Медицина • 26 Сәуір, 2023

Алматыда ТМД-да тұңғыш рет жүректің қолқа қақпақшасына протез салынды

347 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кеше ТМД аумағындағы тұңғыш рет жүректің қолқа қақпақшасына биологиялық протез салды. Осы инновациялық ота арқылы Сауд Арабиясынан келген профессор Мұхамед Саллах Алрешхидан жаңа биологиялық протезді импланттау шеберлік дәрісін өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда ТМД-да тұңғыш рет жүректің қолқа қақпақшасына протез салынды

Осылайша шеберлік сағатының аясында жүректің қолқа қақпақшасын ауыстыру үшін ең жаңа «Avalus» биологиялық протезі 52 және 60 жастағы екі пациентке имплантацияланды.

Медицинадағы елеулі оқиғаға ел өңірлеріндегі жетекші кардиохирургиялық клиникалардың кардиохирургтары да ортақтасып, мамандарымыз жүре келе пайда болған және туа бітті қолқа (аорта)  қақпақшасы кеселіне биологиялық протезді имплантациялау жөніндегі оқытудан өтті.

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ басқарма төрағасы Марат Пашимовтың айтуынша, медицинадағы жаңа технологиялар мыңдаған адамдардың денсаулығын дер кезінде дұрыстауға көмектесіп отыр. Осының арқасында денсаулық сақтау саласы жоғары деңгейге көтеріліп, адам өмірі ұзарып, денсаулығы жақсарып, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету динамикасы өсіп келеді.

«Біздің клиникамыздың базасында ТМД аумағында алғаш рет Сауд Арабиясының жетекші кардиохирургінің қатысуымен жүректің қолқа қақпақшасын ауыстыру үшін соңғы буындағы биологиялық протез имплантацияланды. Бұл биологиялық жүрек қақпақшасының протезін инновациялық тұрғыда жетілдірудің 40 жылдық тәжірибесіне негізделген. Бүкіл әлемдік тәжірибедегі ең үздіктерін біріктіре отырып, осындай қақпақша құрылса, ол жоғары гемодинамикалық көрсеткіштерімен, пайдалану жеңілдігі, беріктігімен, Варфаринді қолдану қажеттілігі болмауымен ерекшеленеді», дейді Марат Орынбасарұлы.

Осы отадан өткен, яғни қолқа қақпақшасының қызметінде кінәраты бар екі науқас жүрек аймағындағы қысып ауырту, көп қимылдаған кезінде ентігу, тез шаршап қалатындықтары сияқты шағымдарымен стационарға түскен. Оларға дәрігерлердің хирургиялық араласуы ұсынылған.

Сауд Арабиясынан келген кардиохирург, Корольдік мемлекеттік кардиохирургия саласындағы клиниканың директоры Мұхамед Саллах Алрешхидан институттың жақсы жабдықталғанын айтып отыр.

«Жүрек қақпақшаларын протездеу технологиялары үздіксіз дамып келеді. Жүрек қақпақшаларын протездеу операциясы жүректегі қан ағымын қалыпқа келтіруге, жүрек жеткіліксіздігінің дамуына жол бермей, жүрекке қосымша салмақты жою үшін жүргізіледі», дейді кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев.

«Ал асқыну қаупі жоғары науқастарда, сондай-ақ егде жастағы адамдарда жүрек қақпақшаларының биологиялық протездерін қолданған жөн. Биологиялық қақпақшалардың маңызды артықшылықтарының бірі – қанды сұйылтатын дәрілерді-антикоагулянттарды өмір бойы қабылдаудың қажеттілігі тоқтайды», деп түсіндірді доктор.

Жаңа буын жүрек қақпақшасының биологиялық протезі оңай және ұзақ қызмет етеді. Бұл қақпақшаның қызмет ету мерзімі стандартты клапандарға қарағанда ұзағырақ.

Қақпақша имплантациясы үшін стандартты тәсіл де, стернотомияны қажет етпейтін, ағзаға барынша зақымы аз техника да қолайлы, бұл кеуде қуысы қаңқасын сақтауға, инфекциялық асқынулардың қаупін азайту мен ауырсыну синдромының зардабын төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ операциядан кейінгі кезеңде тыныс алу жеңілдеп, ұзақ уақыт бойы корсет кию қажеттілігі жойылады да, қалыпты өмірге тезірек оралуға мүмкіндік ұлғаяды дейді мамандар.