Бүлінгенді қалпына келтіру, бардың бағасын асыру, қоғамды өркендету мен қалалықтардың жайлы тұрмысын жақсарту – жастарды елжандылыққа тәрбиелеу үшін керек дүние. Талдықорған қаласы, Гауһар ана көшесі 110 мекенжайында орналасқан «Жас техниктер стансасы» деп аталып келген нысанда өткен республикалық экосенбілікте осы ұғымның маңызына тағы да бір мәрте көз жеткіздік.
Аталған шараны «KazEco Patrol» РҚБ ұйымдастырып, оның жоғары деңгейде өтуіне Талдықорған қалалық әкімдігі, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі, «Алтын Адам» Жетісу шеберлер» орталығы және Оқушылар сарайы мекемесінің қызметкерлері мен экоеріктілер атсалысты. Жалпы, сенбілікке 100-ден аса адам қатысты.
Айта кетерлігі, аталған нысан қаланың орталығында орналасқанымен, 36 жылдан бері қараусыз қалғандықтан, шөп басып, қоқыс үйіліп, ағаштары қурап, жылыжайлардың қаңқасы қаусап, сұрқы қашып кеткен екен. Қысқасы, 1970 жылдары іргесі қаланып, сол тұстағы экологияға қызығатын жастардың жиі келетін жеріне айналған стансаның бүгінгі жағдайы аянышты. Сол кезде осы ортадан болашақ арманын ұштағандардың бірі бүгінде «Алтын Адам» Жетісу шеберлері» орталығының директоры, ұлттық өнер мен экологиялық мәселелерге жіті назар аударып, туризм саласын өркендетуге бастамашы болып жүрген Динара Бакирова осыдан 40 жыл бұрын өзі куә болған жағдайлармен бөлісті.
– Бастауыш сыныпта оқып жүргенде бұл стансаға жиі келетінбіз. Ол кезде аумақта неше түрлі ағаш өсіп, сан түрлі гүл жайқалып тұратын. Жылыжайларда өсімдіктің сан түрі өсіп, балалардың қызығушылығын арттыратын. Кейін Талдықорған облысы Алматы облысына қосылған кезде бұл жер қараусыз қалып, мүлкі тоналып, кезіндегі бар көркемдік көзден бұлбұл ұшты. Қазір көрсеңіз, қоқыс алаңына айналып қалды дерсің. Бұл сенбілік «KazEco Patrol» қозғалысының облыстық филиалының ашылуына тұспа-тұс қолға алынды. Мақсатымыз – бұл нысанды қайта жаңғырту ғана емес, сонымен қатар балаларды қоршаған ортаны қорғау ісіне белсенді қатыса алатындай этноауыл ұйымдастыру, – деп атап өтті Динара Серікқызы.
Сенбілікке арнайы келіп қатысқан «KazEcoPatrol» РҚБ жетекшісі Тимур Елеусізов аталған шараның өтуіне және болашақтық маңызы бар бастаманы қолдаған облыс басшылары мен қала әкімдігіне алғысын білдірді. Сондай-ақ алдағы уақытта да бірлесе жұмыс атқаруға дайын екенін жеткізді.
Аумақты тазарту жұмысын қала әкімдігі белсенді қолдап, жұмысшылар мен арнайы техниканы да бөлді. Тракторлар, бульдозер және бірнеше «КамАЗ» және тәжірибелі жұмысшылар күні бойы еріктілермен бірге жұмыс атқарды.
– Бұл нысан бүгінде қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің меншігінде тұр. Енді мұны «Талдықорған көркейту» мекемесінің құзырына тапсырамыз. Алдымен осы нысанды тазалап, күл-қоқысы шығарылып, қураған ағаштар кесіліп, аула реттелген соң ағымды жөндеу жұмысы жүргізіледі. Сол қатарда түрлі ағаш көшеті отырғызылып, гүл егіледі. Қазір 10 штат ашылып, қызметкерлер алынды. Ағаш көшеті мен гүл қыстай осында бапталып, көктемде қаланың әр жеріне отырғызылады. Оны күтіп-баптау, өсіру жұмысына қаладағы экологиялық бағытта жұмыс істейтін қоғамдық бірлестік мүшелері мен жас экоеріктілерді тартып, олардың тәжірибе жинауына да көмектесеміз, – дейді Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Дияс Ахметқалиев.
Акцияға қалалық Оқушылар сарайының балалары да қатысты.
– Бұл шара жас экоеріктілердің қоршаған ортаға деген түсінігін тереңдету үшін өте маңызды. Өйткені жастар өздері жасаған ортаны аялауды, қорғауды бүгіннен бастап үйрегені дұрыс. Оқушылар сарайының оқушылары алдағы уақытта да осындай шараларға белсене қатысады, – дейді Оқушылар сарайының әдіскері Меруерт Мұратқызы.
Бір күнде жалпы 80 тонна түрлі қатты қалдық пен қоқыс жиналды. Енді қоқыстан тазаланған жерде келесі кезекте атқарылатын жұмыстар басталмақ.
Жетісу облысы