылдықты қолдаудың орнына шетелдік өнімдерге сенім артуды жатқызуға болады. Түптеп келгенде, осылардың барлығының төркіні нарыққа көшу барысында бұрынғы ауыл шаруашылығы құрылымын басқарудың жүйесін ыдыратып отырды. Осыдан барып, ауыл тұрғындарының тұрмысы да нашарлап кетті.
Өкінішке қарай, көзбояушылық сияқты қауіпті құбылыс қоғам денесіне біткен қатерлі ісік ретінде әлі күнге дейін орын алып отыр. Былтырғы наурыз айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қ.Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктердің көзбояушылыққа жол бергендігін ашық айтты. Мәселен, министрлік жайылымдық жердің тапшылығы 6,8 млн гектарға немесе 32%-ға азайды деген мәлімет берсе, Ақмола, Атырау және Қостанай облыстарында ауыл тұрғындарына малын фермерлердің жеріне жаюға рұқсат беріледі деген жалған меморандум жасаған көрінеді. Яғни жайылым жердің мәселесі қағаз жүзінде ғана азайған. Онымен қоймай, аймақтарда халықтың жайылымға деген сұранысын төмендетіп көрсете бастау үрдісі пайда болған. Олай болса, жер мәселесіндегі келеңсіздіктер мен даулардың көбеюі ел дамуына кедергі болып отырғаны айтпаса да түсінікті. Мұның сыртында жайылымнан бөлек жер телімдеріне мұқтаж ауыл тұрғындары тағы бар және халық тығыз орналасқан аудандарда жер кезегінде тұрғандардың саны өсуде.
Осының кесірінен 30 жылдан кейін жер саясаты мәселесінен келіп туындаған проблемалардың қайтадан туындауына жол беріліп отырғаны өкінішті-ақ. Сарапшылардың айтуларына қарағанда, бұл жағдай тепе-теңдікті теңселтті. Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы үлес бөлу кезінде қолында билігі барлардың жердің басым бөлігін өздеріне қаратып алуынан бастау алады. Сол кездегі жер реформасы қазақтан шыққан фермерлерді қалыптастырудың орнына ірі жер иелері мен кедейлер тобын дүниеге әкелді. Нәтижесінде, жастар ауылдан қалаларға үдере көшті, ауылда жұмыс істейтіндер қалмады, ал қалғандары жұмыс істегісі келмейтіндей ахуал қалыптасты. Селодағы кадр мәселесі шиеленісіп кетті. Аймақтардың даму жоспарлары сауатты ғылыми-өндірістік тәжірибеге сүйеніп жасалған, толыққанды сипатқа ие бола алмай отыр. Ауылдық жерлерде статистикалық есеп жүргізу мәселесінің бір тәртіпке келтірілмеуі әкімдердің жылда жалған есеп жасап, оны қаймықпастан «ұялмай» жоғарыдағы мемлекеттік органдарға жіберуді әдетке айналдыруына әкеліп соқты.
Десек те, осы түйткіл мәселелердің тамыры тереңіректе жатқанға ұқсайды. Біріншіден, ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін диқандар маңдай терін төккен еңбегінің лайықты бағасы мен өнімнің адал ақысын ала алмай, оны базарға жеткізіп сату мәселесінде әлі күнге дейін екі арадағы пысықай делдалдардың жемтігіне айналуға мәжбүр болып отыр. Екіншіден, ауылдағы нашар инфрақұрылымдар кəсіпкерлердің бизнесін кеңейтулеріне қолбайлау болуда. Үшіншіден, ақыр соңында, осының барлығы келіп ауыл экономикасын біртіндеп кері кетіріп, тұрғындардың тұрмысы төмендеп, елді мекендер тозып барады.
Ал осының барлығын шиеленістіріп, ауылды көтеруге жол бермей отырған тағы бір өте маңызды және күрделі проблема бар. Ол – ішкі көші-қон мәселесі. Анығырағы, оны реттеудегі жүйесіздік пен нәтиженің мардымсыздығы. Жуырда ««Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген белгілі журналист Жолдыбай Базардың «Ішкі көші-қонды қалай реттейміз?» атты мақаласы ешкімді де бейжай қалдырмасы анық. Өйткені автор ішкі миграцияны реттеуде атқарушы билік органдарының дәрменсіздігін, ал олардың қабылдап жатқан бағдарламаларының стратегиялық әлеуетінің мардымсыздығы мәселесін көтерген екен. Оның пікірінше, осындай саясаттың нәтижесінде еліміз жүйесіз және жабайы урбанизацияға ұшырап, әлеуметтік-экономикалық жағдай әбден ушығып, ол мәдени-рухани негізіміздің шайқалуына теріс ықпал еткен.
Жолдыбай Базардың бұл мәселені Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігімен тікелей байланыста қарауы өте маңызды және өзекті. Ауыл халқының саны азайып, керісінше, қала тұрғындары санының ретсіз өсуі қоғамды қатты алаңдатып отырғаны да күмән келтірмейді. Өйткені қала халқының өсуі табиғи жолмен емес, тек ауылдан көшіп келгендердің есебінен көбейіп, ондағы әлеуметтік ахуалдың шиеленісіп, тіптен қоғамдағы саяси тұрақсыздыққа әкеліп соғуда. Себебі инфрақұрылымдық мүмкіндігі шектеулі болғандықтан ауылдан ағытылып келіп жатқандардың бәрін қалалар қабылдай алмады. Сондықтан тұрғындар өз күнін өз бетінше көріп, тұрақты табыстың көзі болмағандықтан олар әртүрлі заңсыз әрекеттерге баруда. Ал ол жергілікті атқарушы биліктің кемшілігі. Бұл халықтың билікке деген сенімсіздігін күшейтті.
Осының бәрін автор кешенді түрде зерделей келе мәселенің түп негізіне тереңірек үңілуге тырысқан. Жабайы урбанизацияның басты себептерінің қатарына ол ең алдымен ауылдың жағдайының нашарлауын жатқызады. Мәселен, жұмыссыздық, тұрақты жалақының болмауы шаруа қожалықтары мен кооперетивтердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға мүмкіндік бере алмауда. Демек, ауыл ахуалының нашарлауы қала халқының санын арттыруда. Сөйтіп, ауыл да жұтаңдап, қала да «басына» түскен ауыртпалықты еңсере алмауда. Яғни бір-бірімен байланысы бар түтік сияқты бір-біріне тәуелді қала мен дала өзара тиімді байланыс орнатудың орнына, ойлаудың шектеулігі мен істің мәнін жете түсінбейтін жөнсіздіктің зардабын шегіп отыр. Нәтижеде екеуі де әлсіреп, екеуі де құрдымға кетіп бара жатқандығын Ж.Базар жасырмайды. Оның үстіне, ауылдар мен қалалық жерлердің мүмкіндіктерін біріктіріп, елдің әлеуетін арттыратын саясат та болмай тұр. Әрине, билік ауылдың жағдайының нашар екендігін білмейді емес, біледі. Соған қарамастан, ол ауыл баяғыдағыдай өз күнін өзі көріп, шыдай тұрар деген оймен барлық күшін қаланың жыртығын жамап, оның халқын тыныштандыра салудың жолын іздеумен әлек. Ал ол мәселені түбегейлі шешуге әкелмейді. Мұны автор «Қалаларға жұтылу – даланы иесіз ету» деп бағалап, бәрі осылай жалғаса берсе ауыл тұрғындарының қалаға көшу үдерісінің тоқтамайтындығын ескертеді.
Оның үстіне бізде халқы тығыз орналасқан солтүстік өңірлерге көшіруге бағытталған бағдарламалардың нәтижелілігін көтеруге ұмтылыстың болмауынан және ешкімнің оған қорытынды жасамауынан, бос әурешілік пен биліктің жай алдаусыратуына жол беріліп келді. Ауылдардың қалаға көшуін күшпен емес, табиғи, қисынды жолмен тоқтату немесе азайту амалдарына көңіл бөлінбеуде. Есесіне, жұмыс күші қалаларға шоғырланып, еңбек нарығында теңсіздік ұлғайып келеді. Ал ол өз кезегінде әлеуметтік үйлесімсіздікке әкеліп, әсіресе, шекара маңындағы ауылдар қаңырап бос қалуда. Қазіргі шиеленіскен геосаяси ахуалдың шиеленісіп тұрған уақытында ретсіз урбанизацияны тізгіндейтін, елдің қауіпсіздігін нығайтатын мемлекеттік саясат керек-ақ. Автор оны жұмыс күшін оңтүстіктен солтүстікке тарту және сол өңірлердің экономикасын дамытуға бағытталған бір ірі жобадан бастауға болар еді деген ұсыныс енгізіп отыр. Автордың осы тұрғыдағы басқа да нақты ұсыныстары көңілге қонымды. Ол өз ойларын жинақтай келе, ауыл шаруашылығы ел экономикасының негізгі драйверіне айналуы керек деген қорытынды жасайды. Бұл дегеніміз еліміз дағдарысты еңсеріп, шекаралық аймақтарды елге толтырып, оны экономикалық тұрғыдан игеріп, сауықтыруды аңғартса керек. Мақалада сонымен бірге бюрократиялық және коррупциялық кедергілерді болдырмау мен барлық жұмыстың ашықтығы мәселесі орынды көтерілген. Солтүстік өңірлердегі руханият, ғылым, заманауи технологиялар проблемасын шешудің маңыздылығы да ескерусіз қалмаған. Ендеше, қалыптасқан жағдайда бұрынғыдай жандалбасалау амал-тәсілдерінен бас тартып, бекер әурешілікпен айналыспай, ел экономикасының өз әлеуетіне арқа сүйеп дамуына мүмкіндік жасаған дұрыс болар еді.
Жапсарбай Қуанышев,
қоғам қайраткері