Поэзия • 26 Сәуір, 2023

Ақындардың халықаралық фестивалі

203 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биылғы «Қарағанды көктемі» елдің есінде ұзақ уақыт сақталады, сірә. Өйткені бұл халықаралық деңгейдегі поэзия фестивалі еді. Сонау Әзербайжаннан, Түркиядан арнайы қонақтардың ат арытып келуі оның салмағын одан сайы­н арттыра түскен-ді. Екі күнге созылған фестивальдің өтуіне мұрындық болған – Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды филиалының басшысы Жанат Жаңқашұлы, зор қолдау көрсеткен – Қарағанды қаласы әкімдігі.

Ақындардың халықаралық фестивалі

Ekber Qoşalı – әзербайжан ақыны. Ал Yılmaz Okuklu – Тәуелсіздіктің 30 жыл­дығына орай қазіргі қазақ ақында­рының өлеңдерін түрік тіліне аударып шығарған әрі Түркия қала­ларында ол кітаптың таныстырылымы өтуіне ұйыт­қы болған меценат.

– Қазақ халқына құрметіміз шексіз. Бауырлас елдердің әдебиеті мен мәде­ниеті біте қайнасуы тиіс. Қазақ­стан­нан танымал ақын-жазушылар көп шыққаны мәлім. Фестиваль өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған, – деді Ekber Qoşalı.

Алғашқы күні ақындар дөңгелек үстелде бас қосып, жастар мәселелерін талқыға салды. Онда жастарға қолдау шаралары кеңінен сөз болды. Тұщымды ойлар ортаға тасталды.

Шәкизада Әбдікәрімов, Светқали Нұржан, Сұраған Рахметұлы, Маралтай Райымбекұлы, Бауыржан Бабажанұлы, Ғазиз Ештанаев, Дәулеткерей Кәп­ұлы, Қалқаман Сарин, Сағыныш Намазшамова сынды ақындар жас қалам­герлердің әлеуметтік жағдайы мен шы­ғармашылық жетілуін назарға алды.

– Үйсіз-күйсіз жүрген қаншама жас бар. Оны былай қойғанда жұмыссызы қаншама? Осыны шешудің жолын қарастырдық. Мысалы, біз облыс әкі­мінің орынбасары Ербол Шымкент­байұлымен бірігіп, бұл мәселені талқы­лағанбыз. Бір ақын жұмысқа орналас­ты. Мұндай үрдісті әр облыс өз ала­ңында жалғастыруы керек. Талант­ты жастар биліктің назарынан тыс қал­мауға тиіс, – дейді Жанат Жаңқашұлы.

Жыр оқылған фестваль жалғасын­да бірқатар ақын-жазушылар одақ мүше­лігіне өтті. Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков екі жас ақынның – Роза Аспанқызы мен Абзал Мақаштың кітабын шығарып беруді мойнына алды.

– Мықтыны анықтау қиынға түсті. Жас ақындардың осалы жоқ. Сол арада Шәкизада ағам «Ендеше, мен осы отырған ақындардың антологиясын шығарайын», деді. Біз қуанып кеттік. Себебі әр ақын марапатқа лайық еді. Қызды-қыздымен кітаптың атын бел­гілеп, алғысөз жазатын адамды да тағайындап тастадық. «Қарағанды көктемі» осындай жаңалықтарға толы болды. Түркия мен Әзербайжаннан келген қонақтар Қарағандымен таныс­ты. Қасіретті «Карлагты» көрді. Қазақы дәстүрмен иықтарына оқалы шапан жабылды. Өзіміздің жыр піріне айналған ағаларымызға да құрмет көрсеттік, – дейді Жанат Жаңқашұлы.

 

ҚАРАҒАНДЫ