Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Қарағанды аграрларының көктемгі егіс жұмыстары кеңінен сөз болған агрокеңесте алдағы жоспарлар ғана емес, шаруалардың шаужайына жармасқан проблемалары да талқыға түсті. Құзырлы министрлік тарапынан даладағы диқандарға кедергі келтірмес үшін тиісті жұмыстар іске асқан. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек қазіргі уақытта шаруаларға берілетін арзандатылған жанар-жағармайда ешбір кедергі жоқ екенін айтты. Вице-министр осы күні мәселе тұқымда дейді. Оның сөзіне сүйенсек, еліміз астық тұқымына келгенде шетелдік тәуелділіктен әлі толық арылмаған.
– Биыл көздеген үдеден шығу үшін 413 мың тонна жанар-жағармай бөлінді. Бұл – қазір де өзекті мәселе. Сондықтан еңбеккерлерге кедергі болмас үшін жанар-жағармайды ақпан айынан бастап жөнелтілуіне қол жеткіздік. Әлі де күнделікті қадағалап отырмыз. Республика бойынша егістік құрылымы 23,4 млн гектар көлемінде қалыптасты. Ендігі мәселе – тұқым шаруашылығы. Астық тұқымынан өзге тұқым бойынша шетелге тәуелділік байқалады. Сол себепті 2024-2030 жылдарға арналған тұқым шаруашылығының кешенді жоспары әзірленіп, мемлекеттік органдарға жолданды, – деді вице-министр.
Тұқым тазалайтын техниканы жаңарту үшін 167 млрд теңге қарастырылып жатқанын да жеткізді. Шаруалар техникасына 80 пайыз көлемінде инвестициялық субсидия көтерілуде. Кәсібін жаңа ашқан жандарға жер үлестіру мәселесі бойынша министрлік тарапынан жерді бөлу бойынша конкурс өткізу ережесі қайта қаралғанын атады.
Ал Қарағанды аймағында дәнді дақылдар алқабы 2022 жылғы деңгейден 25,7 мың гектарға ұлғайып, 957 мың гектар алқапқа дән сіңіру көзделсе, картоп алқабы шаруашылықтарда 12 033 гектар, көкөніс алқабы 1 710 гектар аумақты алады.
– Ауыл шаруашылығы дақылдары түсімінің артуы, тұқым сапасымен тығыз байланысты. Көктемгі егіске қажетті құйылған 106,5 мың тонна дәнді дақылдар тұқымының, 95%-ы – 101 мың тоннасы жоғары репродукциялы тұқым. Бұл көлем, сапасы жағынан өткен жылғы деңгейден 10 мың тоннаға артық. Сонымен қатар 42 мың тонна картоп тұқымы құйылды. Бұл тұқым қажеттілікті толығымен жабады, – дейді ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Асқар Санаубаров.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше, элиталық тұқым шаруашылықтарында тұқымды жаңартуға негіз бар. Атап айтқанда, сорт жаңарту үшін 4 мың 410 тонна жоғары өнімді дәнді дақылдар, 480 тонна майлы дақылдар, 1 280 тонна жоғары өнімді картоп тұқымдары бар екен өңірде.
– Себілетін тұқымдардың сапасы – ерекше назарда. Бүгінде тұқым сапасын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл толық тексеруге 96 мың тонна тұқым, жоспарланған көлемнің 90,3%-ы тапсырылды. Оның 87,5 мың тоннасы тексерілді. Соның ішінде 99,9%-ы – кондициялы болса, 77,2%-ы – бірінші класты, 12,4%-ы – екінші класты және 10,5%-ы – үшінші класты тұқым, – дейді басқарма басшысы. Өңірде дән сіңіру мамырдың алғашқы онкүндігінде басталады.
Арқа аграрларының қолын байлаған мәселелер де жоқ емес. Шаруасы шашетектен шаруагердің шағымы да біршама.
– Былтырғы сәуірмен салыстырғанда баға майлы дақылдарға да, дәнді дақылдарға да тура екі есеге түсіп кетті. Не себу керек және қандай дақыл пайдалы екенін нақты тап басу қиындап тұр. Бүгінде біз үшін ең басты міндет – барлық шығынды азайту. Ал фермер шығындарының едәуір бөлігін техника, жалақы, тыңайтқыштар және өсімдіктерді қорғау иеленеді. Сол себепті көкөніс, картоп қоймаларын салуға берілетін бұрынғы субсидия нормаларын қайтаруды сұраймыз. Сонымен қатар логистика мәселесі шешілсе, – дейді Осакаров ауданы «Найдоровское» ЖШС директоры Павел Лущак.
Мал шаруашылығымен айналысқан қауымның түйткілдері де баршылық. Қарағанды облысының агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің ауыл шаруашылығын қолдау қауымдастығы заң қызметінің басшысы Балғат Жұмкин мал өнімін алудың өзіндік құны күрт өскенін айтады. Ал сөйте тұра, сатудағы баға сол қалпы, өзгеріссіз. Осы орайда ол мал азығын дайындауда шығынды төмендететін субсидия нормаларын қайта қарауды ұсынады.
– Мал өнімін алудың өзіндік құны бірден өсіп кетті. Есесіне оны сатудағы баға өзгеріссіз қалып тұр. Сондықтан да мал шаруашылығының пайдасы төмендейді. Бұл мәселені шешу үшін мал азығын дайындау кезінде жұмсалатын шығынды төмендететін субсидия нормаларын қайта қарастыруды ұсынамыз. Сонымен қатар мал шаруашылығына субсидия беру тәртібіндегі талаптың бірі – шаруашылықтың есептік нөмірінің болуы. Ол үшін фермерлердің қора-қопсысына техникалық құжаттары қажет. Оны заңдастыру үшін уақыт беруді сұрап отырмыз, – дейді Балғат Жұмкин.
Бұдан бөлек аграршыларға қандай мемлекеттік қолдау көрсетілетіні туралы қаржы институттары да мағлұмат берді.
Қарағанды облысы