Алақанға түскен ақшаны басқару, соның ішінде мемлекеттік қаржыны басқару бойынша қырғын пікірталас жасаушылар да, алдап-сулап «ақыл айтушылар» да жетіп-артылады. Ал шытырлатып мемлекеттің ақшасын санаушылар одан да көп... Дей тұрғанмен, талай адам өз қалтасындағы ақшаны санауға, жеткізуге, үнемдеуге, әсіресе жинақтауға келгенде дәрменсіздеу болып жатады. Оның басты себебі – қаржылық сауатпен толықтыруды қажетсінетін «кәлламызды» онша ауыртқымыз келмейтіндігінде. Яғни мемлекеттік бюджетті басқарудан бұрын алдымен әр адам отбасылық бюджетті басқаруды үйренуі қажет. Кем дегенде хабардар болуы керек қой...
Аз болсын, көп болсын, тапқан ақшаны сауатты жұмсау үшін, барлық қажеттілікке жеткізу үшін, одан қалды қор жинақтау үшін сізге қайсысы ыңғайлы: қолма-қол қағаз ақша ма, әлде электронды ақшалар ма? Соны нақтылап алыңыз! Яғни картшотта жатқан, әртүрлі құрылғы арқылы (банкомат, pos-терминалдар немесе әртүрлі мобильдік қосымша арқылы) қол жеткізуге және басқаруға мүмкіншілік беретін онлайн-ақшалар ыңғайлы ма?
Кей адамдар үшін банкомат арқылы барлық ақшасын шешіп алып, қағаз ақшаны шытырлатып қолына жинап, тиын-тебенді сылдырлатып уысына ұстап жүріп жұмсаған ұнайтындай. Өйткені қолдағы ақша үнемдеуге жақсы, көз алдымда жүрсе көпке жетеді, қателеспеуге де кепіл деп ойлайтындар табылады. Ондай адамдар үшін электронды ақша әлі де ақша еместей көрініп, тез жұмсалып кететін тәрізді, есебін де жөнді біле алмайсың деп жазғырады. Ал кейбіреу керісінше, қолына қағаз ақша мен монеталарды көптен бері ұстап көрмегендер. Енді біреулері үшін тек қана қолма-қол ақша емес, тіпті банктік төлем карточкалардың өзін қолданбағанына да талай болған...
Ақшаның қай түрін қолдансаңыз да, қазіргі өзекті тақырыптардың бірі – отбасылық бюджетті басқару. Ол тек қана өзекті емес, өмірге қажетті және жанды тақырып. Олай дейтініміз, мұны мектепте және т.б. оқу орындарында әдейілеп барлық маман иелеріне ешкім оқытпайды.
Отбасылық бюджет дегеніміз – белгілі бір уақыт ішінде (мысалы, бір айдың ішінде) отбасының барлық мүшесінің мүмкіншіліктерін сипаттайтын табыстары мен шығындарының және жинақтарының жоспары.
Кейбір жасалған қаржылық талдау кезінде жүргізілген сауалнамалардың қорытындысы бойынша сұраққа жауап бергендердің 49%-ы ешқандай бюджет, яғни қаржылық отбасылық есеп жүргізбейді екен. Ал қалған 51%-ының жартысы арнайы жазбаса да, ойша есептеп, сандық банкингтің құрылғыларындағы жазбаларды (қосымшалардағы чектер бойынша) еске түсіріп, жалпылама ғана есептейді екен. 12%-ы ғана әдейілеп дәптерге жазып отырып, табыстары мен шығындарын бақылайтын көрінеді. Сауалнамаға қатысқандардың тек қана 3%-ы ғана арнайы файлдарда электронды түрде (мысалы, Excel, Word-та) жазып, нақты есептейтін көрінеді.
«Көбіміз есепті тек ақшасы көптер, яғни «санайтыны барлар» ғана жүргізгені дұрыс деп қателесеміз. Ал ақшаны аз табатындар «санаулы операцияның» бәрі көз алдымда деп шатасады. Оны қанша жазып есепке алса да, бәрібір жетпейді деп ойлайтындар мен ақшаны аз табатындар мүлдем отбасылық бюджет жүргізбейді де, басқармайды да. Негізінен, отбасылық бюджетті басқармайтындардың ақшасы үнемі жетпей жатады екен. Ойламаған жерден отбасылық мәселелердің пайда болуына да, әлеуметтік проблемалардың жиі аяқтан шалуы да, ақыр соңы ажырасуларға дейін алып барып жататын айқай-шудың басты себептерінің бірі де осы – отбасылық бюджеттің сауатсыз жүргізілуі немесе мүлдем басқарылмауына келіп тіреледі», дейді осы саланы зерттеп жүрген мамандар. Отбасылық бюджет табыстың қаншалықты бөлігін ең алдымен қандай шығындар жабуға және керек емес, жоспарланбаған шығындардан сақтандырады, оның алдын алады. Отбасылық бюджет өзіңе ақша аяу, бар ақшаны мүлдем жұмсамай жинау деген сөз емес, ол – сауатты үнемдеу және тиімді жинақтау. Отбасылық бюджетті жүргізіп бастағанда-ақ қай жерде қай күні қандай қаржылық қателіктер жасағаныңызды анықтаудан басталады.
Ал енді ойланып көріңіз, сіз қашан және қандай себептерден сүрініп кеттіңіз екен...