Салтанатты шараға Еуразия ұлттық университеті мен Ош мемлекеттік университетінің ректорлары Ерлан Сыдықов пен Құдайберди Қожобеков, еліміздегі Қырғыз Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Дастан Дюшекеев және екі елдің ғалымдары мен оқытушылары, студенттері қатысты.
– Бұл – біздің негізгі серіктесіміз Ош мемлекеттік университетімен ғылыми-академиялық ынтымақтастық аясындағы байланысты кеңейтудегі маңызды қадам. 2019 жылдан бастап біздің оқу орнында Қырғызстанның жоғары оқу орындарынан 200-ден аса өрен әртүрлі білім беру бағдарламалары бойынша оқыды. Орталықтың ашылуы бауырлас екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ерекше үлес қосатынына сенімдіміз, – деді Ерлан Сыдықов.
Былтыр Қырғыз елінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филиалы ашылды. Бүгінгі таңда онда 30-ға жуық қырғыз студенті білім алады. Олар қазақ тілі, аударма ісі мен әдебиет мамандығы бойынша оқиды.
– Біздің университеттер арасындағы ынтымақтастық Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың дамуына әсер етеді. Өйткені білім – мемлекеттер арасындағы көпір. Біз үшін Еуразия ұлттық университеті – Қазақстандағы үздік университет. Бүгінгі маңызды іс-шара екі жоғары оқу орны арасындағы достыққа серпін береді деп сенемін, – деп атап өтті Ош мемлекеттік университетінің ректоры Құдайберди Қожобеков.
Сонымен қатар еліміздегі Қырғыз Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Дастан Дюшекеев екі мемлекет арасында білім беру саласында келісім бар екенін жеткізді. «Орталықтың ашылуы біздің азаматтарымыз, осында оқитын студенттер үшін сапалы білім алуға жол ашады», деп атап өтті дипломат.