Мәселе • 30 Сәуір, 2023

Табиғат – ояу, ағыс – баяу

335 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мәжілістегі бір топ павлодарлық депутат Шығыс Қазақстандағы су қоймаларынан Ертіс өзеніне босатылып жатқан судың баяулығына алаңдап отыр. Судың ағынын арттырмаса, Павлодар облысының өзен бойындағы жайыл­малары тіршілік нәріне дер уақытында қанықпай қалуы мүмкін. Халық қалаулылары Экология және табиғи ресурстар министрлігінен мәселені шұғыл түрде назарға алуды сұрап отыр.

Табиғат – ояу, ағыс – баяу

Халық қалаулылары Нұржан Әшім­бетов, Жарқынбек Аман­тай, Николай Арсютин, Ажар Саған­­дықова, Ислам Сұңқар қол қойған жа­уапты министрлікке жаз­ған­ депутат­тық­ сауалда­ көр­­с­е­­тілгендей, биылғы 13 сәуір­­де Салааралық су босату комис­сия­­­сының отырысы өтіп, онда «16 сәуірден бастап жалпы көле­мі­ 4,59 текше шақырым бола­тын, ұзақтығы 22 күнге созылатын су босату туралы ше­шім» қабылданған. Шүлбі су қой­ма­сының бүйірлік ағынының көле­мі­ өзгере қалған жағдайда кес­те­ге шұғыл түрде өзгерістер ен­гі­зу мүмкіндігін сақтай отырып, Ер­тіс өзенінің жайылмасына таби­ғат қорғау мақсатында су боса­ту кезеңі басталып кетті. Алай­да­ депутаттарды қазіргі кезде Үл­бі және Оба өзендеріндегі бүйірлік ағындарының көлемі азайғаны алаңдатып отыр. Соның салдарынан 20 сәуірден бастап судың ағынында ауытқушылық тіркелген. Яғни секундына 3000 текше метр болудың орнына, судың екпіні 2500 текше метрге дейін төмендеп кеткен.

Бұл мәселенің көтерілуіне бас­та­машы болған депутат Нұржан Әшім­бетовтің айтуынша, Ертіс бас­сейндік инспекциясы 20 сәуі­р­ден бастап Бұқтырма су қой­ма­сы­нан су босату орташа есеппен секундына 500 текше метр­ден 381 текше метрге дейін азайғанын хабарлаған. Бұл навигациялық кезең­нің басталғанына орай жасал­ған­ мәжбүрлі қадам деп түсіндіріліп отыр.

– Көп жылғы талдау көр­сет­­кендей, су босатудың жос­пар­ланған көлемі (4,59 текше шақы­рым­) жайылмалардың тек 65-70 пайы­зын ғана басады деп болжанып­ отыр. Алайда жоспарланған су бо­са­ту нормаларының ауытқуы Ертіс өзені жайылмаларының су­ға­­ қанығуын едәуір төмендетіп жібе­ретіні қазірден белгілі болуда. Бұл­ келеңсіздік өзен бойындағы жер­лердің экожүйесіне теріс әсер етіп, ондағы флораның нашарла­уы­на және шабындықтардағы өнім­діліктің азаюына әкеліп соқ­тыратынына күмәніміз жоқ. Жоғарыда айтылған жайттарды­ ес­кере отырып, Бұқтырма су қой­масынан су босату көлемін секун­­дына 750 текше метр дең­ге­йіне жеткізіп, бүйірлік ағын ұл­ғайған кезде 4-5 тәулік бойы (кес­те бойынша екі тәулік) Шүлбі су қоймасынан шығып жатқан су­ды максималды түрде, яғни се­кундына 3500 текше метр көле­мін­де ұстап тұру керек деп санаймыз. Мұндай жоғары ағын өзен бойында үлкен толқындар туды­рып, қатты екпінмен келген­ су­ жайылмаларға молынан шы­ғып үлгереді. Егер Экология минис­трлігі бұл шешімімізді қол­даса, Павлодар облысының аума­ғын­дағы жайылымдардың 70-80 пайы­зын­ су басуына мүмкіндік береді, – дей­ді депутат.

Нұр­жан Кемерұлы мұндай мә­се­ле 2012 жылы да туындағанын ес­ке салды. Бұқтырма су қоймасы іс жүзінде 49-50 текше шақырым су жинауға қабілетті болғанымен, сол жылы небәрі 25 текше шақырым ғана су жиналған. Су қоймасының иелері өзенге су жібергілері келмей, қиғылық салған көрінеді. Сөйтсе, су қоймасының басында­ электр энергиясын өндіріп отырған ком­пания артық табыс таппақ ниет­пен қақаған қыста су босату ша­раларын жүргізген. Мұны жергі­лікті бассейндік инспекция мүл­де байқамаған. Осы жағдай биыл­ да қайталанып отырғанға ұқсай­ды. Себебі ресми мәліметте қой­мада 26-27 текше метр су ғана бар деп көрсетілген. Су қой­ма­сының қожайындары Үлбі мен­ Уба өзендеріне көктемде тау­дан­ мол су ағып түсе ме деп үміт­тен­ген­ге ұқсайды.

«Судың екпіні аз болуы себеп­ті қазіргі күні босатылған с­­у­ Ертіс өзені арнасымен тө­мен­гі жаққа жай ғана ағып ке­тіп­ жатыр. Ал бекітілген норма­ кө­ле­мінде жіберілсе арнаға сый­ма­­ған мол су жайылмаларға шы­­ғып үлгерер еді. Сондықтан ал­д­ағы 4-5 күнде Шүлбіден шы­ға­тын су ең жоғары көлемде жі­берілуі керек. Салааралық су­ босату комиссиясының төраға­сына бұл мәселені жай қалдыр­май­тынымызды, жағдай екі-үш күнде түзелмесе Ертіс бас­сейн­дік инспекциясының бақы­лау­сыз­ды­ғы­ жайында Бас про­ку­ра­тураға ша­ғым түсі­ретінімізді ескер­ттім. Мұ­ның арты жақсы бол­майды. Егер инспекцияның Бұқ­тыр­ма­ су қоймасын шын мәнінде бақы­лаудан шығарып алғаны, шара­сыз­дығы дәлелденсе, басшылары­ қыл­мыстық жауапкершілік арқа­лай­тыны анық. Оның үстіне эколо­гия­лық апат тудырғаны үшін де лауазымды тұлғалар жауап береді», дейді халық қалаулысы.

Экология министрлігі эколо­гия­­лық су босатуға байланысты тәуе­­келдерге баса назар аударуы­ керек. Себебі Салааралық су боса­ту­­ комиссиясының бекіткен су бо­са­ту кестесінде 29 сәуір – 2 мамыр аралығында судың босаты­лу­­ екпіні секундына 500 текше­ метр­ге­ дейін төмендеп кету қаупі­ бар. Сарап­шы­лардың сөзіне сүйен­сек, су боса­тудың мұндай күрт­ төмендеуі Ерті­с өзенінің арна­сындағы жаға­лау­лардың құла­уына алып келеді. Бұ­ған қоса өзен бойындағы елді ме­кен­дерге, атап айтқанда, Май ауда­нындағы Қаратерек ауылына,­ Аққу­лы ауданы орталығына, Желе­зиндегі Башмачное ауылына­ қауіп төндіреді.

Мәжіліс депутаттары қазіргі кү­ні Павлодар облысының би­лі­гі мен мердігер ұйымдар қан­сор­ғыш­ жән­­діктерге қарсы өңдеу жұ­мыс­та­рына қауырт дайындалып­ жат­қанын, химиялық және биоло­гия­лық­ шаралардың сапалы жүргізілуі үшін­ су босатудың күнтізбелік мер­зім­дері сақталуы маңызды рөл­ ойнайтынын да ескертіп отыр.­ Шыбын-шіркейге қарсы күрес­ шараларын ғылыми қолдау тобы­ның мәліметтеріне сүйенсек, өң­деу­ шаралары нәтижелі болуы үшін­ жайылған су 15 мамырдан ке­шік­­­пей Ертіс өзені арнасына қайта түсіп кетуі керек.

 

Павлодар облысы