Банк мәліметінше, АДБ шарттарына сәйкес Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларына заемның жалпы көлемінің 40% аспайтын бөлігін немесе 200-ге жуық несие бөлу жоспарлануда.
Несиенің 60% облыстар мен шағын қалалардың тұрғындарына берілмек. Бұл өңірлердегі қазақстандық әйелдерді қолдау және несиелеуде диспропорцияны болдырмау мақсатында жасалған.
Бағдарлама бойынша берілетін заемның ең жоғарғы құны - 30 млн теңгеге дейін. Пайыздық мөлшерлеме 14,4 пайызға (ЖТСМ - 15,4 пайыздан бастап) тең, кейін ол 3,5 пайыздан 5 пайызға дейін (ЖТСМ - 3,6 пайыз бастап) төмендетіледі.
«Ұмай» бағдарламасы бойынша қарыз алу мерзімі - 6 айдан 25 жылға дейін. Бұл ретте тұрғын үй таңдауда шектеу жоқ, оны алғашқы және екінші нарықтан, соның ішінде үлестік қатысу шарттары бойынша сатып алуға болады. Сондай-ақ «Ұмай» бойынша баспананы жөндеу жұмыстарына да 3,7 млн теңгеге дейінгі мөлшерде қарыз алуға болады.
Әлеуетті қарыз алушының ай сайынғы отбасылық табысы 550 000 теңгеден аспаса, ол 15 пайыздық бастапқы жарнамен несие ала алады. Ал отбасының ортақ кірісі айына 550 001 теңгеден 640 000 теңгеге дейінгі аралықта болса, онда тұрғын үйді 20 пайыздық алғашқы жарнамен алуға болады.
«Ұмай» бағдарламасы бойынша несиені otbasybank.kz порталында онлайн немесе банк бөлімшелерінде және кеңес беру орталықтарында рәсімдеуге болады.