Саясат • 03 Қараша, 2016

Президент жапон журналистеріне сұхбат берді

3921 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұрсұлтан Назарбаев NHK телерадио хабарлар тарату корпорациясы мен «Киодо Цусин» ақпарат агенттігіне сұхбат берді.

Президент жапон журналистеріне сұхбат берді

Әңгіме барысында Қазақстан Президенті еліміздің ядролық қаруды таратпау және қарусыздану саласындағы жұмсаған күш-жігеріне байланысты сауалдарға жауап беріп, ядролық арсеналдан бас тарту туралы шешім қабылдауға әсер еткен себептер жөнінде айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстан мен Жапонияның өзара іс-қимылының, соның ішінде ядролық қарусыздану саласындағы ынтымақтастықтың перспективаларын атап өтті.

Бұдан бөлек, Елбасы өңірлік геосаяси үдерістегі республикамыздың рөлі және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы әңгімеледі.

«Мен қазір өте жақсы байланыстар, келіссөздер жүріп жатқанын білемін.  Мұны,  Жапониямен сенімге негізделген  қарым-қатынастың болуын Путиннің, Ресейдің қалайтындығын нақты білемін.  Сіздердің араларыңызда аралдарға байланысты үнемі мәселе көтеріліп келеді. Білесіздер ме, көптеген елде мұндай шешілмеген мәселелер бар.  Олар жақсы, тату, сенімге негізделген қарым-қатынастар арқылы шешіледі.  Егер Ресей мен Жапония жақсы экономикалық байланыстар, сенім орнатып,  достық, өзара сауда-саттық туралы шарт жасасатын болса өзге проблемалар да шешіледі. Мен бұған сенімдімін. Өйткені, ол жерде экономикадан гөрі саясат басым еді. Сіздердің тараптарыңыздан да, бұл тараптан да текетірес жоғары  болды. Ресей мен Жапонияның жақындасқанын қаламайтын өзге де ойыншылар да бар. Сондықтан да қазіргі уақыттағы жұмыстар дұрыс бағытта өрбіп келеді»,-  деді Назарбаев.

NHK телерадио хабарлар тарату корпорациясы мен «Киодо Цусин» ақпарат агенттігі Жапониядағы және жаһандық ақпарат кеңістігіндегі жетекші бұқаралық ақпарат құралдары болып саналады.