Сұхбат • 03 Мамыр, 2023

Мұрат АХМАНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: Кино танымал етсе, театр жан дүниені жетілдіреді

679 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Театр мен кино өнерінде есімі құрметпен аталатын актер әрі режиссер Мұрат Ахманов өнерге ерте келді. Түр-тұрпатының өзі сахнаға сұранып тұрған немересін атасы жетектеп әкеліп Алматы хореографиялық училищесінің директоры, әйгілі биші Шара Жиенқұлованың қолына тапсырғанда ол он екі жаста болатын. Режиссер дүниеге келген Алматы облысы Кеген ауылы Ұзынбұлақ ауылына «Атаманның ақыры» фильмін түсіруге барған Шәкен Айманов таңсық өнердің ізіне түскен биші баланы көріп, батасын беріп, қолындағы қамшысын сыйға тартқан. Содан бері қызығы мен қиындығы қатар жүретін өнер саласына өмірін арнағалы да тұп-тура жарты ғасыр болыпты.

Мұрат АХМАНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: Кино танымал етсе, театр жан дүниені жетілдіреді

Орал, Жезқазған, Талдықорған, Ақтөбе театр­ларының өркен жаюына үлесін қо­сып, бүгінде Ғ.Мүсірепов атындағы ака­де­миялық балалар мен жасөспірімдер теат­рында өнердегі жолын сәтті жалғап келе­ жатқан белгілі сахна саңлағы жуыр­да­ «Мұрат Ахманов шығармашылығы ап­та­лығын» өткізіп, «Тойы көп үй» атты жаңа­ премьерасының тұсауын кесіп, ұзақ­ жылдар бойы аншлагпен қойылып келе­ жатқан алты спектаклін көрерменге ұсын­ды. Өнерде жүріп, жан-жақты қырын же­тіл­­діре түскен режиссер драматургиямен де­ айналысып, ертегі, пьесалар жазып, шы­ғар­малардың сахналық нұсқаларын жасады. Осы еңбектің бәрін жүйелеп, жинақтап «Мұрат Ахманов» атты жаңа кітапты жарыққа шығарып, апталық аясында оны да өнерсүйер қауымға тарту етті.

– Мұрат Ноянбайұлы, өзіңіз қызмет ететін Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық балалар мен жас­өспірімдер театрында сіз сахналаған спек­такльдердің апталығы табыс­пен­ жүрді. Демек, бұл ұзақ жылғы шығар­ма­­шылығыңызға шолу ғой?

 – «Шығармашылыққа шолу бола ма»­ деген оймен басталып еді. Алайда­ мен бір­талай жыл жұмыс істеп, қалып­та­суы жо­лында қызмет еткен Орал қаласындағы Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыс­тық қазақ драма­ театры, репертуары­на­ менің де қойылымдарым енгізілген Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыс­тық­ қазақ академиялық музыкалық драма теат­ры белгілі бір себеп­терге байланыс­ты­­ апталыққа қатыса алмайтын болды.­ Ал ұзақ жыл еңбек еткен Б.Римова атын­да­ғы Талдықорған қалалық қазақ драма­ теат­ры­ның бой көрсететіні қуантты. Сонымен қатар Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер­ академиясындағы тәлім беретін 2-курс­ студенттерімнің өтінішімен қойған «Пай, пай, жас жұбайлар-ай!» спектаклі сах­на­ланды. Оған қоса, арнайы Баққожа Мұ­қайдың 70 жыл­­­дығына арнап қоямын деп­ ниеттенген «Тойы көп үй» спектаклін
75 жыл­­­дығында сахналаудың сәті де биыл­ бұйырды.

Мен 12-13 жасымда А.Селезнев атын­­­дағы Алматы хореографиялық учили­ще­сі­нің табалдырығын аттадым. Ол кезеңде бұл училищеде тек қаланың балалары және өзге ұлттың өкілдері ғана тәлім алатын. Ұлтқа қызмет еткендермен қатар жүріп, ұлтын сүюдің үлгісін көрген Шара Жиен­құлова директор болып келгеннен кейін училищенің байырғы ұстанымын тас-талқан етіп, ауыл-ауылды өзі аралап жүріп, сыр-сымбаты талапқа сәйкес келетін жас таланттарды таңдап алып келетін еді. Содан, міне, өнер кеңістігінде жүргеніме 50 жыл болыпты. Одан кейін, өнер жолымды Абай атындағы қазақ мем­лекеттік академиялық опера және балет­ теат­рының сахнасында биші болып­ бас­тадым. Барлық балет бишісі секілді «Доктор Айболит», «Щелкунчик», «Спар­так» деген спектакльдердің көпші­лік сахнасында жүріп, сахналық қойы­лым­дар­дың дайындалу кезеңімен таныстым. Кейін мемлекеттік ән-би ансамблінде биші болып жұмыс істедім, уақыт тауып әскер­ге барғанымда да өнерден алысқа кетпе­дім. Әскери ансамбльде екі жыл биле­дім. Әскерден соң Алматы театр­ және көркемсурет инс­титутына түсіп, сонда Асқар Тоқпанов, Ыдырыс Ноғай­баев, Фарида Шәріпова, Асанәлі Әші­мовтерден дәріс алдым. Оқуды тәмам­даған соң Б.Римова театрын­да қыз­мет етіп, Х.Бөкеева теат­рында шығар­ма­шы­лы­ғымды жалғас­тырдым. Талдықорған теат­ры­ның алғашқы уығын қадағандардың ара­сында біз де болдық. Алматыға тек 25 жыл­дан соң ғана оралдым. Бұл жылдардың бір күні де текке өткен жоқ, толассыз тәжірибе жинақтаған нағыз өмір мектебі болды. Бүгінгі күні менен тәлім алған шәкірттерімнің бірі – актер, бірі – мұғалім, бірі – директор, бірі – театрдың көркемдік жетекшісі. Ұстаз үшін бұл да мақтаныш.

– Шолу демекші, өзіңізге жиі есеп бе­ріп тұрасыз ба?

– Сөз басында айтып өткенімдей, өнер­дің­ соңында жүріп қай жер керек етсе, сол орыннан табылып, бірқатар мекеме ауыстыруға тура келді. Жиі көшіп-қонып, қала, мекенжай ауыстыру отбасыма да оңай болмады. Жаңа ортаға енді үйренісіп келе жатқанда, балалардың басқа мектепке ауысқаны олардың психологиялық тұрғыдан қайта бейімделуін қажет еткені секілді түрлі өзгерістер отбасыма қиын болған шығар, бәлкім. Өнер деп жүргенде оны ойлауға мұрша да болмапты. Бірақ мұның да қолайлы бір жағы бар. Қазір отба­­сы­­мызбен қай қалаға барсақ та құшақ­ жая қарсы алар достарымыз да, та­ныс­­тарымыз да жетерлік. Ал енді ме­нің­­ шығармашылығыма келсек, көшіп-қо­нып­­ жүргенімде Б.Римова театрындағы көр­­кем­дік жетекші әрі актер болып жүр­ген­дегі кезең, Оралдағы Х.Бөкеева театры­ ашылуы және онда режиссер болып жұмыс істеген кезең, С.Қожамқұлов театрын­дағы қайта қалыптастыру кезеңі көп дүниені қайта сараптап, өзімше ой түйін­деуге жетелейді. Уақыт биігінен көз сал­сам, әрдайым толғанысқа түсіп, бәрін қайт­а­дан бастауға тура келген жағдай көп болған екен. Алайда тек театр­мен шекте­луді жөн көрмеген соң, академия­да­ ұстаздық етіп, кино саласына да бет бұр­дым. Міне, осы аталған еңбек жолым­да­ өзіме үнемі «ол жерде қандай пайдалы қызмет атқардым?» «қолымнан не кел­ді,­ не келмеді?» «одан не таптым, не жо­ғалт­тым?» деген сұрақтар айналасында жауап із­деп, өзімнен үнемі есеп алып отырдым.

– Яғни бір орында қайырлап қал­ғы­­ңыз­­ келмей, әрдайым жаңа­шыл­дыққа бой­ ұрып, жаңа дүние жасау өмір­лік ұста­­нымыңыз болды ма?

– Ағымнан жарылып айтсам, қызмет меке­­німді саналы түрде ауыстыруды ешқа­шан мақсат еткен емеспін. Тағдыр қақпа­қылдап әкеліп өз толқынына салды, мен сол ағыспен жүрдім. Барлық жұмыс орнымды арнайы шақыртумен ауыс­­тыруға тура келді. Институтты тәмам­дап­ жатқанымда «Қобыланды» рөлінде ойна­ған дипломдық жұмысымды көрген Бәй­тен Омаров «М.Әуезов театрына бара­мын» деп дайындалып жүрген мені Талды­қор­ғандағы Б.Римова театрына алып кетті. 

 Сонымен қатар осынау өмір ағы­сында жан жарым Хазима Нұғманова үнемі ме­нің жанымнан табылды. Хазима да бү­гінгі күні Ғ.Мүсірепов атындағы бала­лар­ мен жасөспірімдер театрының белді актри­сасы. Гастрольдік сапарларға шық­сақ­ та, спектакльде ойнасақ та, бірге жүр­дік. Балаларымның тәрбиесімен де өзі айналысып, ағайын-туған, дос-жаран­ның да көңілін тауып, менің тек шығар­ма­шылықпен шұғылдануыма қолайлы жағ­дай жасағаны үшін жарыма ризамын.

– Жуырда көрермен назарына ұсы­ныл­­ған Баққожа Мұқайдың «Тойы көп үй»­ шығармасын таңдауыңызға не себеп­ болды?

– Бұл шығарманы алғаш Х.Бөкеева атын­дағы Батыс Қазақстан облыстық теат­­рында қызмет етіп жүргенімде қолға ал­дым. Айта кететін жайт, бұл театрға ба­руыма себепкер болған бірден бір адам осы шығарманың авторы Баққожа Мұ­қай еді. Кейін «Драматург ағамның шығар­ма­шы­лығына назар аударып, неге спектакль қой­масқа?» деген мазасыз ойлардан соң пьеса­ларының барлығын оқып шығуды жөн көрдім. Сәйкесінше, «Тойы көп үй» пьеса­сы көңілімді тербеп өтті. Пьесадағы басты­ кейіпкер Заңғардың прототипі дәл Бақ­қожа ағамның өзі секілді елестеді. Өйт­кені Алматының төрінде тұратын Бақ­қожа ағамның шаңырағынан кісі аяғы­ үзілмейтін. Ағайыны, туғаны болуы шарт емес, шаруа­сы­ болып шаһарға келген кез келген, тани­тын-танымайтын Нарынқолдың адамы Баққожа ағамды іздеп табатын. Неге десеңіз, кім келсе де, ағамыздың есігі әрдайым ашық тұратын. Ал енді шығарманың басты кейіп­кері Заңғарға келсек, ол өте бауыр­мал,­ сезімтал, адамгершілік қасиетке бай­ тұлға. Кейбір адамдар, бұл образды өтірік, ертегі, ондай мінсіз адам болуы мүмкін емес деп айтуы мүмкін. Бірақ өмір қаталдыққа, жауыздыққа бой алдырды деп қанша жерден жамандасақ та, өмірді өмір етіп ұстап тұрған Заңғар секілді жақсы адамдар. Өкініштісі, сондай жандар көбіне еленбей, тасада көрінбей қалып жатады. Жалпы, спектакльде басты кейіпкердің өзі кездескен жандарға жақсылық жасап, бақытын табуға көмектесетіні, соңында өз тағдырымен арпалысып, сүйген жарынан сәби сүйе алмаған қасіретін бас­тан кешкені, қайғысы көп бола тұра, кең жүрегіне бүкіл әлемді сыйдырғысы келетін қасиеті жүрегі тұмшаланған жандарға үлгі болса дедім.

Айта кететін жайт, бұл спектакльді ал­ғаш рет қойып отырған жоқпын. Бір жыл­дары Б.Римова театрында дәл осы қойы­лым­ды сахналаған едім. Шығарманың көңі­лімнен шыққаны сонша, Ғ.Мүсірепов теат­рында да қайталап қоюды жөн көрдім. Өйт­кені өмірді жарық етіп тұрған осындай жақ­сы адамдардың болатынын әр өңірдің көрермені міндетті түрде тамашалауы керек деген ойдамын. Шығарманы қайталап қойған са­йын мүлде жаңа қырынан ашы­лып, бір-біріне ұқсамай, даралана түс­ке­ні өзімді де таңғалдырады. Баяғыда А.Тоқпанов ағамыз: «Мен М.Әуезовтің «Абай жолын» жатқа білемін. Мен оны бір­не­ше рет оқыдым. Әр кезеңінде әртүрлі түсі­ніппін. Алғаш оқығанымда Абайдың жас кезін қатты түсінсем, орта жасқа кел­генімде орта буын кезін ұғындым, ал қазір Абайдың қарттығы жаныма жақын» дей­тін жарықтық. Сол секілді «Тойы көп үйді» мен үшінші мәрте қоюға оқталып отыр­мын. Қазіргі мынау қиын да қатыгез заман­да Заңғар секілді жақсы адамдардың да бар екенін көрсету қажет.

– Көгілдір экранда тұғыры биік тұлға­­ларды сомдадыңыз. Болашақта жос­пар­да тұрған түсірілімдер бар ма?

– Жалпы, өнер адамдарының ішінде кино актері тәуелді мамандықтың бірі­нен­ саналады. Қалаған фильмге түсе салу­ біздің қолымызда емес, болашақ филь­міндегі кейіпкерді қалай көргісі келе­ді,­ ол жеке режиссердің көркемдік таны­мы­нан туады. Менің пайымымда ол «тағ­дырға» байланысты, яғни ол маған бұйы­рылған рөл болса, өзіме ғана тиесілі бола­ды. Кино саласына жасым елуден асқан соң ғана бет бұрдым. Б.Римова театрын­да жұмыс жасап­ жүр­ген­ кезімде әріптес актриса Әлихан Ыды­ры­шова «Астана – махаббатым менің» сериа­лын­дағы Бектасовтың рөлін ойнауыма себеп­кер болған еді. Одан кейін «Менің күнә­лі періштем», «Тропинка к облакам», «Парыз», тағы басқа сериалдармен кино әле­мін­дегі жолым жалғасын тапты. Ең бас­ты образдарымның бірі әрі бірегейі, әри­не, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назар­баев жайлы түсірілген «Елбасы жолы. Астана» сериалында Елбасы бейне­сін­ сомдағаным. Сонымен қатар қазақтың ұлы­ тұлғаларының бірі Әлкей атамызды «Әлкей. Ғұлама ғұмыр» жобасында сомдауды бұйырды.

– Ал ерік сізде болса, қай тұлғаны сомдар едіңіз?

– Театр өмірінің тынысын тамыр­шы­дай­ тап­ басып танитын Әшірбек Сығай аға­мыз­­бен кездесе қалсақ, кәсібімізге байланысты сын-мақтауы аралас керекті кеңес сөзді күтетін ежелгі әдетіміз. Бірде ағамыз: «Мұрат, сен Абайды қолға ал. Абайды сомда.­ Сен сол кезеңге жеттің» деген еді. Ағаның сөзінің әсері болды ма, әлде іштей толысып жетілгеніме өз көңілім де сене ме, қазақ ұлтының ең биік тұлғасы Абайды сомдағым келетінін жасырмаймын. Абайдың даналығы, өмірі, трагедиясы, арпалысы, күресі, жолы, поэ­зиясы, махаббаты – бұлардың қайсысын алсаң да өте терең әрі мәні зор.

Абай – қай кезеңде қолға алсаң да өмір­шең­дігін жоғалтпайтын актуальды тұлға. Өзімнің де шығармашылық жос­па­рым­да театр­да «Абайды» сахналау ойым­да бар.­ Реалистік бағытта жазылған М.Әуе­зовтің шығармасын қайыра бір сүзіп­ шығып, өз көңіл кеңістігімде сызып­ алған жобаммен толықтыра отырып, өзім­ше қойғым келеді. Абай – жұмбақ әлем.­ Не құдірет екенін түсінбеймін, сырын ашуға талпынған са­йын жұмбағын жа­сыра түседі. Абайды басқа емес, неге өз ағайыны қамшының астына алып­ сабады, қанын ішіне тартып неге оған кектенді? «Абай қайтты» дегенді есті­ген­де,­ шын жылаған да осы Оразбай емес пе? Ендеше, ағайынның арасындағы бұл­ қайшылықта бір шындықтың бары рас қой. «Қара сөздерін» оқығандардың кей­бірі Абай қазақты жек көрді деп ойлайды.­ Шоқ­ секілді тиген жерін қарып түсер шын­дықты қабылдауға екінің бірінің дәті көтер­мейді. Өзгеге қатысты шындықты көр­гісі келетін адам өзіне келгенде естігісі кел­мейді. Өтірік мақтағанға мәз болып жүре береді. Абай сияқты шындықты шыж­­ғырып айтқан адам жоқ. Абай айтқан сол шындық шымбайымызға батқаннан кейін­ бәлкім, әртүрлі әңгімені бықсытып жүр­­геніміз. Осы себепті, Абай қазынасын ақта­рып отырып, ішінен қазаққа пайдасы тие­тін шындықты шырқыратып айтатын дүние қойғым келеді.

– Шығармашылыққа қызмет ете­­тін әр адам айғайлап айтпаса да, ішей өз дең­ге­йін, артықшылығы мен кем­­шілігін өте­ жақсы бағамдайды. Жалпы, режиссер ретінде өз ерек­шелігіңіз туралы не айта аласыз?

– Ұлтжандылығым болар. Шығар­ма­­­­­шы­лықтағы басты бағытым да осы – ұлт­жандылық. Оған дәлел, «Махамбет», «Құр­манғазы», «Ант», «Әбілқайыр хан»,­ «Кетбұға», «Жалаңтөс Баһадүр», «Райым­бек, Райымбек», «Сырым батыр»,­ «Мәңгілік елдің Алтын адамы» қойы­лым­дары. Осы арқылы мен өзімнің, елім­нің алдындағы азаматтық борышым­ды­ атқаруға талпыныс жасадым. Ал спек­такл­ь­дегі пластикалық шешімдерді құруда маған хореографиялық училищеде алған тәлі­мім көп көмектесті.

– Қазіргі қазақ театр өнерінің бағы­­т­ы туралы не айтар едіңіз?

– Қазіргі кезде театр сахнасында­ экс­­пе­ри­ментальды қойылымдар мөлшер­ден­ ­артық белең алып барады. Ал өзі­міз­­дің ұлттық құндылықтарға толы спек­такль­дер­ді жаңа формада қою ізденісі шабандау. Неге біз Шекспирді, Чеховты, Остров­­скийді жаңа формада қоя береміз? Неге біз Әуезовті жаңа формада, жаңа шешім­мен көркейте алмаймыз? Ұлттық құнды­лығымызды жоғалтпай, керісінше терең­детіп, әлемдік театр­лар аренасына өзіміз­дің ұлттық бояу-бедерімізбен неге шық­паймыз? Неге біз үш қайнаса сорпасы қосыл­майтын, жат жұрттың топырағында жаралған тамыры, тегі бөтен өнерге қарап өңеш созып тұрамыз? Өзгені өнері қанша озық болса да, осы мәселені қаперде ұстаған дұрыс. Шетелден келген азаматтар немесе өсіп келе жатқан ұрпағымыз біздің ұлттық қасиетімізді, өнерімізді, сөз саптауымызды, тарихымызды білуі керек. Әрине, бізге Шекспир де, Чехов та керек, алайда қазақтың ұлы туындыларын да ұмытпауымыз қажет. Бәрібір біз басқа ұлт бола алмаймыз!

Оған қоса, театр санының алпыстан­ ас­қаны кей әкімге ұнамай отырған сияқ­ты,­ «театрларды қысқарту керек» деген­ әң­гі­месін естіп, шошынып қалдым. Тоқ­са­ныншы жылдардың топалаңынан қа­наты күйіп әрең шыққан театрды қыс­қарт­қан­нан кімнің бақшасы кеңігелі тұрғанын да­ түсінбедім.

– Өнер саласында режиссер ретін­­де жинаған тәжірибеңіз мол. Көрер­мен­ көңілінен шығатын көптеген қойы­лым­дарды сахналадыңыз. Кәсіби ма­ман ретінде жас режиссерлерден кім­дер­­ді ерекше атап өтесіз?

– Былтыр Атырауда өткен Рақымжан Отар­баевтың халықаралық театр фести­ва­ліне арнайы шақыртумен қонақ болдым.­ Сол фестивальде шәкіртім Мұқан Тома­нов­ Р.Отарбаевтың «Жалғыздық» деген шығар­­масының желі­сі­мен спектакль ұсын­ды. Қалай ұнаға­нын сөзбен айтып жет­кізе алмаймын. Қазіргі бағыттағы, бүгін­гі күндегі экспериментальді қойы­лымдардың барлық белгісі бар, үлкен театр тілімен қойылған спектакль көрдім. Тек театр ғана солай сөйлей алады. Тіпті мен өзімнің театрға деген көзқарасымнан өзгеріс сездім.

 Сонымен қатар бүгінгі таңда бүкіл Қазақстан бойынша сұраныста жүрген, жан-жаққа барып қойылымдарын қойып және сол спектакльдері биік дәрежеде бағаланып жатқан режиссер бар. Ол біздің театрымыздың көркемдік жетекшісі – Фархад Молдағали. Оның қойылымдары қай жерге барса да, жоғары бағасын алады. Фархадтың «Қарагөзінен» бас­тап­ кешегі «Құлагері», Б.Римова театры­нда қойған «Қорғансыздың күні», Қ.Қуанышбаев театрын­дағы «Алтайдан ауған ел» сынды спек­такльдері тың жаңалыққа толы. Көрер­мендер арасында үлкен рухани сұра­ныс тудырған «Жусан иісі», «Махаб­бат хаттары» секілді керемет қойы­лым­дардың режиссері Жұлдызбек Жұман­бай­ да ізденісте келе жатқан жас дарын. Жұл­дызбектің басқа театрларда қойылып жат­қан «Жамбылы», «Мұхиты» ұлттық тұр­ғы­дан қарағанда, жаныма ерекше жақын терең туындылар. Міне, осы үш жас режиссердің есімін айрықша атағым келеді.

– Кейде театр орта буыннан жоғары естияр, есті көрерменнің, ал кино жастардың сүйіп тамашалайтын өнері деп, шекара белгілейтіндер бар. Ал сіз айтып отырған театр мен сіз түсіп жүрген киноның жолы қай жерде түйісіп, қай тұстан айырылады?

– Театрдың тілі мүлдем бөлек. Театр формасында жасалған өнерді кинодан көрсете алмайсың. Ал кинодан көрсеткенді театрда дәлме-дәл қайталау мүмкін емес. Екі өнер тек бірін-бірі толықтырып тұрады. Маған екеуі де жақын, сиқыр секілді өзіне ынтық еткенін қоймай келеді. Драматургия мен режиссураның ең сәтті таңдалған туындыларын көрерменге таныстырып, жан дүниесінің жарқырап, миында «жанартау атқылатып», жүрегін ізгілікке баули­ түсетін кино мен театр­ өнеріне қатар қызмет етіп келе жатқаныма қуанамын. Кино адамды танымал етеді, ал театр актерді жетілдіреді, байытады.

– «Екі салада жүргеніме қуаныш­ты­­­­мын» дедіңіз. Сіз тек екі салада ғана­ еңбектенбей, шәкірт те тәрбиелеп жүр­сіз. Педагог болғанның да өз қиын­дық­та­ры бар шығар?

– Ұстаздық тәжі­ри­бемде өнерге адасып­ кел­ген балалар­ды­ да аз кездес­тірмедім. Олар­мен­ дұрыс жұ­мыс істеп, нағыз таланттарды таң­дап, тәр­бие­леп, қанаттандырып ұшырып жіберу қажыр­лы еңбекті талап етеді. Өйткені қабі­летін шыңдап, нағыз маман етіп оқыт­пасаң, келешекте талай жобаларға барғанында режиссердің соры болады. Адамға пайдалы қызмет қылғаннан артық ұлы істің болуы мүмкін емес. Осындай жарқын сәт үшін шығармашылықты ширата түсу керек. Өмірден түйгенім – осы.

– Әңгімеңізге рахмет, шығарма­шы­лы­ғы­ңызға сәттілік тілейміз!

 

Әңгімелескен

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ

 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024