Суретті түсірген Есенжол Исабек
Мәшһүр Жүсіп жинаған «Он сан Орта жүзге ұран болған Олжабай батыр» деп аталған аңыздар мен әңгімелерде батыр туралы мәліметтер аз емес. Олжабай Толыбайұлы Баянауыл жерінде дүниеге келіп, қазақ-жоңғар соғысында Абылайдың ту ұстаушы батырларының бірі ретінде 1735 жылы Түркістан мен Ташкентті жоңғарлардан азат ету жорығына, 1736 жылы Баянауылды Қалдан Сереннен босатқан шайқастарға, 1756 жылы қазақ жеріне тұтқиылдан басып кірген қытай әскерін талқандауға қатысқан. Ерлігінің ерекше көзге түскен жері – Баянауылды жоңғарлардан азат ету шайқастары. Абылай хан батырды «Ер Олжабай», «Қу жарғақ» деп атап кеткен екен. «Қу жарғақ» дегені жаудың атқан оғы Олжабайға тимейді екен. Ал Олжабайдың батырлығы жайында Абылай: «Олжабай есен болса, ел аман» деп баға берген. Деректерде айтылатындай, Әбілмәмбет ханның да батырға деген құрметі ерекше болған. Сол құрметінің белгісі ретінде оған алтын сапты қылыш сыйлаған.
Олжабайдың өз қолымен жазып қалдырған қара кітабы болған деседі. Онда жорықтары жайында жазылыпты. Батырдың қолынан тастамаған туы 1937 жылға дейін сақталып келген деген дерек бар. Әлкей Марғұлан Олжабайдың шөпшегі болса, ақын Олжас Сүлейменов жетінші ұрпағы саналады.
Кеңес өкіметі тұсында қазақтың хандары мен батырлары жайында еңбек жазу өте күрделі мәселе болғаны мәлім. Оның үстіне Олжабай батыр Әлкей Хақанұлының тікелей бабасы болғандықтан оған арнап ғылыми кітаптар шығару сол замандағы идеология үшін қисынсыз дүние еді. Академик өмір бойына жинаған тарихи деректері мен қолжазбалары арасында бабасының жәдігерлеріне айрықша мән берді. Әрі бұл деректердің барлығын ғалым қағазға ескі араб жазуымен түсірген. Мұны қызы Дәнел Марғұлан айтты. Кейін әкесінің аманатын жүзеге асыруды мақсат етіп, тарихшы ғалымдар Гүлнар Омарова мен Бағдат Дүйсеновке қолқа салады. Сөйтіп, қос оқымысты барлық қолжазбаны асықпай зерделеп, Әлкей Марғұланның «Олжабай батыр» атты кітабын дүниеге әкелді.
Облыс орталығында өткен кітаптың тұсаукесеріне Марғұлан атындағы халықаралық қордың вице-президенті Дәнел Марғұлан, Парламент Сенатының депутаты, ҰҒА корреспондент-мүшесі Алтынбек Нухұлы, Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова, кітаптың шығарушылары мен жергілікті ғалымдар, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Дәнел Әлкейқызы тебірене сөйледі.
– Мен өзімді ұлылардың тұяғы ретінде бақытты жанмын деп есептеймін. Себебі әкем Әлкей Марғұлан болса, Қаныш Сәтбаев – нағашы атам, ал Мұхтар Әуезовтің немересі менің үлкен күйеу балам. Бұл кітапты шығарған ғалымдарға ризашылығым шексіз. Қаншама уақыт еңбектеніп, араб қарпіндегі деректерді кириллицаға көшірді. Академиялық шығармалар жинағы ретінде басылып қалар деп үміттеніп жүргенмін, менің күткендегімнен де асып түсті, – деп ақжарма алғысын жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында: «Ғылым академиясы Қазақстанды тұрақты әрі жан-жақты дамытуға мол үлес қосады деп сенемін. Елімізді ғылыми-технологиялық жағынан дамытуға қатысты менің негізгі пайымдарым – осы... Бұл біздің Әділетті Қазақстанды құру жолындағы стратегиялық бағдарымызға толық сай келеді. Елімізде Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан сияқты ғұламалардың жолын қуған ғалымдардың жаңа буыны шығатынына нық сенімдімін» деп айрықша атап көрсеткені белгілі.
Парламент Сенатының депутаты, ҰҒА корреспондент-мүшесі Алтынбек Нухұлы бұл қатарға академик Шапық Шөкинді де қосуға болатынын атап өтті. Кезінде Қаныш аға академик ғалымдар Әлкей Марғұлан, Әбікен Бектұров, Шапық Шөкинді «Менің тұлпарларым!» деп мақтаныш тұтып отырады екен. Келер жылы Қаныш Сәтбаевтың – 125, ал Әлкей Марғұланның 120 жылдық мерейтойлары. Осы мерейлі даталардың жоғары деңгейде атап өтілуіне Павлодар облысының билігі мен оқу орындары мүдделі болса игі. Бүгінде Әлкейдің ұрпағы Едіге Марғұлан көрнекті қоғам қайраткері, мәдениеттанушы ғалым Мұрат Әуезовтің идеясы бойынша Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов және Әлкей Марғұланның достықтары жайында деректі фильм түсіруде. Кезінде Баянауыл ауданы орталығында Олжабай мен Жасыбай батырларға ескерткіш кешені салынуы керек деген бастама көтеріліп, елдегі бас көтерер азаматтар бұл мәселеге келгенде пікір қайшылығына жол беріп, соңынан ол жабулы күйінде қалып қойды. Шапқыншылық дәуірінде сонау Түркістан жеріне ауып кеткен ағайынның басын біріктіріп, Атамекені – Баянауыл өңірін қалмақтардан азат еткен Олжабай мен Жасыбай батырлардың қайраткерлігін тарихи тұрғыдан әділ бағалаудың уақыты жеткенін атай келе, Алтынбек Нухұлы ескерткіш кешенін тұрғызуға облыс басшылығы мұрындық болса екен деген тілегін жеткізді. Бүгінде Олжабайдың ескерткіші құйылып дайын тұр. Ендігі қазынадан қажет қаражат бөлініп, жоба толық жүзеге асса ғанибет.
Жиында ғалым Бағдат Дүйсенов батырдың өмірі мен оның жоңғар шапқыншылығы кезінде пайдаланған соғыс құралдары жайында әңгімеледі. Ал философия ғылымының кандидаты, профессор Амантай Құдабаев 2 томдық «Әлкей Марғұлан» энциклопедиясын келер жылы жарыққа шығатынын жеткізді.
ПАВЛОДАР