Халық • 24 Сәуір, 2023

Ана тілі, «Абай жолы» және Алина

722 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ол әлеуметтік желідегі парақшаларының маңдайына «Қазақ тілін насихаттаушы» деп бадырайтып жазып қойыпты. Өзімен сөйлестік. «Тегім – корей, ұлтым – неміс, тілім мен рухым – қазақ», деп жауап берді. Сосын оның онлайн сабақтары туралы бейнематериалдарды ақтарып көрдік, мемлекеттік тілді өзгеше методикамен үйретіп жүр екен.

Ана тілі, «Абай жолы» және Алина

Сабақ басталар алдында студенттерімен бірге Әнұранды нақышына келтіріп айтатыны да көңілге жылылық ұялатты. Сабақ арасында студенттерін сергітіп алу үшін Абайдың «Көзімнің қарасы», Шәмші Қалдаяқовтың «Анашым» әндерін тіл үйренушілермен бірге шырқайды.

Оның есімі – Алина Кан. Өзі айтқандай, ұлты неміс болса да, қазір әлеуметтік желі арқылы қазақ тілін кеңінен насихаттап жүрген өзге ұлт өкілі. Оның онлайн сабақтарын миллиондаған адам көреді. Алматы облысына қарасты Бақанас елді мекенінің тумасы Алина қазақ тілі курсында тегін сабақ береді. Алдыға қойған мақсаты туралы сұрағанымызда ол: «Мен еліміздегі әр азамат қазақ тілін жетік меңгерсе екен деймін. Осы арқылы қазақ тілін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыруға үлесімді қосқым келеді, сол үшін де бар уақытымды қиып, курста тегін сабақ беріп келемін», деді.

Балалық шағы Бақанаста өткен Алина көрші қазақ балаларымен бірге ойнап жүріп, қазақ тілін жақсы меңгеріп алған. Тіпті оның мақал-мәтелдерді де, тұрақты сөз тіркестерін де өз орнымен қолданатыны сүйсіндірді. Жұмыстан шаршағанда қазақша көркем әдебиеттерді оқып демалатынын да жасырмады. «Сізге ұнаған қазақша кітаптар қайсы?» деген сұраққа ол: «Әрине, «Абай жолы», деп еркін жауап берді. Сөйтсек, кейіпкеріміз мектепте жүргенде-ақ «Абай жолын» оқып, ана тілімізді еркін меңгеруге жол іздепті. «Қазақ мәдениетіне, әдебиетіне, тіпті салт-дәстүрге қатысты барлық құндылықтарды білгісі келетіндер болса, ең алдымен «Абай жолын» оқуы керек. Мен солай істедім, өзім осы шығармадан қазақтың небір көркем сөздерін үйрендім. Бір халықтың тұтас өмірін баян ететін көркем шығарманы жаным, рухым қазақ дейтіндер сөзсіз оқуға міндетті», дейді ол. Оның әлеуметтік желідегі парақшасынан Мұқағали Мақатаевтың «Ең бірінші бақытым – халқым менің» деп басталатын өлеңін оқып, жерлестерімізге Отанды сүю, патриот болу туралы жалынды сәлем жолдағанын көріп, тіпті марқайдық.

Технологиялық бағытта білім алса да Алина Канның мемлекеттік тілді насихаттау жолына шындап кіріскені анық байқалады. Осы мақсатта ол «Тіл қозғалысы» жобасына қатысып, қазақ тілін үйренушілермен білгенін бөлісуге, олардың тезірек тіл сындыруына ниеттенген. Қазір Алина Кан жұмыс істейтін «Сөйле» клубы Қазақстанның 12 қаласында бар. Кейіпкеріміз Алматы қаласындағы клубта сабақ береді. Бұл курстың басты мақсаты – мемлекеттік тілде сөйлесуді үйрету, қазақ тілінің аясын кеңейту. «Мен үшін «Тіл тұтастығы – ел тұтастығы» деген мәтелдің маңызы зор. Ал менің жеке мақсатым – әрбір тіл үйренушіге өз еліне, жаннат жеріне, тұғырлы тіліне деген махаббатты ояту. Көптеген азаматтың өз тілін білмейтіні шындық, мен осы орайда оларға өз тіліңізді үйреніп, қоғамға үлес қосыңыз дегім келеді».

Әрбір адам баласы үшін шексіз бақыт екеу болса, соның бірі – Отан, ал екіншісі, тағы да – Отан. Біздің кейіпкеріміз де өзі туып-өскен, дәмін татып, суын ішкен атамекенін көркейтуге, соның болашағы үшін үлес қосуға ниетті екенін өз іс-әрекетімен дәлелдеп келеді. Біз үшін ел – бір, тіл – бір, мақсат-мүдде де – бір. Қағынан жерінген құландай болған кей отандасымыздың өз тіліне мұрын шүйіретін кісәпірлігіне қарап, Алинадай айтулы қыздарға алғыс айтқымыз-ақ келеді.