Ауыл • 02 Мамыр, 2023

Қора қозыға толды

319 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мал шаруашылы­ғын кәсіпке айналдыр­ған Ке­ген ауданын­да 54 334 ірі қара, ­
30 549 бас жылқы бар. Аталған аудан­дағы шаруа қо­жа­лық­тар саны – 1 501 болса, оның алтауы асылтұқымды ша­­руа­шылық санатын­да. Атап айтсақ, «Каз мясо» ЖШС-і 4 200 бас абердин ангус, «Көлсай құ­рылыс» ЖШС-і «Әулие­көл» аталатын асыл­тұқымды ірі қара өсіруде.

Қора қозыға толды

Суретте: тәжірибелі сақ­ман­шылар Ұлбол Енгебаев пен Сәбит Бейсеубаев.

Сонымен қатар «Сенім» шаруа қожалығы – 3 000 бас, «Дархан» шаруа қожалығы – 2 500 бас, «Құмтекей» және «Тантыбай» ша­руа қожа­лық­­­тары 2 100 бастан арқар-ме­ринос қойын асылдандырумен айналысып отыр.

Бүгінде аудан бойынша 210 659 бас қой-ешкі болса, со­ның ішінде 104 707 бас сау­­лық төлдеп бітуге таянды. Қа­зіргі нәтиже бойынша әр жүз сау­лықтан 95-100 қозыдан алу жос­пары толық орындаларына сенім мол.

Биылғы көктем малшылар үшін қолайсыздау болып, бір­шама қиындық тудырды. Ауа райының құбылмалы­ғына қарамастан жаңа туған төлді аман-есен аяқ­тан­ды­рып, шы­ғынға жол бермеуге бар қа­­жыр-қайраттарын салып, тайлы-таяғымен жұмылып жатыр. Соның бірі – Сарытаудың баурайында 695 бас асыл тұ­қымды арқар-мери­нос қойын төлдеткен Жұмаш Суатаев иелік ететін «Ұлар­лы» шаруа қо­жалығы.

– Сәуірдің басынан бас­тал­ған төл алу науқанына тыңғылықты дайындықпен келдік. Бұл сындарлы сәттен мал басын аман алып шығуға он шақты төлші тыным таппай қолғабыс жасап жатыр. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген, бір кісідей жұмыла еңбек етудің арқасында жаңа туған төлдің енесіне еріп, өрісті жас төлге толтыруға күш салуда­мыз. Малдың жартысынан көбі төлдеп болды, деген шаруа қожалығының басшысы Жұмаш Суатаев бұған қоса ет бағытындағы 100 бас аналық ірі қараның да бұзау ерткенін тілге тиек етті.

«Мал баққанға бітеді» де­меуші ме еді аталарымыз. Сол айтқандай еселі еңбек, төк­кен тердің арқасында аталған аудан­да мал төлдету науқаны жақсы нәтижелермен аяқталар күн
жақын.

 

Алматы облысы