Отан қорғаушыларымыздың өміріндегі дара мереке саналатын айтулы шараны тамашалау үшін сарбаздардың алыстан ат арылтып жеткен ата-ана, туған-туыстары, сондай-ақ қала халқы Алматы қаласының ең көрікті орындарының бірі, 28 гвардиялық-панфиловшылар саябағында бас қосты.
600-ге тарта шекарашы сарбаз салтанатты сап түзеген бүгінгі рәсімнің көркін шаһардағы «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубының мүшелері кіргізе түскен. Үстеріне киген әскери формалары да өздерін ерекшелендіріп-ақ тұр... Көпшіліктің көзайымына айналған шекарашылардың жас достары қолдарына қару алып, Құрметті қарауыл ротасының қатарына тұрды. Ал бұл – жас патриоттарымыздың рухтарын жани түскені хақ...
ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің бастығы полковник Әлібек Каюповтың бұйрығымен, Жауынгерлік Ту көтерушілер тобы сап түзеген сарбаздардың алдын кесіп өтіп, өз орындарына тұрған соң рәсім еліміздің Мемлеттік Әнұранымен басталды. Бұл – «Көктем-2023» шақырылымы үшін маңызды сәттің тұсауы кесілгенін білдіріп тұр еді.
«Мен қатардағы жауынгер...» деп бастап, туған елінің халқына ақтық демі қалғанша адал қызмет етуге ант берушілердің қатары біртіндеп көбейе түскен. Осынау маңызды сәтті қалт жібермеген Алматы облысы бойынша департаментінің басшылары, шекарашы ардагерлер мен мәртебелі қонақтар сарбаздарды құттықтап, қабылдаған анттарына адал болуға тілек білдірді.
Қалың жұртшылықтың басын қосқан шара департаментке қарасты Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының арнаулы мақсаттағы ұтқыр іс-қимылдар тобының сахналық көрінісіне ұласты. Мұнда ел шебіндегі күрделі жауынгерлік тапсырмаларды орындауға машықтанған әскери қызметшілер шекара бұзушыларды ұстаудың тәсілдерін асқан шеберлікпен көрсете білді.
«Туған жердің шекара шебінде жүру – әркімге бұйырмайтын бақ» демекші, шекара – жүрегі «Отаным» деп соққан нағыз патриоттардың мекені. Енді міне, осынау патриоттарымыздың қатарын жаңадан толықтырған жас сарбаздардың жүрегін қуанышқа толтырған бүгінгі тамаша мерекені ҰҚК Шекара қызметінің әнұранына айналып үлгерген «Біз – шекарада!» атты патриоттық ән аяқтады.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі.