Осыдан он шақты жыл бұрын еліміздің тау-кен және металлургиялық секторындағы мүмкіндіктер біртекті болмады. Жемқорлық сарындағы жанжалдар, жер қойнауын пайдалану лицензияларының жасырын саудасы салдарынан көптеген ірі халықаралық инвесторлар саланың ашықтығына күмәнмен қарады. 2017 жылы жүргізілген реформа пайдалы қазбаларды барлауға жеке инвестицияларды тарту үшін жағдай жасады. Жер қойнауы туралы кодексте «бірінші өтінім» қағидаты бойынша лицензиялар берудің жалпы тәртібі енгізіліп, мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы қабылданды. Лицензиялар беру мерзімі қысқартылып, халықаралық есептілік стандарттарына көшу бекітілді. Бұл шаралар Rio Tinto, Fortescue және Yildirim сияқты әлемдік нарықтағы ірі ойыншыларды тарта отырып, 700-ден астам отандық юниор компанияларды құруға жол ашты.
Сол уақыттан бері қатты пайдалы қазбаларды барлауға 2000-ға жуық лицензия берілді, кіші компаниялардың үлесі 90%-дан асты. Геологиялық зерттеу мен барлау жұмыстарын күшейту үшін жүйелі шараларды қабылдауға тура келді. Өзекті мәселелерді шешудің тетіктері, пайдалы қазбаларды барлау ісіне инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасау геология саласын дамытудың 2027 жылға дейінгі тұжырымдамасында айқындалды.
Қазір 270 мыңнан астам адам еңбек ететін өнеркәсіптің тау-кен металлургия сегменті ‒ жұмыспен қамтудың дәйекті көзі, ұлттық экономиканың жүйе құраушы саласы саналады. Оның ІЖӨ-дегі үлесі 17,5% болса, экспорт көлемі 2021 жылғы жағдай бойынша шамамен 10,5 миллиард долларға теңелген. Сол жылы мемлекеттік бюджетке салық түсімдері 25%-ға өсті. Ірі шетелдік бизнес Қазақстандағы барлық салықтардың үштен бірін құрады. Әлемдік тауар нарықтарындағы бағалардың өсуіне байланысты өндіруші салаларда ең жоғары өсім байқалды. Дегенмен 2022 жылы тау-кен өнеркәсібіне шетелдік инвестициялар 11,7%-ға артқанына қарамастан, сектордағы өсім төмендеді. Орнықты өсімге халықаралық нарықтардың құбылмалылығынан басқа, Кеңес заманынан келе жатқан ескірген технологиялар мен басқару әдістері де кедергі келтіреді. Сол кездері салынған көптеген тау-кен байыту және металлургия зауыттары өндірістің тиімділігі мен қауіпсіздігі жағынан айтарлықтай артта қалды. Ал геологиялық болжау мен барлаудың тиімділігі көбіне озық технологияларды пайдалануға, жан-жақты талдауға және мамандардың біліктілігіне байланысты.
Үкіметтің бағалауы бойынша цифрлық технологиялар шамамен 25 млрд доллар көлемінде экономикалық пайда әкелуі, оның 9 млрд доллары тау-кен секторынан алынуы мүмкін. Бұл сандар цифрландырудың тау-кен өнеркәсібі тиімділігін арттыруда маңызды құралға айналғанын көрсетеді. Бірақ тау-кен кәсіпорындарының жартысынан көбі Индустрия 2.0 деңгейінде және әлі толық автоматтандыруға қол жеткізген жоқ. Сын-тегеуріндерге қарамастан, жағдай 2017 жылы озық индустрия элементтерін барлық салаларға қосуға бағытталған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының енгізілуімен біртіндеп жақсарып келеді. Сөйтіп, негізгі ойыншылар 20-25%-дан 77-80%-ға дейінгі жабдықпен цифрландыру бағытында ілгерілеп, өндірістік үдерістерді оңтайландыру мен автоматтандыруға мүмкіндік алды. Дегенмен шағын және орта бизнестің жетілуді қажет ететін тұстары көп.
Былтырдан бері жер қойнауын геологиялық зерттеуге бюджет есебінен 5 млрд теңге көлемінде қаржы бағытталып келеді. Қатты пайдалы қазбаларды барлауға ел аумағының 1,6 млн шаршы шақырымы қолжетімді, оның ішінде 200 мың шаршы шақырымнан астам жаңа учаскелер осы жылдың наурыз айында енгізілген. Жаңа учаскелер бойынша өтініштерді қабылдау биылғы қыркүйекте басталады. Бірақ аз зерттелген аумақта өз қаражаты үшін геологиялық барлау жұмыстарын жүргізгісі келетін жер қойнауын пайдаланушылардың үлесі өте төмен. Осыған байланысты мемлекет минералдық ресурстарды молықтыру үдерісіне қатысады.
Қазіргі күні белгіленген учаскелерде зерттеу жұмыстарын жандандырып, геологиялық мәлімет алудың перспективаларын айқындау үшін мемлекеттік бюджет есебінен жер қойнауына мемлекеттік геологиялық зерттеу жүргізіліп жатыр. Өйткені геологиялық барлауға жеке инвестициялардың өсуі жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерделеу көлеміне тікелей байланысты болып, оның нәтижесінде перспективалы учаскелер айқындалады. Бұл ретте пайдаланылмай жатқан кен орындарын игеруге инвестициялар тарту мақсатында алдағы мамырда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қатты пайдалы қазбалар бойынша алғашқы электронды аукцион өткізуді жоспарлап отыр. Аукцион алтын, күміс, фосфориттер, кварц, барит, көмір, бокситтер, титан сияқты пайдалы қазбаларға арналған кен орындары бойынша өткізілетін болады. Онда жер қойнауын пайдалануға құқық беретін 25 кен орны саудаға қойылады.
Пайдалы қазбалар қоры жағынан еліміз үздік мемлекеттердің қатарында келеді. Оның ішінде: вольфрам қоры бойынша – әлемде 1, хром кені бойынша – 2, қорғасын мен мырыш бойынша – 5, мыс бойынша – 12, алтын бойынша 15-орындамыз. Тұтастай алғанда, отандық минералдық-шикізат базасы күллі әлемге тартымды деуге болады. Қатты пайдалы қазбаларды өндіруде шетел капиталының үлесі – 64%, мұнай мен газда ‒ 85%. Ал отандық инвесторлар кен орнының қаншалықты перспективалы екендігі туралы болжам болмаса, барлауға қосымша қаражат салуға тәуекел етпейді.
Бұл төңіректегі мәселелер өткен аптада елордада әлемнің 30 елінен келген 500-ден астам инвестор, сарапшы, пайдалы қазба өндірісімен айналысатын компания өкілдерінің қатысуымен өткен тау-кен геологиялық форумында көтерілді. Жер қойнауын игеру мен маңызды пайдалы қазбалардың өндірісін дамыту жайы талқыланған «MINEX Kazakhstan-2023» іс-шарасында мамандар қозғаған проблемалар негізінен жер қойнауының толыққанды зерттелмей отырғаны, қаражат пен қажетті технологияның жеткіліксіздігі жайында болды. Сонымен қатар геологиялық барлау және тау-кен металлургия секторындағы инвестициялық ахуалды жақсарту жолдары, жер қойнауын пайдаланушыларға салық салу жүйесін жетілдіру шарттары талқыланды. Жиында Тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығы салықтық емес төлемдер тәжірибесінен бас тартуды ұсынды.
«Қазір Қазақстанда көптеген компания түрлі қорларға бюджеттен тыс төлемдер жасайды. Мұның мектеп салу, ағаш отырғызу, әкімдермен меморандум жасау, тағы басқа түрлі мысалы бар. Бірақ мұның бәрі салық емес. Ал салық жүктемесінің коэффициентіне қарасақ, ол тау-кен металлургиялық кешені (ТМК) бойынша өте төмен. Біз барлық төлем қарастырылатын салық жүктемесі коэффициентін (СЖК) бағалаудың халықаралық жүйесіне көшуіміз керек», дейді Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия қауымдастығының басшысы Николай Радостовец.
Оның айтуынша, СЖК есептеудің жаңартылған ережелерін қабылдау жаңа Салық кодексін әзірлеу тұрғысынан да пайдалы. Өйткені бұл экономиканың белгілі бір секторының өкілдеріне нақты жүктемені ескеруге мүмкіндік бермек. Дегенмен барлық салықтық төлемдерден бас тарту міндетіне біртіндеп көшкен жөн. Сонда инвестор өз моделі бойынша нақты қаржылық ауыртпалықты қаншалықты көтеретінін түсінеді. Дамыған халықаралық салықтар жүйесін, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық және роялти қолдану маңызды. Әлемдік тәжірибеде қолданылмайтын үстеме пайда салығына оралмай, инвесторларға тұрақты салық режімін қамтамасыз ету қажет. Қауымдастық өкілдері бұрынғыдай геологиялық барлау жұмыстары мен қызметтерін көрсететін компанияларды қосылған құн салығынан (ҚҚС) босату керек деп есептейді.
Бүгінде әр министрліктің өз қызметі аясында дербес заңнамасы бар. Бұл саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру бойынша тиісті Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жұмысын қиындатады. Әр мемлекеттік орган өз ережесімен «қоршалғандықтан», құжаттар топтамасын келісу өзара түсінісе алмайтын төрт ведомствомен жүзеге асырылады. Осыған байланысты барлық жобалық құжаттар ИИДМ өкілі жетекшілік ететін арнайы ведомствоаралық комиссияның қарауына ұсынылуы керек. Сонда барлық мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері рұқсаттарды әдеттегіден бірнеше есе жылдам беруге тиіс болады. Жалпы, жер қойнауын пайдаланушылар бойынша барлық заңнамалық базаны құру жөніндегі негізгі ведомство ‒ тау-кен секторына инвестициялар тартумен айналысатын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі болуға тиіс.
Сонымен бірге мемлекеттік орган жұмысының тиімділігі жаңа жобалардың ашылуы бойынша бағалануға тиіс. Геология комитеті негізінде инвестор өзін қызықтырған сұрақ бойынша барлық мемлекеттік органдармен байланыса алатын «бір терезе» жүйесін құру қажет. Мамандар Жер қойнауы туралы кодекске кейбір түзетулер енгізу қалыпты жұмыс істеу үшін өте маңызды екенін айтады. Бұл жерде салықтық заңнамамен қатар экологиялық, су, жер кодекстеріне тиісті түзетулер енгізу ТМК инвестициялық тартымдылығын айтарлықтай арттыруға ықпал етпек.
2020 жылғы коронавирус жағдайын қоспағанда, соңғы жеті жылда еліміз жыл сайын 20 млрд-тан астам шетелдік инвестиция тартты. Ал 2022 жылы инвестиция көлемі 28 млрд-қа жетті. Бұл көлемде мұнай мен газды есепке алмағанда тау-кен секторының үлесі шамамен 20%. Сондықтан еліміз осы қарқынды сақтауға мүдделі. Биылдан бастап мемлекет салық тұрақтылығына кепілдік беретін инвестициялық келісімшарттарды жасай бастады. Тиісті бастаманы ойын ережелерінің жиі өзгеретініне шағымданған тау-кен өндіруші компаниялардың өздері ұсынған болатын. Енді жер қойнауын пайдаланушы жобаларға 500 миллион доллардан астам инвестиция салуға уағдаласса, оның орнына салық тұрақтылығын алады. Осылайша, 10 жылға белгіленген ойын ережелерімен дамуын жоспарлай алады. Жиында айтылғандай, Сыртқы істер министрлігі ірі тау-кен компанияларымен он жылдық келісімшарттарға тез арада қол қояды деп күтеді. Олар бойынша мемлекет 500 миллион доллардан астам инвестицияға айырбас ретінде салық тұрақтылығына кепілдік береді. Қысқа уақыт ішінде Eurasian Resources Group құрылымына кіретін үш компания мемлекетпен инвестициялық келісімшарттарға қол қоюға ниет білдірді. Компаниялардың әрқайсысы («Қазақстан алюминийі», «Қазхром» және «Шұбаркөл Көмір») 10 жыл ішінде өз өндірістерін дамытуға шамамен 260 млрд теңге салуға тиіс. Ал мемлекет осы кезеңде олар үшін салықтық тұрақтылықты қамтамасыз етуге міндеттенеді.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмаз Айдаровтың айтуынша, тиісті режімде жеке кірістер мен шығыстарды жоспарлау үшін бизнес салық заңнамасындағы ықтимал өзгерістерді бірнеше жыл бұрын көруі керек. Сонымен қатар қоры аз немесе көп аршу жұмыстарын қажет ететін төмен рентабельді кен орындарында пайдалы қазбаларды өндіруді жоспарлап отырған компаниялар үшін жекелеген келісімдерді әзірлеу ұсынылып отыр. Мәселен, елімізде көбіне өңдеу өнеркәсібіне, басқа да секторларға келетін компанияларға жеңілдіктер беруге көңіл бөлінсе де, «қара тізімге» тап болған тау-кен жобаларының жағдайы еленбей жатады. Сондықтан бұл бағытта да тиісті өзгеріс керек.
Әлемдік экономиканың дамуы жаңғыртпалы энергия көздерінің металды қажетсінетін инфрақұрылымын құрумен тығыз байланысты болғандықтан, Қазақстанның тау-кен өнеркәсібіне тікелей шетелдік инвестициялардың деңгейі өседі деп сеніммен болжауға болады. Инвестициялық перспективаларды талқылай келе, тау-кен өндіру саласының Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар екенін есте ұстаған жөн. Сала мамандары жер қойнауын пайдалану бетбұрыс кезеңінде тұрғанын атап өтеді. Осы бағытта өнеркәсіптің белді буынын әлемдік деңгейдегі табыс үлгісіне айналдыру үшін әлеуетіміз жеткілікті. Сирек жер элементтерін, жоғары технологиялық металдардың жаңа кен орындарын ашу мен игеру еліміздің экономикалық өсуінің жаңа драйвері бола алады. Бұл ретте тау-кен жобаларын әзірлеу мен заңнамалық актілерді жасақтау кезінде маңызды қағидаттарды ұстану қажет. Сонымен бірге тау-кен өнеркәсібінің табысты дамуы үшін барлық мүдделі тараптардың қолдауы қажет.