10 Шілде, 2014

Нұрбай батыр

2209 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
58170 Бабаларымыздың өмірі мен өскен ортасы және тұтастай алғанда қазақ елінің шежіресі, сондай-ақ, ауыз әдебиеті мен аңыз-әңгімесі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқаны ақиқат. Әрине, оны одан әрі зерттеп, зерделеу тарихшы, ғалым-этнографтардың төл ісі. Ал, бүгінгі күні бізге жеткен деректерге қарағанда, олар сонау көшпелі заманда халықтың басын біріктіріп, ел мен жерді жау шапқыншылығынан қорғауда жанқиярлық танытқан аса ірі тұлғалар екені даусыз. Елдің бірлігі мен тұтастығын сақтау үшін бүкіл өмірін күреспен өткізіп, халық жадында дана қайраткер, қаһарман қолбасшы ретінде жатталған. Міне, осындай баһадүрдің бірі – Нұрбай Алтайұлы дер едік. Оның есімі қалың Арғын-Алтай руына ұран болған. Аса қырағы батыр XVII ғасырдың басында Жаңаарқа өңірінде дүниеге келіпті, сонда өсіп, ер жетіпті. Ат жалын тартып мінгеннен бастап, сан рет қалмақтармен болған қиян-кескі шайқастарға қатысып, туған жерін қорғағаны айрықша аталып, ерекше ауызға алынып, ел ішінде міне төрт ғасыр бойы есімі аңызға айналып отыр. Нұрбайдың анасы Әниша Еділ бойы қалмақтарының қызы екен. Ол кісінің тегінде еуропалықтардың да қаны болған деседі. Себебі, Әниша кескіні түзу, жіңішке, ақсұр өңді, көзі көк, аспан түстес шаралы екен. Бізге жеткен аңызға қарағанда, Нұрбайдың көзі де көгілдір аспан түстес, қарашығында тұман сыңайлы қара түс болған сияқты. Шегіркөз аталуы содан. Еуропалықтардай кескіні түзу, аса ажарлы адам болған деседі. Нұрбай жасынан өжет, қайсар мінезді болып өсіпті. Ес білгеннен қолына қару алып елін қорғаған. Қатардағы жауынгерден, қол бастаған хас батыр деңгейіне көтерілген. Сарбаздарына батылдық пен ержүректіктің тікелей үлгісін көрсетіп, тәртіптің бұлжытпай орындалуын қатаң талап еткен. Дұшпанмен ешқашан ымыраға келмеген. Сол себептен де халық арасында «Нұрбай батыр маңына қатал, жауына апан» деген қанатты сөз қалыптасып қалған. Нұрбай батыр 1609-1675 жылдары шамасын­да өмір сүріпті. Бұл Есім, Жәңгір, Тәуке хан­­­дардың би­лік құрған тұстарына сәйкес келеді. 1627 жылы Есім хан бастаған жорыққа он сегіз жасар Нұрбай да қатысыпты. Қорғасқа таяу жердегі шайқаста Ойрат тайпасы көсемдерінің бірі Қоту-Қойсынның інісі Барғаймен жекпе-жекке шығуға ақбоз атпен тұра шапқан. Сонда топтан шыға келген жас жігітті менсінбеген қалмақ батыры: «Алдымда тұрған жас бала, Бола берме мас бала. Үмітің болса жаныңнан, Қарсыласпай, қош бала», деген екен. Нұрбай батыр жұлып алғандай: «Төгейін деп келемін, Кәпір қалмақ қаныңды. Жіберуге келемін, Жеті тамұқ түбіне, Бір шыбындай жаныңды», дейді. Сөйтіп, арпалыс басталып кетеді. Екеуі найзаласады. Барғай Нұрбайды маңдайынан жаралайды. Бірақ қазақ батыры бұл жолы асқан ерлік жасап, қалмақтың өте мықтысы, құра­лай­ды көзге атқан мергені Барғайды найзасымен шаншып өлтіріп, одан әрі қарай шайқаса береді. Есім хан анығын білмек болып: «Нұрбай қай жерінен жараланды?» деп сұрайды. Ханның қасында тұрған бір нөкері: «Ол тұп-тура маңдайынан жаралы болды», дейді. Сонда Есім хан: «Онда Құдай берген екен, даңқты батыр болайын деп тұр екен», деп шаттанады. Ел аузындағы әңгімеге қарағанда Есім хан Нұрбайға осы ерлігі үшін ақсауыт, дулыға, алмас қылыш пен алты қанат ақ боз үйді сыйға тартыпты. Бұл қымбат жәдігерлер Нұрбай батырдың үлкен ұлы Сәти ұр­пағында сақталып келіп, өкінішке қарай, дүрбелең замандарда бірте-бірте жоғалып кеткен. Бұл Нұр­байдың алғашқы ерлігі еді. «Қара қалмақ Барғайдың басын кесіп, Бақ алған Нұрбай батыр он жетіде жекпе-жектен. Ерлігі үшін алашқа мағлұм болып, Ұранға аты шыққан сол себептен» – деген жыр жолдары ел жадында сақталған. Атақты Мәшһүр Жүсіп Көпей­ұлының шежі­­ресінде («Қазақ ше­жіресі», Алматы. «Жа­лын» баспасы, 1993 ж., 25-26 беттер) мынадай қызық деректер келтірілген: «Алтайдың ақ сауы­ты Нұрбайда қал­ған. Қалмаққа олжаға түсіп кет­кен жерінен Нұрбай өзі барып алып келген, сауыттың аты Ше­жекөз. Сондықтан Нұр­бай ұра­ны «шежекөз» болған. Нұрбайдан бас­қа­сында белгілі ұран жоқ. Әупәй, Қуандық аталған... Алтайдың балаларының ішінде өскен-өнгені, толығы... Мойын болса керек. Бұл тоқал – Мойынды туған соң қалмаққа олжа болып, жау қолына түсіп кеткен. «Нұрбайдан басқасы қалмаққа барады дейсің бе? Нұрбай барып алып келген». Жау қолынан мерт болар алдында Алысай Бәйеш батыр айтқан: «Бар арманым, әттең ат үс­тінде алты Нұрбайдың ортасында жаумен шайқасып өлмедім-ау»,  деген сөз халық жадында әлі күнге сақталып келеді. Бір ұрыста аты әлсіреп, сүрін­шектей берген ағасы Алысайдың қолынан туды жұлып алып, жаудың жебесі қара санынан бір түйір бұлшық етін жұлып кеткеніне қарамастан, әскерді бастап, қал­мақ қонтайшысы шатырын тіккен төбеге тұра шапқан. Төбе басын­дағы жауды тас-талқан етіп, Алтай­дың қылқұйрық қадаған туын тіккен деген әңгіме де бар. Нұрбайдың бұдан басқа да ерліктері үлкен бір кітапқа мазмұн болуға жетерліктей. Нұрбай батыр аға-інілеріне, балалары мен туыстарына қалың­дықты өзі таңдап, құда түсіп, алып беруді дәстүрге айналдырып­ты. Қалыңдық таңдағанда бола­шақ құдалардың дәулеті мен сәуле­тіне емес, алдымен келіннің денсау­лығына баса мән берген. Нұрбай руының жігіттері ерлі­гімен елге аян, жолдасын жауға бермес, сертке беріктігімен ерек­ше­ленеді. Ел аузында «Батыр Нұрбай», «Нұрбайда үрку де жоқ, қорқу да жоқ», «Шежекөз Нұрбай» сияқты тіркестер жалпы осы әулеттің даңқын айғақтайтын белгідей қалыптасып қалған. Батыр әулеті онша көп емес еді. Баба ерлігін мақтан тұтқан ұр­пағы сол жолды мирас етіп, жаугершілікпен күн кешті. Көбі жаумен арпалысып жүріп қаза тапты. Сондықтан, Нұрбай жұрты аз ата болып өсіпті. Жылдар бойы олар туған бауыры Алысай руымен болыстас болып, тек Қазан төңкерісінің алдында ғана бір болыс ел болып жеке шыққан. Нұрбай елінің қыстауы Ақтау­дан әрідегі Шажағай өзенінің аяқ тұсы. Бұл өзен ол кезде күзге дейін арнасынан асып, бұрқырап ағып Нұрбай елі қыстауларының тұсында кеңінен жайылып жатады екен. Қалың өскен қамысты, көк құрақты ат бауырынан келердей ұйысқан шалғынды берекелі аймақ Аққұдық, Тастықұдыққа талайлар көз тастапты. Алайда, олар тегеурінді тойтарыс алып отырған. Шажағайдың осы тұсы қыстай мың жылқы тебіндеп шықса да жетерліктей сүбелі болыпты. «Аққұдық, Тастықұдық – әккілі жер, Өзі өлмей қондырмайды Шөмішбай ер...», – деген Күлдібай ақынның тарихта қалған сөздері атақоныс үшін болған сүрең айқастан кейін айтылған. Сұсы қатты жауынгер Нұрбай­дың қол астындағылары сыртқы жаудан қорған болып еркін көшіп-қонып жүрген секілді. Атығай Қатпартаста, Мұңлы-Қулының солтүстік-шығыс жағынан бері Сарысу, Ақбастауда, бір шеті Қызылтауға, Шуға дейінгі аралықта жұртының ізі қалыпты. Соңғы жылдары жарық көрген кейбір зерттеулерде Нұрбай ба­тырға қатысты шындыққа жанас­пайтын деректер келтіріліп жүр. Мысалы, «Алысай-Нұрбайдың Нұрбайы да Абылай ханның жа­сағының қатарында біраз ерлік көрсеткен» деген қате дерек ұсы­нылады. Енді бір деректе «Нұр­бай барымташы батыр ретінде бей­неленген: ХVІІІ ғасырда өмір сүрген, Қаракесек руынан шыққан Ес батырдан жекпе-жекте жеңіліс тауып, қайтыс болған, қазіргі Шет ауданына қарасты Қайрақты бойында мазары көтерілген» делінген. Бұл қате пікір. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазбаларына жүгінсек, Нұрбай батыр XVII ғасырда өмір сүрген, ХVІІІ ғасырдағы тарихи оқиғаларға еш қатысы жоқ. Сондықтан Нұр­бай батыр Абылай ханмен де, Қа­ракесектің Ес деген батырымен де замандас болмаған, бір ғасыр бұрын өмір сүріп, Есім ханның жорықтарына қатысқан. Көнекөз қариялардың айтуынша, Нұрбай батырдың сүйегі қазіргі Жаңаарқа ауданындағы Ақтау ауылының маңында, Шажағай өзенінің бойында, өзінің атақонысында жатыр. Нұрбай ешқашан барымташы батыр болмаған. Ол ел басына қиын-қыстау күн туған заманда жоңғар шапқыншыларына қарсы қол бастаған Алаш батырларының бірі екендігінде шүбә жоқ. Адам ойы да тымық күнгі теңіз айдыны іспеттес. Жел соқса болды, оның бетін де күміс жалдары ойнақшып, толқындар қаптап кетеді емес пе? Адам да сол секілді. Ойдан ой өрбиді, сөзден сөз туындайды. Менің қолыма қалам алып, Нұрбай батыр жөнінде өз білгенімді, көнекөз қарттардан естігендерімді, тарихи және әдеби шығармалардан оқығанымды жазғым келді. «Шыңғыс хан», «Батый хан» кітаптарының авторы Ян: «Өзі көрген ғаламат оқиғалар жөнінде жазып, артында сөз қалдырмаған адам елін жау шапқанда бар асыл дүниесін өзіме бұйырмасын, өзгеге де бұйырмасын деп ұлан құмға апарып көміп тас­тайтын сараңмен бара-бар», деген екен. Мен сол сараң жандай көрген-білгенімді, естігенімді жасырып қалмай, керісінше ата-бабаларымыздың туған жерін, өскен елін қалай сүйгенін, зұлым жаудан қорғауда қасықтай қанын да, шыбындай жанын да аямағанын жазуды жөн көрдім. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Ұлы тұлғаларды білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес», – деген болатын. Алайда, елдің тарихына тікелей қатысы бар Нұрбай батырдың есімі қалың жұртшылық арасында әлі кеңінен танылмай отыр. Алдағы уақытта оның биік тұлғасы талай шығармаға арқау болады деп ойлаймыз. Ол жайында деректер әлі жүйеленіп, зерттелмеген. Алайда, болашақта қаhарман қолбасының даңқын асқақтатып, тың деректерді ақтаруға мүмкіндік бар. Бүгінгі ұрпаққа өнеге болуға лайықты батырдың жүріп өткен өмір жолын тарихи көзқараспен таңбалап шығып, есімін елдімекен мен көшелерге беріп, Қарағанды қаласында ескерткішін орнатқан жөн болар еді. Рашит ӘЛ-КАРЕНИ (КАРЕНОВ), Халықаралық ақпараттан­ды­ру академиясының академигі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, профессор.