Қоғам • 03 Мамыр, 2023

Шыңғыс Айтматов байқауы

448 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығына орай Құлан агротех­никалық жоғары колледжінде «Шыңғыс Айтматов әлемі» тақырыбында республикалық байқау ұйымдастырылды. Іс-шараға еліміздің әр қиырындағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері қатысты.

Шыңғыс Айтматов байқауы

Шыңғыс Айтматов оқу­ла­ры­ның агротех­никалық колледж­де ұйымдас­тырылуы бекер емес. Алатаудың арғы бетінен келген қаламгер Жамбыл қала­­сындағы ауыл шаруашылығы бағы­тындағы техникумда білім нәрімен сусын­дағанын жұрт жақсы біледі. Атал­ған техникум арада ондаған жыл өткенде Құлан ауылына көшірілген болатын.

Қаламгер оқыған білім ор­дасындағы байқауда студенттер екі кезең бойынша сынға түсті. «Сөз – құдірет қашанда» деп аталған алғашқы кезең қаты­сушылары көркемсөз оқу ар­қылы өзара кім мық­тыны анық­­таса, «Таланттар өмірде шың­далады» кезеңінде топқа түскен оқу орын­дарының таланттары Шыңғыс шы­ғар­маларынан сахналық қойылым көрсетті.

Студенттер әлемге әйгілі қаламгердің «Ғасырдан да ұзақ түн», «Жәмилә», «Қош бол, Гүл­сары!», «Ақ кеме» сынды көр­­кем шы­ғар­маларынан үзінді оқығаны көкейге қонды.

Байқау қорытындысында «Сөз – құдірет қашанда» кезеңі бойын­ша Тараз сервис және технология колледжінің студенті Да­мир Балпықов жеңімпаз атанса, «Парасат» колледжінің студенті Амангелді Жансерік бірінші орынға, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті Әкімжан Қуа­нышбекұлы мен Абай атындағы Шығыс Қазақстан гу­манитарлық колледжінің сту­денті Айсұлу Қабышева екінші орынға лайық деп танылды. Жүл­­делі үшінші орын Қаскелең мәде­ниет колледжінен келген Дін­мұха­мед Төлепберген, Құлан агро­техни­калық кол­леджі­нің үміті Әмина Жұ­мамұрат, Түркіс­тан көп­са­­лалы аграрлық колледжінің студ­енті Перизат Әбдірахмановаға бұйырды.

«Таланттар өмірде шыңда­лады» кезеңінде «Шыңғысханның ақ бұлты» қойылымымен дараланған Түркістан көпсалалы қолөнер колледжінің студент­тері топ жарса, Талды­қорған агро­тех­никалық колледжінің сту­дент­­тері жүл­делі бірінші орын­ды иеленді. Екінші орын И.Әб­ді­кәрімов атындағы Қызыл­орда аграрлық техникалық жоға­ры колледжі мен Қаскелең гума­нитарлық тех­никалық колледжі студенттеріне бұйырса, Абай атындағы Жам­был гуманитарлық колледжі және Бай­зақ, Абай облысынан келген Бесқарағай колледжі­нің студенттері үздік үштікті түйіндеді.

 

Жамбыл облысы,

Тұрар Рысқұлов ауданы