Бұл аюдың терісін жазушыға 1960 жылы Тарбағатай өңіріне барғанда Үшқұдық елді мекенінде Дөненбай есімді жас шопан сыйға тартқан. Шопан жігіт газеттен сүйікті жазушысы Шығыс Қазақстанға келетінін оқиды. Қаламгердің алпыс жылдық мерейтойына осы аю терісін сыйлауды жөн көреді. Аудан басшыларының ортасында тұрған қаламгерді бірден таныған ол жиналыс бітіп, жұрт тарап жатқанда Сәбеңе амандасып, қолындағы қапқа салынған аюдың терісін сыйлапты. Жазушы мұнда бір сырдың барын сезіп, мән-жайын сұрайды.
Дөненбай айы-күні жеткен әйелін аудан орталығына апару үшін кешкі салқынмен жолға шығып, екеуі де шөлдеген соң, сол маңдағы жақын ауылға су алып келуге кетеді. Ауылға жеткенде жергілікті тұрғындар қазір ғана қойларына аю шапқанын айтып, дүрлігіп, шуылдасып жатады. Мұны естіген шопан әйелін қалдырып кеткен топ жыңғылға жанұшыра жүгіріп жетсе, қызыл қанға боялып, ауыр жарақаттан көз жұмған Қарлығашты көреді. Жігіт ұзақ уақыт аңдып жүріп, әлгі аюды өзі атып алған.
Сәбеңе: «Сізге тартуға алып келгенім сол аюдың терісі. Мың жасаңыз. Үйіңізде, аяғыңыздың астында жатсын. Теуіп-теуіп қойыңыз, сонда менің кегімнің қайтқаны деп білемін», деген екен. Кейін Сәбеңнің ықпалымен Дөненбай Алматыға келіп, институт бітіріп, кеңшарда мал дәрігері болып жұмыс істейді. Бірде Сәбеңнің үйіне қонаққа келген өзбек жазушысы Насыр Фазылов төрге шыға бере көзі аюдың терісіне түсіп, мән-жайын сұрап білген екен. Ол Тарбағатайдағы аяулы келіншектің түбіне жеткен, оның болашақ перзентінің өмірін қиған, ал шопан жігіт Дөненбайдың арманын өшірген осы аю жайында «Бөстек» атты әңгімесін жазған көрінеді.
Жанар ТАЕВА,
С.Мұқанов пен Ғ.Мүсірепов әдеби-мемориалдық музей кешенінің ғылыми қызметкері
Алматы