Ермұрат Бәпи өзінің депутаттық сауалында Үкімет шетелге шығарылған активтерді мемлекетке қайтару мәселесі бойынша нақты іс атқармай отырғанын айтты. Сондай-ақ ол кейбір істер жабық күйінде қалып отырғанын қоса айтты. Депутаттың айтуынша, атқарылып жатқан жұмыстардын мән-жайы мен нәтижелері халыққа міндетті түрде жариялануы керек.
«Ұрланған байлықты қайтаруды және экономиканы ел мен халықтың әлеуметтік қажеттілігіне жұмылдыруды талап еткен қантар оқиғасы ескі биліктің зардабынан пайда болды. Шетелге шығарылған қаражатты халыққа қайтару - күн тәртібінде тұрған аса маңызды мәселе. Осы орайда Президенттің бастамасымен арнайы комиссияның құрылуы және Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталған активтерді қайтаруды көздейтін заң шығару уәдесі ел азаматтарына біраз сенім ұялатты. Бірақ комиссия тарапынан нақты әрекет көрінбейді», деді депутат.
Сондай-ақ депутат Президент тапсырған заң жобасын әзірлеу жұмыстары тым созылып кеткенін айтты. Осы тұста ол ұрланған активтерді қайтару туралы заңды бірінші кезекте қабылдау қажет екенін атап өтті.
«Біз халықтың көмегімен сіздерді жіті бақылайтын боламыз. Бұл мәселеде біз Президенттің бастамасымен одақтасбыз немесе бұл істе Президент бізге, депутаттарға, толықтай арқа сүйей алады», деді Ермұрат Бәпи.