Елорда • 29 Сәуір, 2023

Елордадан мың тоннадан астам қоқыс шығарылды

305 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Астанада жалпықалалық сенбілік өтті. Оған қаланың 62 мыңнан астам тұрғыны, еңбек ұжымдары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бизнес өкілдері және т.б. қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордадан мың тоннадан астам қоқыс шығарылды

«Жасыл Астана» экологиялық айлығы аясында елордада алғашқы үлкен жалпықалалық сенбілік өтті. Оған 62 мыңнан астам адам – мемлекеттік органдардың өкілдері, бизнес-қоғамдастықтар, еріктілер, еңбек ұжымдары, жастар, қоғам қайраткерлері, спортшылар, әртістер, басқарушы ұйымдар және қаланың белсенді тұрғындары қатысты.

Олардың әрқайсысы елордада тазалық пен тәртіптің орнауына өз үлесін қосты.
Қала тұрғындары бүкіл кіреберістер мен өз аулаларының тазалығына атсалысты.

«Бүгін сөмкемізді арқалап, қолғаптарымызды киіп, қолымызға күрек алып, жалпы сенбілікке шықтық. Тіпті балалар да бізбен бірге қоқыс жинады. Ағаштардың түбі әктеліп, ретке келтірілді. Тазалықтың орнағанына қуанып отырмыз. Әрі мұндай іс-шаралар көршілерді бір бірімен жақындастыра түсіп, өзара тату етеді», дейді Қосшығұлұлы көшесіндегі үйдің тұрғыны Бақыт Құспетова.

Мердігерлік ұйымдар шағын сәулет нысандарын, ескерткіштер мен мүсіндерді, қоқыс алаңдары мен контейнерлерді жуу және қалпына келтіру жұмысын жүргізді.

Қаланы жалпы тазалау кезінде бес ауданның әрқайсысына ағаштар мен бұталар отырғызылды. Оның барысында жапырақты ағаштарға басымдық берілді. Елордада барлығы сегіз мыңға жуық жасыл желек отырғызылды.

«Экологиялық айлық аясында ауданымызда сенбіліктер үнемі өткізіліп тұрады, оның барысында жасыл желектер отырғызылады. Қала тұрғындарын сенбіліктерге белсенді қатысуға шақырамыз. Ал өз тарапымыздан қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеміз. Ең бастысы, жақсы көңіл-күймен келіп, ауданды көгалдандыруға үлес қосуы керек», деді Алматы ауданы әкімінің орынбасары Мұхамедияр Қожекенов.

Сенбілік барысында Президенттік саябақта ағаш отырғызуға түрлі ұйымдар мен кәсіпорындардың өкілдері қатысты, олардың арасында дипломатиялық корпус, ҚР Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті, «Қазақстандық стандарттау және метрология институты» РМК, Қоғамдық кеңес, «Qazaq Air» АҚ, Ардагерлер кеңесі және басқалар бар.

Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич іс-шарадан алған әсерін былайша жеткізді.
«Бәріміз Астананың жасыл желекті қала болғанын қалаймыз. Осыған атсалысып, ағаш отырғызғаныма қуанамын. Өзім саябаққа қарама-қарсы тұрамын», деп атап өтті Кэти Лич.

Сенбілік барысында елордадан мың тоннадан астам қоқыс жиналып, шығарылды. Қаланың 3,3 млн шаршы метрден астам жері тазартылды.

Елордада сенбіліктер сериясы алдағы уақытта да жалғасады.