Аймақтар • 24 Сәуір, 2023

Заманауи жатақхана

637 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Семей қаласындағы Шөже Қаржаубайұлы атындағы көшенің бойынан алыстан көз тартатын еңселі әрі әдемі ғимарат бой көтерді. Бұл – Әлихан Бөкейхан университетінің студенттері үшін салынған ерекше үлгідегі жатақхана.

Заманауи жатақхана

Былтырғы қыркүйекте Абай облысына барған сапарын­­да Мемлекет басшысы Қасым-­Жо­март Тоқаев «Семей – ұлт­тық ғы­лым мен білімнің, өнер ­мен мәдениеттің тарихи орталы­ғы» деген болатын. Сондықтан жаңа жатақхананың ашылуы өңір­дің елдің дамуына серпін беретін қуат­ты аймаққа айналу жолындағы алғашқы қадамдарының бірі десе де болады. Сондай-ақ бұл Пре­зиденттің «қайта шаңырақ көтер­ген облыстың көркеюі үшін бар­лық жағдайды жасаймыз» деген уәдесінің орындала бастауының дәлеліндей.

Шынында да, жоғары білім­ге талпынған талапты жас­тар­дың жарқын болашағына қанат бітіретін Студенттер үйі­нің ашы­луы өңір өміріндегі елеулі оқи­ғалардың бірі болды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің ашылу салтанатына арнайы қатысып, студенттермен кездесуін де ерекше жағдайға балар едік. Жаңа жатақханалардың пайдалануға берілуі – саладағы оң өзгерістердің бастамасы.

400 орынға шақталған Әли­­хан Бөкейхан университетінің жаңа «Студенттер үйі» – хостелдік тип­те салынған заманауи студент­тік баспана. Мұнда студенттер­ге қажетті дүниелердің барлы­ғы ескерілген. Бұл биыл 25 жыл­дық мерейтойы аталып өтілетін университет үшін зор жетістік. Университеттің өз қаражатына жатақхананың (1,5 млрд теңге) салынғаны да оқу ордасының заман талабына сай ізденістерге қол жеткізіп келе жатқандығын аңғартса керек.

чсм

Құрылысы 2021 жылдың кү­зіне басталған 6 қабатты «Сту­денттер үйінің» жалпы ауданы – 6 мың шаршы метр. Мұнда 136 бөлме бар. Жатақхана ғимара­ты барлық заманауи талаптарға сай жабдықталған. Жарық әрі кең, құрылыс барысында ыңғай­лылық пен экологиялылық талап­тардың сақталуына да баса мән берілген. Жатын бөлмелермен қа­тар, жастар баспанасы заманауи ас үйлерімен, коворкинг-аймақтармен, медициналық кабинеттермен, Wi-Fi желісіне қо­сылған кітапханамен, фитнес залмен, кір жуатын бөлмемен және басқа да тұрмыстық, қосалқы жай­лармен жабдықталған.

– Жасыратыны жоқ, елі­міздегі көптеген оқу орында­рын­да жатақхана жетіспейді. Бұл соңғы жарты ғасыр шамасын­да күн тәртібіне шыққан проб­лема. Мәселен, Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінің жанындағы ака­де­миялық қалашықтың өзі 1974-1975 жылдары салынған. Ақтөбе университетіне жатақхана салуға 1985 жылы инвестиция бөлінген. Содан бері ешқандай оқу орны үшін студенттер тұратын жаңа жатақхана салынған емес. Ал қа­зір Қазақстанда демография­лық дүмпу жүріп жатыр. Жастар ­саны қарқынды артып келеді. Соңғы ­үш жылда 1,5 млн баланың дүние­ге келуі – соның дәлелі. Олар­­ды туған сәтінен бастап ба­­лабақшамен қамту, жайлы мектептерде білім алуына жағдай жасау, оқуға түссе, жатақханаға орналасуына мүмкіндік беру сияқты мәселелер толассыз туындап отырады. Оқу бітірсе, мамандығына сай жұмыс табуы да қазірден ойландыратыны шындық. Семейде жаңа үлгідегі жатақхананың пай­далануға берілуі студенттер үшін теңдессіз игілік екені анық, – деді Саясат Нұрбек.

Министр сондай-ақ жастар үшін мамандық таңдаудың ма­­ңызы айрықша екенін атап өт­ті. Өйткені ғаламдық өзге­­ріс­­тердің жанданып, техно­ло­гия­­лардың дами түсуі студент таң­даған мамандықтың қан­­ша­лық­ты өміршең болаты­нына тигізер әсері бар. Сол себепті ең­­бек на­рығында қандай маман­дықтар трансформацияға ұшырай­тын­дығын үнемі қадағалап отыру қажет.

– Қазақстанның келешекте Қытаймен визалық шектеулерді алып тастауы да жастар қауымын қазірден ойлантуға тиіс. Өйткені серіктестік мақсатта Қытайдың еркін байланыс орнатуы олардың озық компанияларының, бизнес орталықтарының еліміздің барлық аймағына келуіне жол ашады. Сол кезде аудармашы із­деуі, басқа да жұмыс орында­рын ашуы мүмкін. Қытай тілін иге­ру қажеттігі туындайтындықтан, қазірден бастап оқу орындарынан Қытайды зерттеу орталықтары ашылуға тиіс, – деді министр.

С.Нұрбек университет ректоры Шырын Құрманбаеваға атал­ған ұсынысты жан-жақты қа­растыру керектігін еске салды.

 

СЕМЕЙ