Кеше «Qamqor» тұрғын үй бағдарламасын несиелендіру жөніндегі келісімге Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова қол қойды.
Бағдарламаға дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, мұғалімдер, тәрбиешілер, жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары, ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми қызметкерлері, мәдениет, спорт қызметкерлері, журналистер, қалалық мемлекеттік ұйымдар мен Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері және энергетика саласының өкілдері қатыса алады.
Отбасы банк жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтініштерді қабылдап, әлеуетті қарыз алушылардың тізімін жасайды. Банк бұл үдерісті «Баспана маркет» порталында (https://otbasybank.kz/) цифрландырады. Өтініштердің қашан қабылданатыны туралы мәлімет кейінірек жарияланады.
Жеңілдетілген несиелендіруге үміткерлер пулына көп ұпай жинаған азаматтар енетін болады. Ұпайларды санағанда некеде тұрған жылдар саны, балалардың саны, жұмыс өтілі, Шымкентте тіркелу ұзақтығы және Отбасы банкте үміткердің депозиті бар-жоғы ескеріледі.
Қатысушылар пулы жасақталғаннан кейін үміткерлер Отбасы банкке несие алуға жолдама алады. Олардың төлем қабілеттілігі тексеріліп, заем беріледі. Бұл қаражатқа алғашқы немесе екінші нарықтан баспана сатып алуға болады.
«Qamqor» бағдарламасына қатысушыларға қойылатын талаптар: біріншіден, қатысушының жасы өтініш берген сәтті қоса алғанда 63 жастан аспауы керек. Екіншіден, үміткердің және оның отбасы мүшелерiнiң соңғы 5 жылда Қазақстан аумағында жеке меншiк құқығындағы тұрғынжайы болмауы қажет. Үшіншіден, соңғы 3 жылда Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде тұруы талап етіледі. Төртіншіден, Шымкент қаласында таңдаған саласы бойынша соңғы 12 айдан кем емес жұмыс өтілі болуға тиіс. Және соңғысы – бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.
Екіжақты келісімге қол қойылғаннан кейін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек пен «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ляззат Ибрагимова мегаполистің Асар шағын ауданы, Шымсити мекенжайында орналасқан «Asar House» тұрғын үй кешенін пайдалануға беру рәсіміне қатысып, 100-ге жуық қала тұрғынына жаңа пәтерлерінің кілтін табыс етті. Іс-шараға «Қазақстандық Тұрғын үй Компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Алтай Күздібаев, «OKS Development» компаниясының басшысы Асылжан Құртаев пен «Asar House» ТҮК директоры Болат Малимов қатысты.
– Бүгін Шымкентте қос қуанышты жаңалықтың куәсі болып отырмыз. Оның бірі – «Qamqor» бағдарламасы бойынша қалалық әкімдікпен арнайы меморандум қабылдадық. Бұл – өте тамаша бастама. Себебі енді алдағы уақытта қарапайым еңбеккерлер баспаналы бола алады. Сондықтан осы бастаманың әлеуметтік маңыздылығы басым болып тұр. «Qamqor» бағдарламасы Шымкентте жұмыс істейтін барлық тұрғынға қолжетімді болады. Заемның ең жоғары сомасы 20 млн теңгеге тең. Несие бойынша пайыздық мөлшерлеме 5%, одан әрі ол 3,8%-ға дейін төмендейді. Ипотека мөлшерлемесін біртіндеп төмендету тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің арқасында мүмкін болып отыр. Алғашқы 8 жылда несие бойынша ай сайынғы төлем мөлшері 155 мың теңге болса, кейін ол 87 мың теңгеге дейін түседі. Мұндай мүмкіндік несие төлемін отбасы үшін қолжетімді етеді. Екіншіден, «OKS Development» құрылыс компаниясы «Asar House» тұрғын үй кешенін салып, Отбасы банк клиенттеріне жаңа пәтердің кілттерін тапсырып жатыр. Келешекте бұл кешеннің жанынан екінші тұрғын үй кешені бой көтереді. Салымшыларымыз бұл пәтерлерді 70/30 бағдарламасы бойынша алған. Бұдан бөлек, бірінші нарықтан үй алуға мүмкіндік беретін 50/50 бағдарламасы да бар, – деп түсіндірді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
«Asar House» тұрғын үй кешені – жер үсті паркингі мен ішкі ауласы бар 5 қабатты кірпіш үйлер. Тұрғын үй кешені «OKS Development» компаниясына тиесілі. Ол нарықта 2001 жылдан бері жұмыс істеп келеді әрі Шымкентте 200 000 шаршы метрден аса тұрғын үй мен коммерциялық ғимараттар салып үлгерді.
Құрылыс компаниясы салып жатқан үйлердің сапасы мен уақытында тапсырылуына баса мән береді. Дәл қазір «Shymkent City» жаңа шағын ауданында «OKS Development» жерасты паркингі, жасыл желекке оранған ауласы және балалар алаңы бар төрт тұрғын үй кешенін салып жатыр («Asar House Plus», «Prime Park», «Modern City» және Престиж). Сондай-ақ аталған компания «Seitzhan School» атты жаңа жекеменшік мектеп салды, оның ашылуы қыркүйек айына жоспарланған.
– Отбасы банк пен Қазақстандық Тұрғын үй Компаниясының қолдауымен осы үйлерді салып бітірдік. Былтыр сәуір айында басталған құрылыс жұмыстары биыл қасиетті Ораза айт мерекесінде аяқталып, пайдалануға беріліп отыр. Негізінен, осы сияқты тағы 5 тұрғын үй кешенін тұрғызып жатырмыз. Көпшілігі Шымкентсити аумағында орналасқан. Ал «Asar House» тұрғын үй кешенінің жалпы ауданы – 6 мың шаршы метр. 100 пәтерден тұрады. «OKS Development» компаниясы тек үздік материалдарды пайдаланады және клиенттердің қолайлы өмір сүруі үшін жайлы жағдай жасайды. Осылайша, жоғары сапалы тұрғын үй кешендерін салады. «Asar House» – Шымкент қаласында жайлы баспанада тұрып, толыққанды өмір сүру туралы арманды шындыққа айналдырған компанияның жаңа да бірегей жобасы. Бұл тұрғын үй кешені үлестік құрылыс туралы заңнама шеңберінде салынды. Үлескерлерге үй салына бастаған сәттен бастап, құрылыс компаниясымен еш күдік-қорқынышсыз шарт жасасуға болады. Сонымен қатар қосымша кепілдіксіз «Отбасы банк» АҚ-да ипотека ресімдеуге мүмкіндік бар. Үлескерлік құрылысқа кепілдікті «Қазақстандық Тұрғын үй Компаниясы» АҚ береді, – деді «Asar House» тұрғын үй кешенінің құрылысын жүргізген «OKS Development» компаниясының басшысы Асылжан Құртаев.
Салтанатты іс-шара барысында қонақтарға ойын-сауық бағдарламасы көрсетілді. Бағалы сыйлықтар ұтысы ойнатылып, ыстық палау, басқа да дәмді тамақтар ұсынылды. Ал бүлдіршіндердің көңілін ертегі кейіпкерлерінің бейнесін сомдаған аниматорлар көтерді.
Әйгерім Нұрымбетова – көпбалалы ана. Бүгінде бес баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Үлкені – он екіде, кенжесі – бесте. Бұған дейін Қайнарбұлақ тұрғын алабында пәтер жалдап тұрған екен. Енді ол «Asar House» тұрғын үй кешеніндегі жаңа пәтер иесі атанды. «Баспанаға тағдырдың сыйымен қол жеткіздім», дейді. Бұл жөніндегі әңгімесін былайша өрбітті: «Ауруханада тазалықшы болып жұмыс істеймін. Айлық жалақым көп емес. Бірақ өзімнің жеке баспанам болса ғой деп армандайтынмын. Жағдайым болмаған соң «ASAR-UME» қайырымдылық қорына өтініш жасадым. Бір күні үйіме қордың өкілдері келді. Онлайн пәтер алу мүмкіндігін сынап көрді. Талаптарынан өте алмадым. Көңіл күйім қатты түсіп кетті. Сөйтсем, бұл әзіл-қалжың екен. Артынша, «OKS Development» компаниясынан өкілдер келіп, қолыма сертификат тапсырды. Қуаныштан жылап жібердім. Тегін үй алып тұрмын ғой. Компания бүкіл ресімдеу құжаттарын өздері жасады. Мен тек төлқұжатымды апарып тапсырдым. Қайырымдылық қоры жаңа пәтерді жақсылап әрлеп, ішін жиһазға толтырып беруге уәде берді. Кірпіштен салынған әдемі үйдің бірінші қабатынан 2 бөлмелі пәтер бұйырды. Аллаға шүкір өз үйімнің болғанына. Құрылыс компаниясына рахмет! Елдің әлеуметтік жағдайын ойлап отырған мемлекетіміз аман болсын!», деді Әйгерім Нұрымбетова.
«Баламнан бес немерем бар. Бірақ ұлым өз үйінде тұрады. Бұл тұрғын үй кешенінен пәтерді болашақ немерелеріме деп алып жатырмын. Өзім – мектепте мұғаліммін. Үш-төрт жылдан бері Отбасы банктің салымшысымын. Үйдің бағасы 26 миллион теңгедей болды. Соның 30 пайыздайын, яғни 8 миллион теңгесін депозитте жинадым. Енді ай сайын ипотекасын төлеп тұрамын. Келешекте немерелерімнің біреуіне қалдырамын. Осылай жағдай мүмкіндік беріп тұрғанда, артық баспана алып қойған жақсы. Бәрінен бұрын Отбасы банк қарапайым адамдарға ақша жинап үйлі болуға көмектесіп жатыр. Бұл – халыққа өте үлкен жәрдем. Әйтпесе, адамдардың бірден ақшаға үй сатып алуға жағдайлары жетпейді. Сондықтан арзан баспанамен қамтитын осы банкке жүгінеді. Қаржы ұйымының алдағы істері сәтті бола берсін!», деді жаңа үйдің кілтін алған тұрғын үй кешенінің келешек тұрғыны Сәбит Құралов.
«Отбасы банк» АҚ-ның Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Дәурен Саудабаевтың айтуынша, «Asar House» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің 25 пайызы банк арқылы сатылған. Жалпы, Отбасы банк – тұрғын үйдің құрылысы енді басталып жатқан кезеңнен пәтерді сатылымға қоятын бірден-бір қаржы ұйымы саналады. Ең басты шарты – «Қазақстандық Тұрғын үй Компаниясы» АҚ-ның оған рұқсаты болу керек.
2023 жылы мемлекеттік бюджет есебінен 12,9 млрд теңгеге 3342 пәтерлі 72 көпқабатты тұрғын үйдің (254,2 мың шаршы метр) құрылысын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде, жалгерлік 29 үй (1364 пәтер), кредиттік 43 үй (1978 пәтер) салынады. Жыл қорытындысы бойынша 3072 пәтерлі 67 тұрғын үйді пайдалануға беру қарастырылған.
Айта кету керек, «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ – еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын бірден-бір банк. Ұйым Еуропалық құрылыс жинақ кассалары федерациясына (ЕҚЖКФ) және Халықаралық тұрғын үйді қаржыландыру одағына кіреді. Банкінің жалғыз акционері – «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ.
ШЫМКЕНТ