Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Кітаптары кемінде 4-5 рет қайта басылды. Рухты өлеңдердің күші ме, әлде басқа ма, әйтеуір Шыңжаңдағы қазақтар Шахановты жастанып оқыды. Талай студент жастар қыздарға Мұхтар Шахановтың өлеңімен хат жазды, әрине, өз өлеңі ретінде. Осылай ақын есімі әр жүректің төрінен орын алды.
Хош, Шаханов келетін күн де жетті. Ол кезде мен ағылшын тілі институтында оқимын, әр күні сағат жеті мен тоғыз арасында кешкі оқу бар, ақынның кешіне бару үшін сол сабақтан сұрануым керек. Біздің жетекшіміз қытай профессоры, ол Мұхтар Шахановты білмейді, амал жоқ, басқа «классикалық» сылтау тауып, ақыры Үрімжідегі Халық сарайы ғимаратына жеттік. Аңыз ақынның өлеңін тыңдауға келген халықтың қарасы нөпір. Тіпті, ең соңғы қатардан алған орнымызды үлкен кісілерге бердік те, түрегеп тұрып, кешті тамашалауға дайындалдық.
Санаулы сағат та келді. Бірақ Мұхтар Шаханов әлі жоқ. Алты мыңға жуық халық анда-санда шапалақ ұрып, Шахановты іздеді. Ешкім келмеді. Күбір-күбір әңгіме көбейген соң, ұйымдастырушылардың бірі Мұхтар ақынның жолда келе жатқанын айтып, үміт отын жақты. Арада тура елу минуттан кейін көк костюм киген, шашын артына қайыра тараған, орта бойлы кісі ел алдына шықты. Иә, Мұхтар Шаханов – осы, тура сол кітаптан көрген бейне қазір көз алдымызда тұр.
Зал сілтідей тынып тұр. Мұхаң айналасына барлай қарады, осыншама халықтың өлең тыңдауға жиналарын күтпесе керек, алғы сөзін кешірім сұраудан бастады. «Айналайын, ақпейіл халқым, мені кешіріңіздер, тегінде мен кешікпейтін адам едім, бірақ сіздердің елдің заңы басқа екен, оның үстіне мен қазір Қазақстанның Қырғызстандағы Төтенше және өкілетті елшісімін, ондай лауазымдағы адам бұл жаққа алдын-ала айтып, хат жазып, арнайы шақырумен келуі керек екен, мен оны қайдан білейін?», деп ағынан жарылды. Халық жылы қарсы алып, қошеметін аямады.
Әрі қарай ақын бірнеше өлеңін іркес-тіркес оқып, қара өлеңге құмар жұртты бір серпілтіп тастады. Сосын Мұхаң Шыңғыс Айтматов туралы естеліктерімен бөлісіп, екеуара достықтарын, ұлы жазушының өнердегі биік мәртебесі хақында әңгімеледі. Өз кезегінде ақынның сөзіне жазылған әндер орындалып, жастар өлеңдерін оқыды. Қатты тебіренген Мұхаң: «Мен дүниенің әр түкпіріне барып жүрген ақынмын, бірақ өлең тыңдаймыз деп жиналған мынадай көп халықты бірінші рет көріп тұрмын», деп көңілдегі сөзін айтты.
Жыр кеші белгіленген уақыттан бір жарым сағат кейін аяқталды. Көрерменнің Мұхтар Шахановты жібергісі жоқ. Тіпті, арнайы жасақты бұзып-жарып өтіп, ақынмен амандасуға, суретке түсуге, қолтаңба алуға ағылғандардың қарасы мол болды. Бірақ оларды күзет қызметкерлері ары өткізбеді. Амалсыз қалған қазақ жастары Мұхтар Шаханов қонған қонақүйге қарай ағылды. Сол түні ақын өзін іздеп барған 300-ден астам қазақ жастарына, патша көңіл оқырманына қолтаңба беріп, таңғы төрттің шамасында Алматыға ұшып кеткенін естідік. Бұл нені білдіреді? Бұл – қазақтың қара өлеңінің сансыз жүрекке жарық түсіргенін, ақындардың бұрын да, қазір де елдің сөзін айтатын, мұңын жоқтайтын ту ұстары екенін айғақтайды.
Сол сапарынан кейін Мұхтар Шаханов пен Шыңғыс Айтматовтың «Құз басындағы аңшының зары» деген кітабы қытай тіліне аударылып, басылып, Шанхайда өткен кітап-көрмеде арнайы таныстырылымы өтті. Міне, осының бәрі алыста жүрген ағайынның, есті оқырманның қара өлеңге, Мұхтар Шахановтың шығармашылығына деген шексіз махаббаты.