Несие • 02 Мамыр, 2023

Жеңілдетілген несиенің алғашқы иесі

267 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жастар кәсіпкерлігінің өрісін ке­ңейтуді мақсат тұтқан жеңілдетілген несие беру бағдарламасы басталды. Елімізде осындай несиені алған алғашқы жастың бірі – қарағандылық Мөлдір Тайлақова. 2,5%-бен 5 млн теңгеге Мөлдір сұлулық салонын ашады. Жалпы, Қарағанды облысында жеңілдетілген шағын несиеге құжат қабылдау 2023 жылдың 1 нау­рызында басталса, оған бүгінде 31 өтініш келіп түскен екен. Бұйыртса, аймақта жеңілдетілген несиені биыл 324 адам алады.

Жеңілдетілген несиенің алғашқы иесі

Жастардың ұсынған жобалары сан алуан. Қайсыбірі қызмет көрсетуді дамытқысы келсе, енді бір тобы сауда-саттық, мал шаруа­шылығы, жеңіл өнеркәсіп бағытын таңдаған. 9 жас мал шаруашылығына ден қойыпты. 13 жастың жобасы – қызмет көрсету бағытында. Сауда саласында бағын сынағысы келетіндер жетеу екен. Жеңіл өнеркәсіп пен өсімдік шаруашылығында кәсіп қылуға ниет қылған екі жас бар.

Мөлдір сұлулық индустриясына кездейсоқ келмеген. Бұған дейінгі алты жылда осы саланың қыр-сырын меңгерген.

– Көптен бері өз бизнесімді ашу ойымда жүрді. Жеңілдетілген несие бағдарламасы туралы жаңалықтардан естіп қалып, қатысуға бел будым. Шарттарын біліп, тыңғылықты дайындалдым. Соның нәтижесінде комиссия алдында жобамды қорғап шықтым, – дейді Мөлдір Тайлақова.

Бағдарламаның бастамашысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі екені мәлім. Несиелеу «Аграрлық несие кор­порациясы» АҚ арқылы жүзеге асады. Бағдардама аясында 21 жастан 35 жасқа дейінгі кәсіпкерлер жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алады. Бағдарламаға қатысушылардың жасы «Аграрлық кредиттік корпорацияға» өтініш берген кезі ескеріледі.

Бұл несие жастарға өз ісін ашу, одан әрі дамыту мақсатында көмек беруді көздейді. Шарт­қа сәйкес жастағы ел азаматы кез келген салада бизнес аша алады. Бизнестің түріне шектеу жоқ.

Несие – мөлшері 5 млн теңгеге дейін. Мер­зімі – кез келген мақсаттағы жобалар үшін – 5 жыл, ал мал шаруашылығы үшін – 7 жыл­ға дейін. Негізгі қарыз бен сыйақыны өтеу­ге жеңілдік кезең де қарастырылған. Ол несие мерзімінің үштен бірін құрайды.

Мұндағы басты шарт – кәсіпкерлікте бес жылдан кем емес өтіл және кепілдің болуы. Кепілге кәсіпкер жылжымалы, я жылжымайтын мүлікті қоя алады. Кепіл табылмаса, кепіл беруші ретінде ата-анасын, туыстарын тартуына мүмкіндігі бар. Микрокредиттер ар­найы комиссияның шешімі негізінде беріл­еді. Комиссия алдында үміткерлер өздерінің биз­нес-жобаларын таныстырып, қорғауға тиіс.

ҚАРАҒАНДЫ