Заң бойынша экологиялық апат аймағы, экологиялық дағдарыс аймағы және экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған өңірлер нақтыланып, тұрғындарға әлеуметтік көмек тағайындалды. Осының арқасында облыс тұрғындарының айлық жалақыларына пайыздық үстеме қосылды. Медициналық қызмет көрсетуді, денсаулық сақтау ісін қаржыландыруды және материалдық тұрғыдан жабдықтауды ұйымдастыру жолға қойылды. Жүкті әйелдердің денсаулығын қадағалауда жеңілдік көп еді, мектеп жасындағы балалар тынығу-сауықтыру лагерлеріне тегін жолдама алып жататын. Бұл өңірден қоныс аударғандар барған жерінде біраз жеңілдікке ие болатын. Табысы төмен отбасыларға заң аясында арнайы көмек көрсетілді. Басқасын былай қойғанда, тұрғындарға жеңілдікпен 2 тоннадан көмір беріліп тұрғанын да жұрт әлі жыр қылып айтады.
Отыз бір жылдың ішінде заң едәуір «жұқарды», яғни біраз баптары алынып тасталды. Сол баптармен бірге көптеген жеңілдік те жым-жылас болды. 2000- жылдардың басында жергілікті әкімдік осыған құмбыл кіріскенін ұмытқанымыз жоқ. Билікке бағынышты жергілікті басылымдар табиғат тақсіретін тартқан жұртқа беріліп отырған өтемақыны алып тастау жөнінде пікірлер ұйымдастырып, кейбір республикалық БАҚ пен тәуелсіз ақпарат құралдары бораған шаң мен тұздан көз аша алмай отырған елдің жағдайын көрсетіп, жеңілдіктің жыры біразға созылған.
Айтыс-тартыстың аяғы ұзап, облысқа біршама министрлік өкілдерін ерте келген сол тұстағы бірінші вице-премьер Григорий Марченконың қатысуымен үлкен жиын өтіп, онда елді тыңдаған үкімет делегациясы экологиялық коэффициенттер алынбайтынын мәлімдегені де есте. Бірақ сол тұстағы жергілікті биліктің «экологиялық өңір өніміне сұраныс жоқ» деген уәжі олақтың кестесіндей ойқы-шойқы болып тұрғанымен де заңның біраз баптарын қысқартуға жетіп жатты. Әйелдер үшін зейнетке ерте шығу, жүкті әйелдерге арналған жеңілдіктер және көптеген басқа да қосымша өтемақылар осы жолы алынып тасталды. Бірақ осы уақытқа дейін Қызылорданың күрішіне «мынауың апатты аймақтың тұзды топырағынан өнген екен» деп мұрын шүйірген ешкімді көрген емеспіз. Сыр күріші елімізге де, шетелге де жөнелтіліп жатыр. Аралдың балығы мен тұзы да Еуропаның біраз мемлекетінің сөресінде тұр.
Дәл қазір осы мәселемен облыстағы «Бастаманы қолдау» қоғамдық бірлестігі айналысып жатыр. Қоғамдық бірлестіктің өкілдері USAID-тың Орталық Азиядағы азаматтық қоғамды қолдау бағдарламасы шеңберінде заң жеңілдіктерін пайдаланып отырған Қызылорда, Ақтөбе, Ұлытау мен Түркістан өңірлерінде 1 700 адамның қатысуымен әлеуметтік аудит жүргізіп, бірнеше дөңгелек үстел мен қоғамдық тыңдау ұйымдастырды. «Арал өңірі халқының әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау» тақырыбындағы сараптамалық есепте қамтылған мәселе көп. Есепте Арал өңіріндегі экологиялық жағдайдың нашарлауы халықтың денсаулығына, ауылшаруашылығына, теңізді өңірдегі тіршілік көзі – балық шаруашылығына әсері жан-жақты айтылған. Кейінгі жылдары Сырдария өзенінің түбі көрініп қалғаны, Байқоңырдан ұшқан зымырандардың зардабы экологиялық өңір ахуалын одан әрі ауырлатып отыр.
Заңға жүргізілген зерттеулер мен сараптамалардан кейін Арал маңындағы халықтың таза суға, денсаулығын сақтауға, әлеуметтік және экономикалық қорғауға бағытталған құқықтарын нығайту әрі қорғау үшін заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде әзірленген ұсынымдар Парламентке, Экология және табиғи ресурстар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Қаржы, Ұлттық экономика, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктеріне, Қызылорда, Ақтөбе, Ұлытау, Түркістан облыстарына жолданады.
– Бұл ұсыныстарды бірден жүзеге асыру мүмкін емес, бірақ бұрынғы жеңілдіктердің негізгілерін қайтаруға күш салуымыз керек. Мысалы, қазір жалақыға қосылатын үстемеақы экологиялық апат аймағы саналатын Арал мен Қазалы аудандарында – 50 пайыз, ал экологиялық дағдарыс өңірлері қатарындағы қала мен бес ауданда 30 пайыз болып тұр. Осының өзін тек мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік мекеме мамандары алады. Бұл – аймақтағы экономикалық белсенді халықтың 30 пайызы. Жеке мекемелер арасынан мұндай қаражат төлейтін, заңға сай демалыс күндерін беретіндер жоқтың қасы. Тағы бір мәселе – қоғамдық жұмысқа тартылған жергілікті азаматтардың жалақысына да үстемеақы қосылмайды, – дейді «Бастаманы қолдау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мәдина Төлепова.
Тұрағы Сырда, тірлігі сыртта вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтар да экологиялық үстемеақыдан қағылып отыр. Заңға сүйенсек, өзге қалаларда жоғарғы білім алып жүрген қызылордалық жастар да қатарластарымен салыстырғанда жоғарылау шәкіртақы алуға тиіс еді. Бірақ ол да орындалып отырған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, заңның қолданылу аясы тек облыспен шектеліп қалып отыр. Жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен келген хатта экологиялық апат аймағында тұратын студенттер ғана жеңілдікке ие болатыны жазылған.
Министрлік өкілдері тартылған теңіз әсерінің экологиялық апат және экологиялық дағдарыс аймақтарында тұратын жүкті әйелдердің саулығына әсерін растайтын дәлелді деректердің жоқтығына да назар аударған. Сондықтан да бала күтіміне байланысты демалыс ұзақтығын ұлғайту үшін экологиялық аймақтағы әйелдер денсаулығына толық талдау қажет.
Салыстыру үшін айта кетейік, Арал экологиясына байланысты қабылданған құжаттың «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңнан айтарлықтай айырмашылығы бар. Басқасын былай қойғанда, екі заңдағы жүкті әйелдердің босанғанға дейінгі, босанғаннан кейінгі демалысында да көп өзгешелік кездеседі.
Арал өңірінің дәл қазіргі жағдайын, ондағы тұрғындардың саулығын жақсарту мәселелерін әлеуметтік саланы, оның ішінде денсаулық саласын бес саусағындай білетін Парламент Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова да жиі көтеріп келеді. Қоғамдық бірлестік бастамасына қолдау танытқан депутат туу көрсеткіші тежеліп, халықтың табиғи өсімі азайған өңірде экологиялық және климаттық дағдарыс жағдайында денсаулық сақтау саласындағы өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бағдарлама дайындау қажеттігін айтады. Ал жалпы облыс халқының кейінгі бес жылдағы денсаулық көрсеткішінде онкологиялық аурулар өскені байқалып тұр. Сүт безі, өңеш, асқазанның қатерлі ісіктеріне шалдыққандар көбейген. Облыстағыдан жоғары көрсеткіш Арал, Сырдария, Қармақшы аудандары мен Қызылорда және Байқоңыр қалаларында тіркеліп тұр. Қан аурулары Арал, Шиелі, Жалағаш және Жаңақорған аудандарында жоғарылаған.
Осы мәселені жуырда Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов те көтеріп, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровқа сауал қойды. Мысалы, 11-бапта Үкімет пен жергілікті атқарушы орган экологиялық қасірет аймағының халқын экологиялық таза тамақ өнімдерімен және сапалы ауыз сумен басымдықты түрде қамтамасыз етуге міндеттелген. Мәжіліс депутаты қазіргі жағдай керісінше болып отырғанын айтады. Сыр еліне оңтүстіктен азық-түлік жеткізілетін жол ақылыға айналып, бұл бағаның қымбаттауына соқтырып отыр.
– 12-баптағы медициналық қызмет көрсетуді, денсаулық сақтау ісін қаржыландыруды және материалдық жағынан жабдықтауды ұйымдастыру талаптары да орындалмай отыр. 19-баптағы экологиялық қасірет аймағындағы жұмыссыздарға берілетін әлеуметтік кепілдіктер мен өтемдер талаптарына сәйкес қаржы және материалдық қаражаттар жаңа жұмыс орындарын құруға, ақы төлейтін қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруға басым бағыттауға, экологиялық апат аймағынан көшіп-қонушыларды республиканың экологиялық жағынан қолайлы аймақтарында жұмысқа орналастыруға жұмсалуға тиіс. Бірақ күні бүгінге дейін Сыр өңірінен көшіп келген азаматтарды жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін бағдарлама туралы естіген емеспіз. Қазір Қызылордада «қара алтын» қоры сарқылуға жақындады. Мұнайдың түбі көрінгені алда өңірде жұмыссыздық мәселесі күшейе түсетінін байқатады, дейді депутат.
Қысқасы, заңдағы жеңілдіктің жыры осындай болып тұр. Жыл сайын Аралдың кепкен табанын көгалдандырудың қамы жасалып, осы уақытқа дейін жүздеген мың гектарға сексеуіл егілді. Кіші Арал кемеріне келгелі бері табиғаттың тосын құбылыстары сәл де болса тыйылғандай. Дегенмен әлі күнге аяқ астынан дауыл тұрып, төбеден құм мен тұз қатар құйылатын сәттер аз емес. Осының өзі экономиканың барлық саласында климаттың өзгеруіне бейімделу шараларын қабылдау қажеттігін көрсетеді. Ал бұған «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» «жұқарған» емес, керісінше жетілдірілген, толыққанды заң негіз болуы керек.
Қызылорда