Жұмыс • 25 Сәуір, 2023

Белсенділік төмен, бірақ...

453 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысында халық саны 1,5 млн болса, соның ішінде жұмыссыз жүргендер 4,8 пайыз­ды құрайды. Өңірде, әсіресе, жастар арасында жұмыссыздық белең алуда. Олардың пайыздық көрсеткіштері – 3,9. Ал жоғары білім алмаған, сондай-ақ еш жерде жұмыс істемейтін NEET сана­­тындағы жастардың үлесі 7,3 пайыз­ға жетіп отыр. Бұл, өкі­нішке қарай, респуб­ликадағы ең жоғарғы көрсеткіш.

Белсенділік төмен, бірақ...

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Аймақтағы жұмыссыздықпен күрес қарқынды. Президенттің тапсырмасына сәйкес, қазіргі кезде 2,5 пайыздық мөлшерлемемен шағын несие беру ісі жолға қойылды. Аталған қолдауға об­лыстағы 21-35 жас аралығындағы тұр­ғындар ие бола алады. Осыған орай, өңір­де 375 жас шағын несие алмақ ниет­те.

Түрлі бағыттағы бизнес бастау үшін 5 млн теңге көлемінде несие беріледі. Басты шарт, кепіл­ге қоятын мүлік болуға тиіс. Алматы об­лы­сы­ның жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Ахметованың айтуынша, несиеге 41 адам өтінім берген, олардың 35-нің құжат­тары мақұлданған. Қалған жастардың кепіл­дік құжаттары талапқа сай болмай шыққан. Соны­мен қатар басқарма басшысы шағын несие рәсімдеуде жастардың белсенділігі төмен екенін алға тартты.

«Өкінішке қарай, бізде жастардың белсен­ділігі төмен. Бұл насихат жұ­мыс­тарының баяу жүруімен де байланыс­ты шығар. Қазіргі таңда біз бөлінген 2 млрд теңге қаражатты 375 адамға несие ретінде беруді жоспарлап отырмыз. Егер де, өтінім беруші жастар саны артып жатса, Үкіметтен қосымша қаржы сұраймыз», дейді облыстық жұмыспен қамту басқармасының басшысы Айгүл Ахметова.

 

Алматы облысы