Саясат • 25 Сәуір, 2023

Азаптауға қарсы ортақ күш қажет

433 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елордада «Expert Independent Research Institute» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен «Қазақстандағы азаптауға қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел өтті. Азаптауға қарсы іс-қимылдың проблемалық аспектілерін талқылауды мақсат тұтқан іс-шараға Жоғарғы сот, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық, Бас прокуратура, ІІМ өкілдері, Сенат және Мәжіліс депутаттары және сарапшылар қатысты.

Азаптауға қарсы ортақ күш қажет

Дөңгелек үстелге қатысқан сарапшылардың айтуынша, елі­мізде бас бостандығынан айыру мекемелері мен тергеу оқшау­лағыштарында азаматтарды азап­тауға қатысты түсіп жатқан ша­ғым­дар көп, алайда сол қыл­мыс­тық істер бойынша жазаға тар­тылып жатқан құқық қорғау қыз­меткерлерінің саны тым аз.

Бұл туралы қоғам белсенділері әсіресе, «Қасіретті қаңтардан» кейін дабыл қағып жүр. Басқосу барысында осы маңызды мәселе мамандар талқысына са­лынды. Іс-шараға қатысқан Мә­жі­ліс депутаты, заңгер Абзал Құспан қазіргі күні Парламентке Қыл­мыстық, Қылмыстық-про­цес­тік және Қыл­мыстық-атқару кодекстеріне өзге­ріс­тер енгізу бо­йынша көлемді заң жобасы ке­ліп түскенін, қазір депутаттар қа­рауында екенін айтты.

– Бұған дейін мұндай маңызды құжаттарға өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу толықтай прокуратура органдарының еншісінде, яғни солардың монополиясы бол­са, енді тұңғыш рет заң жобасы азаматтық мекеме – Әділет ми­нис­трлігі тарапынан ұсынылып, соны өндіріске алып жатырмыз, – деді ол.

Бұл заң жобасында азаптаудың алдын алуға қатысты да өзгерістер бар екенін тілге тиек еткен қоғам қайраткері еліміздің азаптаулар мен басқа да қатыгез әрекеттерге қарсы қабылданған Ыстанбұл хаттамасына қосылғанын, алайда біз теория жүзінде оның талаптарын қабылдағанымызбен, іс жүзінде пайдаға асырмай жатқанымызды ашып айтты.

– Ыстанбұл хаттамасына егер тергеу органдары азаптау факті­ле­рі бойынша қылмыстық істерді қарамайтын болса, азаматтық қоғам тарапынан арнайы комиссия құрылатыны, оның құра­мы­на кімдер кіретіні толықтай көр­сетілген. Мен өз тарапымнан осы хаттаманың іс жүзінде жұмыс істеуі үшін бар күш-жігерімді саламын. Жоғарыда айтылған заң жобасында хаттама талаптары көрініс табуы керек. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін, тіпті келесі жылға да жалғасып кетуі мүмкін. Өйткені ол күрделі мәселе, – деді Абзал Құспан.

Дөңгелек үстелді ұйым­дас­тырушы қоғамдық қор маман­да­ры­ның бастамасымен еліміздегі пенитенциарлық мекемелердегі азаптаулардың алдын алу бо­йынша арнайы Цифрлық оқыту курсы әзірлеген. Ресейдегі танымал «Gulagu.Net» жоба­сы негізінде дайындалған плат­форманы жасауға осы са­ла­­ның қыр-сырын білетін мамандар тартылған. Азаптауға ұшы­ра­ған адамдардың құқық­та­рын қорғауға бағытталған жоба ма­те­риалдарының бәрі «pyt­kamnet.kz» сайты арқылы халық­қа қол­жетімді.

– Біздің оқу платформамыздың әле­уметтік желілерде де парақ­ша­лары бар. Мәселен, телеграмда арнайы бот жұмыс істейді. Азаптау жағдайларына куә болған кез келген адам өзінің бейне жазба және сурет түріндегі дәлелдемелерін осы ботқа жібере алады. Цифрлық мә­ліметтері арқылы олардың қайда және қашан түсірілгенін анық­­тауға болады. Мұндай қыл­­мыстардың «мерзімі өтіп кету» деген ерекшелігі жоқ. Сол дәлел­дер бойынша қылмыстық іс қоз­ғалады. Сонымен қатар біздің Facebook және Instagram парақ­ша­ларымызда белгілі маман­дар­дың қатысуымен тікелей эфирлер ұйымдастырылып тұрады, – дейді «Expert Independent Research Institute» қоғамдық қорының заң­гері Мирхат Серікбаев.

Маманның айтуынша, қазіргі күні қор мүшелері осы жоба аясында құқық қорғау органдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізіп жатыр. Дегенмен олардың болашақтағы мақсаты – бас бостандығынан айыру меке­ме­леріндегі сотталғандармен де кез­десіп, семинарлар ұйым­дас­­тыру. Өйткені жазасын өтеп жатқан адамдар мекеме қызметкерлері немесе «серке» сотталғандар тарапынан азаптау жағдайлары орын алса, не істеу керек және қайда хабарлау қажет екенін білуге тиіс.

Жиынға қатысқан Арман Сәндібаев есімді азамат пенитен­циар­лық мекемелерде орын алып жатқан сорақы жағдайларды жайып салды. Ол өзі бұрын бизнеспен айналысқан, 2017 жылы ақша жымқырды деген айып тағылып, 6 жылға бас бостандығынан айы­рылған. Осыдан 2 ай бұрын ғана бостандыққа шыққан аза­мат­тың айтуынша, мекемелерде азаптаудың үш түрі жасалады: физикалық, моральдық, психологиялық. Физикалық азаптау болса, оны денеңдегі жара­қат­ты көрсету арқылы дәлелдей аласың. Ал моральдық және пси­хо­логиялық азаптауларды дә­лел­деу мүмкін емес. Оның айтуынша, сотталғандарды мерзі­мінен бұрын шартты түрде бостан­дық­қа шығару үшін осы азаптау түрлері кеңінен қолданылады, сотталғандар одан құтылу үшін түрмедегі «ерікті көмекшілерге» үлкен көлемде ақша беруге мәжбүр.

– Бүгінде мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығу қып-қызыл бизнеске айналып кетті. Мәселен, сенің осы негізде бостандық алу уақытың келіп тұрса да, сені шығармайды. Пенитенциарлы мекемелердегі «ерікті көмекшілер» алдымен ақша талап етеді. Мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығу құны 500 мыңнан 1 млн теңге арасында. Сотталғандар бостандық алу үшін туыстары арқылы сол ақшаны тауып беруге мәжбүр. Егер ақша бермесең, саған әртүрлі моральдық қы­сым­дар жасалады, – дейді Арман Сәндібаев.

Ал «ерікті көмекшілер» деген кімдер? Олар – мекеме әкім­ші­лі­гі­не ішкі тәртіпті қада­ға­лау үшін бе­кі­тілген сот­тал­ғандар. Арман Сәнді­баев­тың айтуынша, «ерікті кө­мекшілердің» мерзімінен бұ­рын шартты түрде бостандыққа шығуды «бизнеске» айналдырып алғанын мекеме басшылығы да, сот органдары да білмейді. Олар сотталғаннан бостандыққа шығасың деп қомақты соманы алғанымен, сот керісінше үкім шығаруы мүмкін. Айналып келгенде, бостандық та жоқ, ақша да жоқ болып шығады. Біз бұл азаматтың айтқан мәліметтері қаншалықты шындыққа жанасымды екенін білмейміз. Бірақ егер рас болса, тиісті шаралар қабылдау үшін құқық қорғау органдары жіті назар аударуға тиіс деп есептейміз» деді сарапшылар.

Еліміздегі адам құқық­та­ры мен заңдылықтардың сақ­тал­уы жөніндегі халықаралық бюро директорының орынбасары, Азаптауға қарсы ұлттық коа­лиция үйлестірушісі Роза Ақылбекова түрмелердегі азаптау жағдайларының артуына қыл­мыстық-атқару жүйесі меке­ме­лерінің 2011 жылы ішкі істер органдары құрамына қайтадан берілуімен байланысты екенін айтады.

– Еліміздің Азаптауға қарсы БҰҰ конвенциясын ратифи­ка­циялағанына 29 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде жеткен жетістіктеріміз көп. Соның бірі – өлім жазасына алдымен мораторий жариялап, кейін түгелдей бас тарттық. Дегенмен азаптау фактілері әлі де тыйылмай тұр. ҚАЖ мекемелері мен уақытша ұстау оқшаулағыштары бұрын Әділет министрлігіне қарайтын. Егер олар ІІМ-не берілмегенде өткен жылғы қаңтар оқиғасында елді дүр сілкіндірген азаптау оқиғалары болмас еді, – дейді ол.

Оның сөзінше, Ұлттық коали­ция­ға жыл сайын азаптауға байланысты 200-ден астам шағым келіп түсетін болса, өткен жылы тек қаңтар айының өзінде 190 ша­ғым түскен.

Дөңгелек үстелде Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитетінің бас кеңесшісі Динара Оспанова, Қа­зақ­с­тандағы Еуроодақ елші­сінің орынбасары Адам Мадалински, «Қадір-қасиет» ҚБ төрағасы Анар Ибраева, Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау ор­ган­дары академиясының бас ғы­лыми қызметкері Индира Сейіт­қасымова, т.б. мамандар сөз алып, көтеріліп отырған тақы­рып­қа орай ойларын ортаға салды. Бас прокуратура өкілінің жиын басында айтылған ұтымды ұсыныстардың басын қосып, тәжір­ибе жүзінде қолдануға болатын кітап шығару керек деген бастамасын қатысушы қо­нақ­тар бірауыздан қолдады. Дөң­гелек үстелге қатысушылар алда­ғы уақытта азаптауға қарсы кү­ресті күшейту бойынша сарапшылармен бірлескен ұсыныстар әзірлеуді қолға алмақ.