Тарих • 30 Сәуір, 2023

Кержақтар

4483 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қауға сақал, бұйра шаш, қабағы қатыңқы славян халқын көрсек, кержақтардың ұрпағы шығар деп топшылаймыз іштей. Әбден мүмкін. Біздің жақтағы тау арасындағы, Бұқтырма, Үбі жағасындағы ауылдарға ертеде, тым ертеде ескі дін ұстанушылар көшіп келіпті. Бас сауғалап, қашып келіп, қоныстанған десек дұрыс шығар. Шыны сол. Ең қызығы, қазақ халқымен етене араласып, жерімізге сіңіп кеткендігінде...

Кержақтар

Әуелі түсіндіре кетейік, кержақ деп отырғанымыз ұлт емес. Орыс ұлтының ішіндегі діні бөлек, дәстүрі өзгешелеу қауым десе болар. Тіпті ата дінін ұрпақтары әлі күнге дейін ұмытпай келе жатыр. Өскеменде өздерінің жеке шағын шіркеуіне дейін бар. Байқағанымдай, кержақтар ескі дін ұстанушылардың ұрпақтары екенін еш жасырмайды. Шіркеу ауласында сенбілікте жүрген жас шамасы алпысты алқымдап қалған әйелді жасқаншақтай барып сөзге тартып едім, өмірбаянын айтып, зырлай жөнелді.

– Қазақстан деген бір шаңырақ астында береке-бірлікте өмір сүріп жатқандықтан, ұлтқа бөліну түсінігі жоқ менде. Әр ұлттың салт-дәстүрін, тілін, дінін сыйлаймыз. Құрметпен қараймыз, – деді өзін Ульяна Корабейникова деп таныстырып жатып.

Әңгімелесе келе, «кержақтар ешкіммен араласпайды, бөгде адамға зат бермейді» деген секілді түсігімізді жоққа шығарғандай болды. Әйтпесе, көрші-қолаңмен, туған-туысымен аралас-құраласы жоқ біреуді біліп қалып жатсақ, «кержақ» деп кемсітетініміз бар. Кім білсін, діні мен дәстүрі бір болғанымен, бес саусақ бірдей емес. Олар дағы ет пен сүйектен жаралған адам баласы. Ең бас­тысы, кісілік көзқарастары түзу болсын!

– Әкем, атам Қазақстанда туға­нын білемін. Арғы аталарымыз жер ауып келді деп отыратын үлкендер. Келе сала қазақ халқымен етене араласып, бірі білмегенін біріне үйреткен екен. Қазақстанға алғаш келген ескі дін ұстанушылар табиғатта тір­ші­лік етіп кетуге шебер бол­ған екен. Алтайдың табиғаты қа­тал, өмір сүру қиын. Алайда берер ырыздығы мол. Тек пайдалана біл. Ол заманда жеті ай қыстан аман шығудың өзі қиямет болған секілді. Көбінесе аталарымыз аңшылықпен күн көрген. Бөренеден қиып үй тұрғызған, егін еккен, мал баққан. Бірақ табиғатпен біте қайнасқан халық болғандықтан, ағашты албаты кесу, аң-құсты көзсіз аулау дегеннен аулақ. Тек тіршілік үшін ғана. Мақтанғандай болмайын, Алтайда алғаш ара ұстап, бал шайқауды ескі дін ұстанушылар бастаған. Маралды қолға үйретіп, мүйізінен ем-дәрі жасап, Қытайға өткізген екен. Сол тұста жергілікті қазақтар бал шайқауды біздің ата-бабаларымыздан үйренсе, қолөнер бұйымдарын жасауды бізге үйреткен екен. Қайыс илеу, таспа тілу секілді күнделікті кәдеге жарайтын өнерді жергілікті қазақтар көрсетіпті. Сол заманда Қазақстанға табан тіреген ескі дін ұстанушылар қазақша сөйлеуге де тырысып баққан. Сондағы ата-бабамыздың қайсарлығына таңым бар. Естуімше, қолдарында тұз, оққа дәрі, оттық болса болды, табиғатта оп-оңай тіршілік етіп кете алады екен. Мен Бұқ­тыр­ма­ның оң жағалауындағы Бекалқа деген ауылында туып-өстім. Ер­те­ректе, өткен ғасырдың 60 жылдары мектеп біті­ре сала, білім қуып, Өскеменге кел­дім. Оқу оқыдым, тұрмысқа шық­тым. Еңбек еттім. Содан бері бұл қаладан табан аудармадым. Қалалық болып кеткеніммен, өз дінімді, ділімді ұмытқан жоқпын, – дейді Ульяна Корабейникова.

Айтса айтқандай, қазақ халқы қай ұлтқа болсын, құшағын жайды, үзім нанымен бөлісті. Кер­жақ­тардың жерімізге оңай сіңі­сіп кеткені де қазақ халқының дархан көңілінің арқасы. У.Кора­бей­никова айтпаса, қазақ пен кержақтың малы қоралас, өздері аралас болғанын біріміз білсек, біріміз білмеппіз. Бізге бейне бір ескі дін ұстанушылар жеке топтасып, тау арасында жеке-дара өмір сүретіндей көрінетін. Десе де, алға ұмтылып тұрған халық. Әйтпесе, аулаған аң терісін, бұғы мүйізін Қытайға жеткізіп, айырбас жасар ма еді? Қытайға ғана емес, Қазақстанға келген орыс көпестерімен де сауда жасасып отырған. Айта кетерлігі, Алтай өңірінде дәрілік шөп жинап, оны бұғы мүйізімен қайнатып, панты ваннасын жасаған да ескі дін ұстанушылар деседі. Онымен қоймай, ұсталыққа, құрылысқа да шебер болған. Қарағайдан қиып көтерген үйлерінің өзі ерекшеленіп тұрады. Терезелерінің жақтауларын өздеріне тән ою-өрнекпен көмкеріп, көрік беріп қояр еді. Десек те, алғаш көшіп келген жылдары бірден үй тұрғыза қоймаған. Жер қазып, орман-тоғай арасында жасырын өмір сүрген. XVII ғасырда «кешірім» алған соң ғана ағаш жығып, еңселі үй көтеріп тұрмыстарын түзей бастаған. Кержақтардың ауыл­ын тұрғызған үйлеріне қарап-ақ тануға болады. Әсіресе, мұн­дай үйлер Катонқарағайдың Коробиха, Бекалқа, Ақсу, Бар­лық ауылдарынан, Риддердің Поперечкасынан, Үбі өзенінің жағасынан кездестіруге болады. Алысқа бармай-ақ  Өскемендегі этноауылға жол түссе, бай-көпес болған ескі дін ұстанушының қос қабатты бөрене үйін көруге болады. Оны бертінде Барлық ауылынан бұзып әкеліп, музей ретінде сол жағалау паркіне тұрғызған. Бұл паркте кержақтың ғана емес, елімізде тұрып жатқан барлық ұлт­тың дәстүрінен, тұрмыс-тірші­лі­гінен хабар беретіндей үйлердің оннан астамы бар.

Ескі дін ұстанушылардың ұрпағы Ульяна Корабейникова айтқандай, кержақтың тұрмыс-салтын терең тарқатып жазу үшін ауылдарын аралап көру керек. Тұрғындарымен тілдесіп, тарихына терең үңілу керек шығар. Сондықтан да бұл тақырыптың нүктесі бүгін қойылмайды.

 

Шығыс Қазақстан облысы