Қоғам • 25 Сәуір, 2023

Теріскейге көшуге ниетті

548 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысына Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Абай облыстарынан арнайы келген 76 маман бірқатар ауданды аралап, әр сала бойынша бос жұмыс орындарын ұсынды. Мақтаарал ауданында басталған «Қоныс аудару» жәрмеңкесі Сайрам ауданында жалғасып, Түркістан қаласында қорытындыланды. Үш күннің ішінде 500 отбасы, яғни 2 мыңға жуық түркістандық теріскейге көшуге ниет білдіріп отыр.

Теріскейге көшуге ниетті

Бұл бағытта биыл да 6 727 квота бөлінген екен. Қоныс аударушылар үшін мемлекеттік қолдау көрсететін Абай, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлы­тау, Шығыс Қазақстан облыс­тары белгіленген. Бөлінген квота негізінде, жыл басынан бері Түркістан облысынан 34 отбасы қоныс аударған. «Қоныс аудару» жәрмеңкесі аясын­да тұрғындарға қоныс аударған жағ­дай­да көрсетілетін әлеуметтік кө­мек­­тер, көшу шығындарын өтеу бағдарламалары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 4 өңір бойынша барлығы 3 934 бос жұмыс орны ұсынылды.

Делегация өкілдерінің айтуынша, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыс­тарында медицина, білім, көлік, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы салалары және өзге де бағыттар бойынша мамандар тапшы. Жәрмеңкеде облыс тұрғындарына ұсынылған салалар бойынша солтүстік аймақтарда тұ­рақты жұмысқа орналасуға мүм­кін­дік көп екені айтылды. Қоныс аудар­­ғандар жұмыспен қамтылуымен қа­тар, ауыл шаруашылығы және егін шаруашылығымен айналысу үшін жер алып, өз істерін аша алады. Мұнан бөлек, азаматтардың әлеуметтік тұр­мыс жағдайына да ерекше мән бері­ліп, түрлі қолдаулар жасалады. Мәсе­лен, қоныс аударуға отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК, яғни 241 500 теңге мөлшерінде материалдық көмек бері­ле­ді. Тұрғын үйді жалға алу мен ком­му­налдық қызметтер ақы төлеу жөнінен шығыстарды өтеу бойынша ауылдық және қалалық жерлерге қоныстануына қарай көмек көрсетіледі.

Айта кетелік, «Қуатты өңірлер – ел да­муының драйвері» жобасы аясында Түркістан облысынан жұмыс күші жетіспейтін солтүстік аймақтарға 2015-2022 жылдар аралығында 11 892 адам көшкен. Былтыр республика бойынша бөлінген 6 587 квотаның 32,3 пайызы Түркістан облысында игеріліп, 2021 адам қоныс аударған болатын.

 

Түркістан облысы