Спорт • 29 Сәуір, 2023

VI Паралимпиада ойындарында елордалық 66 спортшы бақ сынайды

369 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Астанадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық манежінде елордалық спортшыларды VI Паралимпиадалық ойындарына салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

VI Паралимпиада ойындарында елордалық 66 спортшы бақ сынайды

Салтанатты жиынға Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, қалалық спорт басқарма басшысы Самат Жылқыбаев, бокстан олимпиада ойындарының чемпионы, Қазақстан спортшылар одағы Президиумның Төрағасы Серік Сапиев және бокстан Атланта және Сидней олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Болат Жұмаділов қатысты.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Берікұлы спортшылармен тілдесіп, жарыс алдында сәттілік тілеп, қала намысын қорғайтын спортшыларға қолдау білдірді.

«Елімізде алтыншы рет өткелі тұрған Паралимпиада ойындарында сіздерге сәттілік тілеймін. Президенттің бұқаралық спорт түрлерін дамыту бойынша берілген тапсырмасы жүйелі түрде орындалып жатыр деп айта аламыз. Астанада параспорт түрлері жақсы дамып келеді. Алдағы уақытта жақсы нәтиже көрсетіп, елордамыздың мәртебесін көтере беріңіздер. Спорттық мансаптарыңыз жақсы нәтижеге толы болсын», деді құттықтау сөзінде қала әкімінің орынбасары Есет Байкен.

Қала әкімі орынбасарының құттықтау сөзінен кейін бокстан Атланта және Сидней Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Болат Жұмаділовке Мемлекет басшысының құттықтау хатын табыстады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша паралимпиадалық ойындар − елімізде төрт жылда бір рет өтетін ірі кешенді жарыстардың бірі.

Сондай-ақ жиында бокстан Олимпиада ойындарының чемпионы Серік Сәпиев те параспортшыларға тілегін жеткізді.

«Үш кезеңнен тұратын сайыс 10-30 мамыр аралығында Алматы, Астана және Ақтөбе қалаларында пара футбол, голбол, жеңіл атлетика, пара пауэрлифтинг, пара таеквондо, пара оқ ату, пара үстел теннисі, пара дзюдо, пара волейбол, пара жүзу спорт түрлерінен өтеді. Төрт жылда бір рет өтетін спорттық додаға елорда құрама командасынан 66 спортшы Астана қаласының намысын қорғайды. Жалпы паралимпиадалық ойындары 3 кезеңнен тұрады.

Яғни, бірінші кезеңі 10-18 мамыр аралығында Алматы қаласында жеңіл атлетикадан өтсе, екінші кезеңі Астана қаласында 16-22 мамыр аралығында пара оқ ату, пара пауэрлифтинг, пара таеквондо түрлерінен өтпек. Ал, үшінші соңғы кезеңді Ақтөбе қаласында 20-30 мамыр аралығында пара үстел теннисі, пара жүзу, пара дзюдо, пара волейбол спорт түрлерінен болады», деді Астана қаласының Мүгедек спортшыларға арналған спорт мектебінің басшысы Азамат Тағаев.

Жиын соныңда пара үстел теннисінен ҚР спорт шебері Степанова Александра мен пара дзюдодан ҚР бірнеше дүркін жүлдегері Гүлдебаев Қайырлы құрама мүшелеріне сәттілік тілеп, жақсы нәтиже көрсетуді тіледі.

Айта кетейік, үш кезеңнен тұратын сайыс 10 мамыр күні Алматы қаласында бастау алады. Әрі қарай бұл ойындар Астана және Ақтөбе қалаларында мамырдың соңына дейін жалғасады.