Аймақтар • 03 Мамыр, 2023

Аймақтағы алғашқы телеарна 65 жылдық мерейтойын атап өтеді

400 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Өңір шежіресін таспалап, жаңалығын жұртқа жеткізіп, «халықтың көзі, құлағы һәм тіліне» айналып отырған бұқаралық ақпарат құралдарының тарихы да тағылымға толы. Солардың бірі – көгілдір экран арқылы көпшіліктің көңіл төрінен орын алған Шығыс Қазақстан облыстық «ALTAI» телеарнасына биыл 65 жыл толып отыр. Мерейтой қарсаңында телеарна директоры Нұртас Солтанұлы ақпарат құралының қазіргі тыныс-тіршілігі туралы әңгімелеп берді.

Аймақтағы алғашқы телеарна 65 жылдық мерейтойын атап өтеді

– Жарты ғасырдан астам уақыт шығыстағы жаңалықтың жаршысына айналған телеарнаның тарихы жайлы айтып берсеңіз.

– Қазіргі «ALTAI» телеарнасы елімізде екінші арна болып 1958 жылғы 16 наурыздан бастап хабар тарата бастапты. Бұл - біздегі журналистика мектебінің ерте қалыптасқандығының бір дәлелі. Телеарнаның ашылуына облыстың экономикалық жағдайы әсер етті деп ойлаймын. Өскемен - ерте бастан өндірістік қала ретінде ел экономикасына елеулі үлес қосқан өңір. Ал телеарна тарихына аз-кем тоқталар болсақ 1959 жылдан бастап аймақта киноөндіріс құрыла бастаған. Қазіргідей заманауи тиехнология болмағаны белгілі, сондықтан алғаш рет операторлардың «Киев-С» деген қарапайым камерамен жұмыс істегенінің өзін бір тарих деуге болады. Ол камераларда түсірілім 15 метрлік пленкасы бар касеталармен жүргізіліпті. Ең қызығы, сол 15 метрлік пленка тек 1 минуттық түсірілімге жеткен екен. Осылай жұмысқа кіріскен телеарна таралу ауқымын кеңейтіп, 1968 жылдың 1 мамырынан бастап Өскемен мен бірқатар аудандарға жаңалық тарата бастапты. Ал 1974 жылдан бастап жұрт республика және одақ көлеміндегі жаңалықтардан құлағдар болып отырған.

– Тарихы терең телеарна өңірде журналистика мектебінің қалыптасып, дамуына ықпал етті деуге бола ма?

– Әрине, әуел бастан жоғары деңгейде жұмыс істей білген деуге болады. Сонау 1980 жылы Шығыс Қазақстан облыстық телевизиялық студия кинооператорлары Мәскеу олимпиадасын түсіруге қатысты. Осыдан-ақ облыстық телеарнада мықты мамандардың жұмыс істеп, мектеп қалыптастырғанын білуге болатын шығар. Тіпті, арғы тарихтың тереңіне бойламай-ақ бертінгі біз білетін жылдардың өзінде телеарна журналистиканың мықты мектебін қалыптастыра білді. Мысалға айтар болсақ, бір кездері Қытай, қазіргі таңда АҚШ-тың жаңалығын жеткізіп жүрген журналист Нұрбек Бекен - осы телеарнаның мақтанышы. Еліміздегі танымал журналистер Айдос Жұқан, Айнұр Омар қатарлы бірқатар журналистер «Altai» телеарнасынан түлеп ұшқандығын жұрт біледі. Өңірдегі меншікті тілшілердің біразы осы телеарнадан қанат қаққан. Ал әр жылдары телеарна үшін тер төккен Қайсағали Қалидолдин, Мұрат Тастағанов, Әсира Нажмаддинова сынды ардагерлеріміздің еңбегін бізге салып кеткен даңғыл жол деп білеміз. Осыған дейін талай-талай журналистерді баптап келген телеарнаның өңірдегі тілшілері журналистика мектебінің қалыптасуына әлі де үлесін қоса бермек. Қазіргі таңда жаһандық технология тетігін меңгеріп, заман үрдісін санаға сіңірген тілшілеріміз көгілдір экран бетіне көпшіліктің көңілінен шығатын ақпараттық өнімдерін ұсынып келеді.

.

– Телеарнаның ақпараттық тарихына тағы бір мәрте тоқтала кетейік. Елдің есінде ерекше қалған қандай бағдарламаларын айтар едіңіз?

– Бұл енді көрермендердің берер бағасына байланысты ғой. Десе де, бір кездері бұл телеарнаның көрермені болғандықтан өз тарапымнан жауап берейін. Жалпы уақыт талабына, ұлттың рухани сұранысына қарай талай-талай бағдарламалар жарыққа шығып, көрерменнің көңілінен шыққанына тарих куә. Дер кезінде көгілдір экранға шығып өз миссиясын атқарып кеткен шығарылымдар бүгінгі таңда арнамыздың бай мұрасына айналып, архивтің қоржынын толтырып отыр. Ал енді менің замандастарымның есінде қалғаны «Ақжолтай» хабары деп ойлаймын. Бұл хабар өз кезегінде қазіргі таңдағы әлеуметтік желілердің міндетін атқарған болатын. Толассыз құттықтауларға толы хабар болатын. Бұдан өзге әр салаға қатысты көптеген хабарлар болды. Жалпы кез келген телеарнаның басты бағдарламасы, жүрегі – жаңалықтар. Сондықтан «Altai» телеарнасының да 65 жыл бойы тікелей эфирде тынбай жаңалық таратып келе жатқандығын ерекше атап өтуге болады.

– Тарихы терең арнаның тізгінін ұстағаныңызға біраз уақыт болып қалды. Қандай жетістікке жеттіңіздер?

Бұл сұраққа қатысты сәл шегініс жасай кетейін. Осыдан алты жыл бұрын, яғни 2017 жылы телеарнаға ребрендинг жасалып, атауы «ALTAI» болып өзгерген еді. Сол тұстағы біздің корпорация төрағасының бастамасымен Қазақстанның өңірдегі телеарналары облыстың географиялық аумағына қатысты атауларды еншілеген болатын. Осыған дейінгі атауы ала-құла болып келген теларна «Altai» арнасы болып өзгеріп, күллі түркі баласына қастерлі атауды иеленген соң, көрерменнің көңіліндегі салмағы артты. Ал мен телеарнаға алғаш басшы болып келген кезде эфирдегі ақпараттық өнімдердің сапасына көбірек көңіл бөлдім. Көгілдір экран арқылы көпшілікке үлгі болатын тілшілердің тіл тазалығына ерекше талап қойдым. Тіл демекші, біздегі ішкі іс-қағаздардың түгелге дерлігі қазақ және орыс тілдерінде қатар жүргізіліп келіпті. Қазіргі таңда барлық ішкі құжаттар 100 пайызға қазақ тілінде жүргізілетін деңгейге жетті. Меніңше, ұлтқа, тілге, жалпы елге деген құрмет осындай жекелеген ұжымдардағы шағын мысалдардан басталып, мемлекеттік деңгейге дейін шығуы тиіс. Бұдан бөлек, соңғы 3 жылда біздің арнаның хабарлары түсірілетін студиялар толықтай жаңғырды. Соның арқасында «Алтай ақпарат» жаңалықтар қызметі, «Алтай таңы» таңғы сазды хабары және «Жаңа Қазақстан» бағдарламасының декорациясы жаңарып, көрерменнің жоғары бағасын алды. Тағы бір ауыз толтырып айтатын дүние, телеарна ғимаратына жасалған жөндеу жұмыстарына қатысты.

.

– Телестудияға жөндеу жұмыстарын жүргізу күн тәртібіндегі мәселе ме еді?

Телестудияға келетін қонақтар өте көп. Бергісі біздің облыстан, арғысы Алматы мен Астанадан келетін өнер адамдарын, тұғырлы тұлғаларды, талантты жастарды қонаққа шақырғанда ғимаратымыздың келбеті бірден көзге түседі. Телеарна дегеніміз аймақтың айнасы іспетті. Оның үстіне біздің ғимаратымызға толыққанды жөндеу жасалмағанына 18 жылдан асып кетіпті. Сондықтан қарашаңыраққа шамамыз келгенше жөндеу жұмыстарын жүргізу керек деп шештік. Осылайша, телеарнаның 1-2 қабаттары мен негізгі хабарлар түсірілетін үлкен және шағын павильондар бастан-аяқ жөнделді. Телеарна саласында «еден елге бірінші көрінеді» деген ұғым бар. Сондықтан қазір заманауи кепке енген біздің арнада кез-келген деңгейдегі хабарларды түсіріп, мәртебелі меймандарды қарсы алуға барлық жағдай бар. 2 жыл бойы кезең-кезеңмен іске асқан бұл жобаға ерекше қолдау көрсетіп, демеушілік еткен «Казцинк» компаниясына, осы мекеменің әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев мырзаға ерекше алғыс айтқым келеді. Сәтін салса, бұл жұмысты алдағы уақытта да жалғастыру жоспарда бар.

– Бүгінгі таңдағы цифрлық әлеммен және қарқыны қатты әлеуметтік желілермен қандай бәсекелістікте жұмыс істеп жатырсыздар?

– «ALTAI» телеарнасы - Шығыс Қазақстан облысының 97 пайызына сандық форматта, ал «OTAU TV» желісі арқылы бүкіл Қазақстан аумағы мен көршілес елдердің шекаралас өңірлеріне тәулігіне 14 сағат бойы хабар таратады. Телеарнаның Facebook, YouTube,  Instagram әлеуметтік желілеріне мыңдаған қолданушы тіркелген. Яғни, біз өз өніміміз бен телеарнамызда болып жатқан жаңалықтарды дер кезінде әлеуметтік желіге салып, көрерменмен кері байланыс орнатып келеміз. Оның үстіне, 2022 жылы телеарнаның ресми сайты жаңарып, әдемі дизайнмен жасалған www.altaitv.kz ресурсымыз жұмыс істеп тұр. Ресми сайтта және «Қазақстан» телерадиокорпорациясының qazaqstan.tv мобильді қосымшасында онлайн хабарларымыз таратылады. 

– Телеарнаның мерейтойына орай ұйымдастырылатын іс-шараларға дайындықтарыңыз қалай жүріп жатыр?

Бұл енді бір күнде өткізе салатын той емес, сондықтан жоспарлаған іс-шараларымызды ертерек бастап кеткенбіз. Бастысы елдің есінде қалатын, пайдалы дүниелерді іске асыруға тырыстық. Торқалы тойға орай телеарна тарихы мен келбетін паш ететіндей түрлі бейнероликтер жасап, көгілдір экран арқылы таратқанымызға біраз уақыт болды. Алғаш хабар таратқан 16 наурыз күнгі эфирді тұтастай мерейтойға арнадық. Бұл күні өзіміздің ардагерлерімізден сұхбат алып, ұрпақтар сабақтастығын көрсеттік. Осыдан кейін еліміздегі ең танымал «QUIZ» интелллектуалды ойынының бір саны арнамыздың 65 жылдығына орай өтіп, облыстың түкпір-түкпіріндегі білімді, талантты жастар қатысып, мерейтойға орай марапатталды. Ал алдағы 13 мамыр күні журналистер арасында өңіраралық футбол жарысы өтеді. Оған Жетісу, Абай облыстары және өзіміздің өңірден әріптестеріміз келіп, қатысқалы отыр. Жуырда қайырымдылық шарасын өткізіп, көмекке мұқтаж бірнеше отбасына азық-түлік себетін тарату жоспарымызда тұр. Тағы бір айтатын жайт, мерейтойға орай біздің арнаның тілшісі Гүлдана Айдарқызы мен аға операторымыз Александр Каримов Түркияның төрт бірдей тарихи қаласына сапарлап, саяхаттап келді. Бұл сапардың шығынын мерейтойға сый ретінде Түркітілдес журналистер қоры көтеріп алды. Осы орайда қордың басшысы Нәзия Жоямергенқызына алғыс айтқым келеді. Ол аймақтағы тілшілердің шетелге шығуына үнемі қолдау көрсетіп келеді. Сонымен қатар, мерейтой қарсаңында телестудия айналасына ағаш отырғызуды жоспарлап отырмыз.  Ал негізгі салтанатты шара 19 мамыр күні «Ертіс концерт»  орталық мәдениет үйінде өтеді. Ауқымды шараға облыс басшылығы, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының жетекшілері және елімізге танымал тележурналистер мен медиаменеджерлер қатысады. 1 сағатқа жоспарланған мерекелік концерт барысында мерейтой құрметіне жазылған телеарнаның әнұраны алғаш рет шырқалады. Сонымен қатар, бірқатар қызметкерлеріміз бен ардагерлерімізге әзірлеп отырған түрлі мерейтойлық марапаттарымыз бар.

Сұхбаттасқан – Қызырбек Дүргінбайұлы